Саясат • 29 Мамыр, 2025

Экономикалық ынтымақтастық нығаяды

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Президенті Анке Релингермен кездесу өткізді.

Экономикалық ынтымақтастық нығаяды

Онда сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты дамыту және энергетика, металлургия, геологиялық барлау, өнеркәсіп кооперациясы, көлік және логистика, цифрлық технологиялар және басқа да салалардағы өзара іс-қимыл­ды нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға назар аударылды.

Қазақстан Премьер-министрі мен Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының президенті өзара сауда көлемін арттыру жоспарларын талқылады. Қазақстан – Герма­нияның Орталық Азиядағы жетек­ші экономикалық серіктесі. Еліміздің үлесіне ГФР-дың Орталық Азия өңі­рімен жалпы саудасының 81%-ы тие­сілі. Былтыр Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 5,9%-ға өсіп, шамамен 4 млрд долларға жетті. Бұл ретте қазақстандық өнім экспорты 56,8%-ға өсіп, 1,2 млрд долларды құрады.

Кездесуде инвестициялық әріп­тестікке ерекше көңіл бөлінді. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына шамамен 7,2 млрд доллар көлемінде тікелей неміс инвестициялары салынған. Оның ішінде 90%-дан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі. Олар – өңдеу өнеркәсібі, химиялық өнім­дер, құрылыс материалдары өндірісі, көлік және АӨК. Бірлескен инвес­ти­ция­лық портфельде бүгінде жалпы сомасы 54,4 млрд доллардан асатын 65 жоба бар. Елімізде неміс капиталы­ның қатысуымен 1 100-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы сомасы 1,1 млрд доллардан асатын 32 жоба сәтті аяқталған.

Қазақстан мен Германия арасын­дағы экономикалық қарым-қатынас­та энергетика саласы маңызды рөл атқарады. Қазақстан ГФР-ға мұнай жеткізу бо­йынша үшінші орында тұр. Былтыр Германия 10,6 млн тонна Қазақстан мұнайын импорттаған. Келіссөздер барысында қазақстандық мұнайды ГФР-ға жеткізу көлемін арттыру перспективалары талқыланды.

Негізгі назар сутегі және «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, минералды ресурстарды бірлесіп игерудегі әріптестікке, АЭА аумақтарында озық өнеркәсіптік кластерлер құруға және терең технологиялық кооперациялар жасақтауға аударылды.

«Біздің міндетіміз – еліміздің берік өнеркәсіптік іргесін қалыптастыру және экономикалық жағынан өз-өзімізді қамтамасыз етуге қол жеткізу. Біз өңдеуші секторды терең өңделген клас­терлер құру арқылы жедел дамы­туға баса назар аударып отырмыз. Басым бағыттарға металдарды қайта өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, сондай-ақ авто­мо­бильдердің құрамдас бөліктері мен ты­ңайтқыштар жатады. Қазақстан герма­ниялық бизнес үшін тартымды болар­лық барлық факторларға ие. Бұл де­геніміз – әртараптандырылған энер­гия көздері, транзиттік және көлік­тік әлеует, маңызды табиғи ресурс­тар. Инвесторлар үшін бізде әртүрлі са­лықтай және кедендік жеңіл­діктер қарас­тырылған», деп атап өтті О.Бектенов.

Өз кезегінде Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Прези­денті Анке Релингер Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

«Біз сіздің еліңізге Орталық Азия­дағы біз үшін маңызды мемлекет ретін­де үлкен қызығушылықпен қарай­мыз. Саяси диалог пен мәдени-гуманитар­лық өзара іс-қимылдың оң ди­нами­ка­сын сақтағымыз келеді. Экономика саласындағы ынтымақ­тастықты кеңейту – біз үшін маңызды. Қазақстанды біз, ең алдымен, жақсы серіктес ретінде танимыз», деді Анке Релингер.

Сондай-ақ сауда-экономикалық әріптестікті арттырудың негізгі факторы ретінде көлік-логистикалық өзара байланысты дамытудың маңызы атап өтілді. Орта дәліз арқылы ЕО елдеріне, соның ішінде Германияға жүк көлемі былтыр 4,5 млн тоннадан асқан. Қазақстанның логистикалық әлеуетін кеңейту бүгінде бүкіл Еуропалық Одақтың мүдделеріне сәйкес келеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық перспективалық бағыт бойынша өзара тиімді ынтымақ­тастықты нығайту ниетін жеткізді.