
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов баяндады.
Оның айтуынша, енді бұдан былай азаматтарға арналған үкімет пен ұялы байланыс операторлары қаржылық мониторинг субъектісі болады. Яғни қаржылық мониторинг субъектілерінің клиенттерге (олардың өкілдеріне) және олардың бенефициарлық иелеріне тиісті тексеру рәсімдерін жүргізу кезінде қосымша құрал ретінде пайдалануы үшін клиенттік тәуекел деңгейін бағалаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілмек. Бұл агенттікке қаржылық қылмыстардың жолын жоспарлау кезеңінде-ақ кесуге мүмкіндік бермек.
– Ұялы байланыс операторлары мобильді теңгерімді толықтыру туралы, ал Азаматтарға арналған үкімет нотариустардағы мәмілелерге ұқсас жылжымайтын мүлік пен 50 млн теңгеден астам сомаға жасалатын мәмілелер туралы ақпарат береді. Бұл нормалар күдікті операцияларды тиімдірек анықтап, жолын кесуге ықпал етеді, – деді Ж.Елемесов.
Сонымен қатар заң жобасында «күдікті қызмет» түсінігі қамтылған. Ол трансферттердің жиілігімен, көлемімен және бағытымен анықталады. Мысалы, күн сайын бір есепшотқа бірдей сома аударылады. Мұндай мәмілелер тексеріледі және олар бойынша одан әрі жұмысты Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді.
Ал «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» заң жобасын таныстырған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова елімізде эндаумент-қорлар туралы жеке заң пайда болатынын мәлімдеді.
Мәжіліс бұл заңды және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Эндаумент-қордың активтері құрамына ақшалай қаражат, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік және зияткерлік меншік кіре алады. Оған мүлікті шектеусіз мерзімге немесе кем дегенде 10 жылға дейін беруге болады.
– Заң Қазақстанда эндаумент қорларды қалыптастырып, дамыту үшін құқықтық негіз құрады. Біріншіден, «меценаттық қызмет объектілері» деген ұғым алынып тасталды, оның орнына «эндаумент-қорлардың, нысаналы капиталдың қайырымдылық бағдарламаларында қалыптастырылатын қайырымдылық» деген ұғым енгізілді. Бұл инвестициялық кіріс есебінен қаржыландырылатын қайырымдылық көмекті жүзеге асыру мерзімдері мен тәртібін қамтитын шаралар жүйесі деп нақтыланды, – деді депутат.
Сондай-ақ елімізде жеке академияларға өз атауларына «ұлттық» сөзін тіркеуге тыйым салынады.
– «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» заңына мемлекеттің қатысуынсыз заңды тұлға түрінде құрылған академияларға өз атауларында «ұлттық» сөзін толық немесе қысқартылған түрде, кез келген тілде қолдануға тыйым салу жөнінде түзету енгізілді, – деді Ж.Сүлейменова.
Жергілікті полиция қызметі таратылады. Бұл туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантайұлы заң жобасын таныстырған баяндамасында айтып өтті. Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулерге сәйкес «жергілікті полиция қызметі» ұғымы алынып тасталады. Бұған 2016 жылы құрылған Жергілікті полиция қызметі өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдей алмағаны себеп болған. Ішкі істер министрлігі Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасын қайта ұйымдастырып, олардың базасында екі жаңа басқарма құрылады.
Бұдан бөлек, 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері біржолғы төлемдерден бөлек, қосымша ай сайынғы төлемдер алуға да құқылы болады. Бүгінде бұл санатқа 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта қаза тапқан, ай сайынғы ақшалай төлем алмаған 530 отбасы кіреді.
Осы заң жобасына енгізілген түзетулердің бірі – құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін жеке депозиттік шотқа аударуға тыйым салынады. Енді тұрғын үй төлемдерінің шектік сомасы 90 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй алаңының көлемімен есептеледі. Жалға алу төлемдері 8 жылға дейін ғана беріледі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан баяндама жасады.
Енгізілген түзетулерге сай, адвокаттарға қорғау актісін сотқа енгізу құқығы беріледі. Мәжіліс мұндай норманы екінші оқылымда қабылдаған Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заңға енгізді.
Түзетулер адвокаттарға сотқа қорғау актісін – айыптау қорытындысына қарама-қайшы құжат ұсыну құқығын береді. Сондай-ақ оларға қылмыстық қудалау органдарына хабарламастан сараптама объектілері туралы мәліметтермен танысу, сараптама тағайындау және қорытынды алу мүмкіндігі беріледі.
Сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлегені үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілетін болды. Депутаттар Қылмыстық кодексті «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1-баппен толықтыруды ұсынды. Енді мәжбүрлі неке үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға жасалса, адамдар тобының күш қолдануы немесе қызметтік бабын асыра пайдаланумен байланысты болса, онда бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін ұзарады.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кейінгі кездері қыз алып қашуды дәріптеу әрекеттері жиілеп бара жатқанын айтып, мәжбүрлеп некеге тұрғызу әрекеті мен интернет алаяқтық үшін жазаны күшейту нормаларына қатысты ой білдірді.
– Кейінгі кездері қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, дәріптеу әрекеттері жиілеп барады. Бұл – шын мәнінде, адамның құқығы мен еркіндігін өрескел кемсіту. Құқық қорғаушылар некеге мәжбүрлеу туралы істердің тек бірен-сараны ғана сотқа жететінін айтып отыр. Мысалы, кейінгі бес жылда 256 жағдайдың тек бесеуі сотқа берілген. Көп жағдайда бұл жайт заңнамадағы олқылықтардың салдарынан болып отырғаны белгілі. Ал енді көршілес елдер Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түрікменстанның Қылмыстық кодекстерінде некелесу мақсатымен қыздарды алып қашқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн. Осыған байланысты депутаттар ондай әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза көздейтін түзетулерге бастамашылық жасады, – деді Е.Қошанов.
Сонымен қатар дропперлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру туралы заңда дропперлік – «банк шотына, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралдарына рұқсатты заңсыз беру, аудару және алу, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру» (ҚК 232-1-бап) үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасын әзірлей алатынын жеткізді. Яғни заң арқылы астана мен республикалық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша стандарттар жетілдіріледі.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер Үкіметтен бастап тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға бағытталған депутаттық сауалдарын жолдады.