Digital • 29 Мамыр, 2025

Брендке айналған чемпионат

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада мектеп оқушылары арасында «Robotek Grand Tournament» атты халық­аралық роботтехника чемпионаты өтті. Оны әлемге танымал «Robotek» компаниясы ұйымдастырды.

Брендке айналған чемпионат

Айтулы жобаны елорда әкімдігі мен респуб­лика­лық ғылыми-прак­­тикалық «Дарын» орта­лы­ғы және «Астана дарыны» орталығымен бірлесіп, іске асырды. Осы орайда «Астана дарыны» орта­лығының директоры Жа­нар Бей­сенбаеваның айтуынша, бұл жоба бас шаһардың брен­діне айналып, әр елден келген жас ро­боттехниктердің өзара тәжі­ри­бе алмасатын алаң екенін атап өтті.

Бұл білім додасы мектеп оқу­шылары арасында роботтехни­ка саласын жетік меңгерген үздік­терді анықтауға бағытталған. 2022 жылы қалалық деңгейде бас­­талған турнир, қазір халық­ара­­­лық деңгейге көтерілді. Ал­ғаш рет чемпионатқа АҚШ, Бол­гария, Әзер­байжан, Молдова, Өз­бекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келген 25-тен аса ше­телдік ко­ман­да қатысқан еді. Бү­­гінде бі­регей байқаудың та­ны­­­мал­дылығы артып, аумағы кеңейген.

Осы орайда, WRO Әзербай­жан бойынша ұлттық ұйымдас­тырушысы Кенан Каримов алдымен жоба жетекшілеріне риза­шылығын білдірді.

«Біз Қазақ еліне келген күннен жылылықты сезіндік. Шын мә­нінде, роботтехника — механизмдер туралы ғылым ғана емес. Бұл — жастар мен балалар үшін өте жақсы платформа. Себебі роботтехникамен айналысқанда сен жаңа достар табасың, солармен бірге жаңа идеялар іздейсің. Меніңше, жастардың бастамалары мен идеялары өз елдеріміз бен болашақ ұрпақтың дамуына үлес қосады деп сенемін», деді ол.

Жалпы алғанда, турниге 9-17 жас аралығындағы 350-ге тарта мектеп оқушысы 7 санат бойынша бақ сынады. Әр бағыттың өз ерекшелігі мен ережесі бар. Соны бұлжытпай орындағандар топ жарып, жүлделі орындарды иеленді.

Сонымен, чемпионаттың бас жүлдесі, яғни Қазақстан-Британ техникалық университетінің Ақпараттық технологиялар және инженерия мектебі грантын ал­матылық оқушылар Ернұр Ере­­жеп пен Аслан Қабдуллов же­ңіп алды. Ал жарысқа Абай облысы Үржар ауданынан келген Дмитрий Полежаев Алматы энер­­гетика және байланыс уни­верситетінің болашақ студенті атанды. Ал «Үздік шетелдік команда» аталымы Өзбекстаннан келген жеткіншектерге бұйырды. Сондай-ақ турнирде ерекше көзге түскен оқушыларға да бағалы сый­­­лықтар мен дипломдар табыс етілді.

 

Фариза ІЗБАСАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті