
Дегенмен талапкерлердің дені мемлекеттік білім гранты арқылы оқуға түскісі келеді. Алайда грант саны шектеулі. Биыл Nazarbayev University-ге 2409 білім гранты бөлінген. Яғни 10 000 өтініш берушінің ішінен тек 2409 адам ғана грантпен оқуға мүмкіндік алады. Сондықтан осы жылы оқуға сұраныстың артуы мен мемлекеттік гранттардың шектеулі болуына байланысты университет ақылы бөлімге студент тартуды қолға алды.
NU президенті Вакар Ахмадтың айтуынша, оқу орнына Қазақстанда және шетелде қызығушылықтың артуына университеттің әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштерінің жақсарғаны себеп болған.
– Халықаралық зерттеу университеттерінің рейтингін анықтайтын «Times Higher Education» (THE) ұйымның мәліметіне сәйкес, Nazarbayev University әлемдегі ең үздік оқу орындарының алғашқы 24 пайызына кірді. Ал NU Жоғары білім беру мектебі Орталық Азиядан алғаш болып әлемнің ең үздік 200 оқу орнының қатарына енген. Осындай жоғары рейтингтің арқасында отандық университетке шетелдіктер тарапынан қызығушылық артты. Қазір 44 елдегі жүздеген талапкерден оқуға өтініш түсті. Оның ішінде Қытай, Ресей, АҚШ секілді мемлекеттерден бастап, Орталық Азия мен Еуропа елдері бар, – деді NU президенті.
Сондай-ақ университет инженерлік, жасанды интеллект, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар сияқты түрлі салаларды қамтыған заманауи академиялық бағдарламалардың кең жиынтығын ұсынады. Бұл жаһандық деңгейге ұмтылатын жастардың университетке қызығушылығын одан әрі арттырады.
Бүгінде бірегей оқу орны елімізде білікті, бәсекеге қабілетті кәсіби орта қалыптастырып отыр. Университетті тәмамдаған түлектердің 98 пайызы жұмыспен қамтылған. Олардың 92 пайызы елімізде қызмет істейді.
Айта кетейік, қазір NU-да ақылы негізде оқуға құжаттарды қабылдау әлі жүріп жатыр. Университетке дейінгі дайындық бағдарламасына (Foundation) және бакалавриатқа алдағы 12 маусымға дейін, ал магистратура мен докторантураға осы жылдың 25 маусымына дейін өтініш беруге болады.
Мира АБЛАЕВА