Заң мен Тәртіп • 29 Мамыр, 2025

Сананы жаңғыртпай, жемқорлық жойылмайды

250 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежеп, қоғамның әлеуметтік, экономикалық және рухани іргесін шайқалтатын қауіпті құбылыс. Сондықтан елімізде бұл мәселеге қарсы жүйелі түрде күрес жүргізіліп келеді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмей, оның алдын алуға, түп-тамырымен жоюға бағытталған.

Сананы жаңғыртпай, жемқорлық жойылмайды

Әсілінде, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес оның себептері мен туындауына ықпал ететін жағдайларды жою­дан басталуы қажет. Бұл – қоғамның парасаттылыққа негізделген мәдение­тін қалыптастыру және жемқорлық тәуекелдерін азайту арқылы ғана мүмкін болатын күрделі, бірақ маңызды үдеріс. Егер оған қолайлы орта сақталса, жем­қорларды ұстау ешқашан бітпейтін жұмысқа айналады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали өз сұхбаттарының бірінде: «Арамшөп тамырымен жұлынған және жер уақтылы әрі сапалы өңделген жерде өспейді», деп ­айтып еді. Бұл сөздер сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметтің ұстанымын айқын көрсетеді.

Жалпы, агенттік қызметінің басты мақ­саты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Ал бұл үдерістің өзі екі негізгі бағыт­тан тұрады. Алдымен, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыс мектеп табал­дырығынан басталады. Ондағы мақсаты­мыз – адалдық, әділеттілік және парасат­ты­лық қағидаттарымен өмір сүретін ұрпақ­ты тәрбиелеу. Балалар мен жастарды ағарту және тәрбиелеу жемқорлықтан ада қоғам­ның берік іргетасын қалайды. Екінші бағытымыз – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою.

Бұл бағыт мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға арналған. Біз жемқор­­лық жасауға итермелейтін жол­дар мен себептер­ді жойып, құқық бұзушы­лықтарға тосқауыл қоюға тырысамыз. Мұндай нәтижеге қол жет­кізу тиімді заңнамалық шаралар қабыл­дау, цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект пен талдау құралдарын пайдалану арқылы жүйедегі әлсіз тұстарды анықтау арқылы мүмкін болады.

Жалпы, агенттік жұмысы тәрбие, алдын алу шаралары мен жазалауды ұш­тастыратын кешенді тәсілге негіздел­ген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ­тек жазалауға немесе профилактикаға ­не­гіз­делген біржақты әдістер аса тиімді емес. Адамдардың тәрбиесі де сан алуан болып келетіндіктен бұл мәселеге жүйелі түрде қарау қажет-ақ.

Осы қағидаттардың негізінде Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет өз жұмы­сын құрып, әлемдік үздік тәжірибелерді еліміз­дің шынайы жағдайына бейімдейді. Мысалы, кейбір елдерде басымдық алдын алу шараларына берілсе, басқаларында – қатаң жазалау әдістеріне сүйенеді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, түрлі тәсілдердің үйлесімі ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл тек мемлекеттік деңгейдегі міндет емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Тек ортақ күш-жігеріміз арқылы ғана жемқорлықсыз орта қалыптастыра аламыз.

Әрине, қоғамда сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – ұзақ­мерзімді талап ететін міндет. Оған жан-жақты, кешенді көзқараспен қарап, ағарту жұмыстары, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, сондай-ақ әр адамның бұл күреске белсенді араласуы сынды қағидаттар ауадай қажет.

Соның бірі – сыбайлас жемқорлыққа қоғамда төзбеушілікті арттыру. Бұл мемлекет, азаматтық қоғам мен медиа өкіл­дерінің бірлескен күш-жігерін талап ететін кешенді үдеріс. Ең алдымен, сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін берік құқықтық және институционалдық негіз қалыптастыру маңызды.

Медиа тек жемқорлық фактілерін әшкере­леумен шектелмей, адал еңбектің және азаматтық жауапкершіліктің жағым­ды үлгілерін көрсетуге тиіс. Тек осындай бірлескен әрекеттер арқылы қоғам­да жемқорлыққа деген төзбеушілікті күшейтіп, антикоррупциялық мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға болады. Мәселен, көпшілікке таныс бір көріністі елестетейікші. Айталық, түрлі қонақтар үлкен дастарқан басында жиналды делік. Олардың арасында мемлекеттік қызметші де бар. Бірақ оның материалдық жағдайы өте жақсы. Оның өмір сүру деңгейі ресми табысына сәйкес келмейтінін отырғандардың бәрі біледі: зәулім коттедж, қымбат көлік пен байлықтың басқа да белгілері бар. Алайда ешкім бұған наразылық танытпайды, күмән да келтірмейді. Керісінше, оның мәртебесін мақтанышқа айналдырып, тіпті байлығы қызғаныш тудырады.

Ал осы кезде күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген дәрігерлер мен қоғам тыныштығын сақтайтын адал полицейлер тасада қалады. Олардың еңбегі мойындалмайды, жұмысы мақтаныш емес, қалыпты нәрсе ретінде қабылданады.

Мұндай жағдай өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында құрмет пен мәртебе адалдық пен қоғамға тигізген пайдаға емес, байлық пен билікке байланысты деген қате түсінікті қалыптастырады. Алайда бұл мәселеде үмітсіз, құр босқа қол қусырып қарап отыра беруге де болмайды. Жағдайды тәрбиелеу мен жаңа қоғамдық стандарттарды қалыптастыру арқылы өзгертуге болады.

Біріншісі – отбасының рөлі. Адамның басты моральдық бағдарлары ең алдымен отбасында қаланады. Ата-аналар балаларына жас кезінен бастап басты адамгершілік қасиеттер – адалдық, әділеттілік және заңға бағыну екенін түсіндіруі қажет.

Қоғамға шын ниетімен қызмет етіп жүрген, табысы аз болса да, елге пайдасын ти­гізетін адамдарға құрметпен қарау­ды балаға үйреткен жөн. Егер ересектер өз­дері қосарланған стандарттарды ұстан­баса, заңсыз жолмен келген байлыққа сүйсін­бесе, мәселелерін айналып өтудің жолдарын іздемесе, онда балада ненің дұрыс, ненің бұрыс екені туралы дұрыс түсінік қалыптасады.

Екіншісі – қоғамның рөлі. Тағы да атап өткім келеді: әлеуметтік бағдарларды қалыптастырып, қолдайтын қоғамның рөлі де кем емес. Өкінішке қарай, бүгінде қоғам­дық санамызда «адал еңбекпен көпке қол жеткізу мүмкін емес» деген жалған түсі­нік орнығып қалған. Бұл – әлеуметтік әділет­тіктің негізін шайқалтатын теріс ұғым.

Егер қоғам заң аясында әрекет ететін, адал еңбекпен күн көретін адамдарды қадір­леп, құрметтейтін болса, ал жем­қорлық арқылы байығандарды қолдауын доғаратын болса, онда балалар да соған қа­рап, дұрыс құндылықтарды бойына сіңіреді.

БАҚ, білім беру мекемелері мен қоғам­дық ұйымдар – барлығы да заңға және өз жұмысын адал атқаратын адамдарға деген құрметті қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысуға тиіс. Мысалы, мектептерде қазіргі заманның қаһармандары – дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер мен ғалымдар туралы баяндайтын арнайы бағдарламалар енгізуге болады.

Әрине, бұл бағытта мемлекеттің рөлі ерекше. Мемлекет сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы мінез-құлықты қалып­тастыруда үлкен жауапкершілік арқа­лайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін бірнеше рет атап өткен. Бұл дегеніміз – жүйе ашық әрі әділ болуы керек, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстары сөзсіз жазалануға тиіс. Тек осындай жағдайда азаматтар заңға сеніп, оны құрметтеуге бейім болады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы осы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, қоғамдағы әділет ұғы­мын қайта жандандыру қажеттілігіне назар ­аударды. Адал еңбектің беделін көтере отырып, біз адамның қоғамға шынайы қос­қан үлесі негізінде құрмет пен мойындау­ға лайық болатын тұрақты құндылық­тар жүйесін қалыптастырамыз. Егер біз осы құндылықтарды қабылдап, заңмен өмір сүріп, тәртіпке құрметпен қарайтын бол­­сақ, сыбайлас жемқорлық мәселесі өзектілі­гін жоғалтады. Сонда жемқор­лық үйрен­шік­ті құбылыс емес, оқшау әрі айыптала­тын әрекет ретінде қабылданбақ.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа үнсіз келісу мәдениеті де қауіпті құбылыс ретінде қоғамды іштен ірітіп-шірітіп жібереді. Дегенмен бұл сорақылықты өзгерту үшін ондай өзгерісті әр адам алдымен өзінен, яғни балаларды тәрбиелеуден, отбасындағы жаңа бағыт-бағдар қалыптастырудан және заң мен әділет қоғам өмірінің негізіне айналатын жағдай жасаудан бастау қажет. Әрбір адам мынаған көз жеткізуге тиіс: тек заңды сақтау мен тәртіпке құрмет көрсету ғана бізді мықты әрі тұрақты қоғамға айналдырады. Сонда келер ұрпақ байлыққа емес, өз еңбегімен және адалдығымен әлемді жақсартуға үлес қосқан адамдарға құрметпен қарайды.

Қалай десек те, бүгінгі таңда қо­ғамда алаңдатарлық үрдіс байқалады. Көпшілік «ұсақ» парақорлық туралы хабарламаларға бейжай қарайды, оны күнделікті құбылыс немесе тіпті ақтауға болатын нәрсе деп қабылдайды. Қоғамның шынайы реакциясы тек көп миллиондық жемқорлық фактілері жария болған кезде көрінеді – мұндай жағдайлар наразылық пен айыптауға ұшырайды. Бұл құбылыстың әлеуметтік тамыры тереңде жатыр және ол қоғам­дағы сыбайлас жемқорлыққа деген төзім­діліктің күнделікті деңгейін көрсетеді.

Мұндағы маңызды нәрсе – мәселенің ауқымын пара мөлшерімен өлшеуге бол­майды. Сыбайлас жемқорлықтың ең бол­машы көріністері де қоғамдық құнды­лық­тарды бұзады, сенімсіздік ортасын қа­л­ып­тастырады және әділеттілікті аяққа тап­­тайды. Егер қоғам «ұсақ» заң бұзушы­лық­тарға көз жұма қарауға дайын болса, бұл «ірі» жемқорлыққа қолайлы орта қалыптастырады.

Бұл құбылысты қоғамдық сананы өзгертудің арқасында ғана жеңуге болады: қоғамға кез келген, тіпті ең ұсақ параның да салдары бар екенін, оның әрбір азаматтың өмір сапасына әсер ететінін көрсету қажет.

Сыбайлас жемқорлық – бұл тек жүйелік мәселе емес, сонымен қатар қоғамда ор­нық­­қан кейбір әдеттер мен мәдени норма­лар­дың нәтижесі. Айталық өзім білім алған Ұлы­­­британия еліндегі жағдайды мысал етсек. Ұлыбритания сынды дамыған елдерде сыбайлас жемқорлықтың болмауы тек тиімді заңдардың арқасында емес, ең алдымен, пара немесе айла-шарғы сияқты ұғымдардың қоғамда бөтен әрі жол беруге болмайтын нәрсе ретінде қабылдануының нәтижесі. Бұл – ондаған жыл бойы қалыптасқан тәрбие жемісі: бала кезден бастап заңға, адалдыққа және тәртіпке құрмет сіңіріледі.

«Transparency International» ұйымын­дағы жұмысым барысында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер кезінде мен қызықты жайтты байқадым: балалар мен жастардың ойлау жүйесі бізде де біртіндеп өзгеріп келеді. Мысалы, бұрын балалар билік пен байлықты армандаса, бүгінде олардың мақ­саттары өзін-өзі дамыту, бақытқа жету және қоғамға пайдалы болумен байланысты. Олар өздеріне ұнайтын іспен айналысқысы келеді, ал мансапқа ұмтылу, ықпал немесе ақша үшін емес, ішкі қанағат пен мәнділік үшін болып отыр.

Әрине, мұны жаңа ұрпақты тәрбие­леу ісі өз нәтижесін бере бастағаны­ның айғағы деу­ге болады. Себебі сыбай­лас жем­қорлықпен тек жазалау арқылы кү­ре­су жеткіліксіз. Ең бастысы – алдын алу, тәр­бие­леу және қоғамда адалдық пен парасат­тылықты өмірлік ұстаным етіп орнықтыру. Десе де заңнама­лық бас­тамалар мен жаңа буынды тәрбие­леу ісі бірге ұштасқанда ғана біз сыбай­лас жемқорлықтан азат ел құрудың берік ірге­тасын қалай аламыз.

Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар заң жобаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл бастамалар шын мәнінде үлкен серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Олардың ішінде ең маңыздысының бірі – пара беру туралы келісімдерге қатысты жауапкершілікті қарастыратын заң жобасы. Қазіргі қолданыстағы заңнамада жауапкершілік тек пара нақты беріліп, зиян келтірілгеннен кейін ғана қарастырылады. Оған дейінгі кез келген әңгіме мен келісім – жазадан тыс қалып жатады. Ал жаңа заң жобасында пара беру немесе алу туралы келіссөз жүргізудің өзі қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет ретінде қарастырылады.

Көптеген дамыған мемлекетте мұн­дай мәдениет қатаң заң, жүйенің ашық­тығы және тәрбиенің үйлесімі арқылы қалыптасқан. Біз де осы тәжірибені негізге ала отырып, жемқорлыққа орын табылмайтын орта құруымызға болады.

Қысқасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ілгерілету осы сала тө­ңірегіндегі ең маңызды бастамалар­дың бірі саналады. Солардың бірі – үнсіз қалмау. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес­тегі маңызды құралдардың бірі 1424 байланыс орталығы болды. Кейін­­гі бір жыл ішінде орталыққа ке­ліп түс­­кен қоңырау саны 5 мыңнан ­26 мыңға де­йін өсті. Бұл азаматтық бел­сен­ділік­тің ­артып келе жатқанын, сон­дай-ақ қоғам­ның жемқорлыққа деген төзбеушілігі­нің күшейгенін көрсетеді. Ал өткен жылы агенттіктің Call-орталы­­ғы­­на 26 мың­нан астам өтініш келіп түскен ­екен. Және де тағы бір маңызды бағыт – ­сы­байлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер­­дің жұмысы.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 2 500 волонтер белсенді жұмыс істеп жүр. Олар жол құрылысы, аумақтарды абаттандыру және мемлекеттік сатып алулар барысында құқықбұзушылықтарды анықтап, заң бұзуға жол бермеуді қадағалап жүр. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 55,1 млрд теңгеге негізсіз баға көтерудің жолы кесіліпті. Оның 26 млрд теңгесі немесе 47%-ы бюджетке қайтарылған.

Ал өтініштердің көбеюі мен волонтер­лердің белсенділігі – қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.

 

Данияр БИГАЙДАРОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі-ресми өкілі