
Саланатты іс-шараға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық, облыстық штаб басшылары, әр ауданның Жастар орталығы басшылары мен еріктілер қатысты.
– «Жасыл ел» жасақтарының республикалық деңгейдегі ашылу салтанаты 22-23 мамыр күндері Ақтөбе қаласында өтті. Облыстық маусымның ашылуын Күршім ауданында өткізіп жатырмыз. Биыл республика бойынша 30 мыңға жуық жас маусымдық жұмыспен қамтылады. Жұмыс нәтижесін беріп, қатысушылар саны жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады, – деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штаб басшысы Нұрасыл Бекматов.
Биыл ұйымның жасақталғанына 20 жыл болды. Осыған орай ел көлемінде түрлі шаралар, экологиялық науқандар, челлендждер жоспарланған. Жеңімпаздар республикалық деңгейде өтетін жабылу салтанатында марапатталмақ.
Осы жиырма жылда облыстық «Жасыл ел» штабы елеулі еңбек атқарып, 14-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен студенттерді жазғы маусымда еңбекпен қамтып келеді.
– Биыл Шығыс Қазақстан бойынша мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады. Олар өздері тұратын жердің көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына белсене араласып, 120 мың теңге жалақы алады. Сондай-ақ түрлі акция ұйымдастырылып, маусым соңында 10 аталым бойынша үздіктер марапатталады. Қазір әр қала мен аудан бойынша 13 жұмыс берушімен келісім жасалды, жастарды жұмысқа орналастыруға дайын, – деді «Жасыл ел» облыстық филиалының директоры Мақсат Кәрібаев.
Іс-шара соңында жиынға қатысушылар орталық саябақта көшет егіп, үлкен көпірдің маңында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шығыс Қазақстан облысы