
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу кезінде оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады. Полиция қызметкерлері қақтығысқа қатысушыларды анықтау, ұстау үшін кешенді шаралар қолдануға кірісті. Қылмыстық істі тергеу департамент басшылығының бақылауына алынды», деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Сағыз ауылынан үш ер адам түрлі дене жарақатын алған.
«Санавиация қызметімен бір адам жедел түрде облыстық ауруханаға, екеуі аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір медицина қызметкерлері жедел әрекет етіп, жарақат алғандарға тиісті алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жарақат алғандарға шокқа қарсы және қан тоқтатушы терапиялар, ауырсынуды басу үшін ем-дом жүргізілді. Науқастарға оттегімен емдеу және инфузиялық терапия тағайындалды», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.