
«Мен Алматыда туып-өстім. Қазір 24 жастамын. 19 жасымнан бастап математика пәнінен сабақ беріп келемін. Отбасым қарапайым: анам – логопед, әкем – инженер. Анам менің педагогикалық қабілетімді алғашқылардың бірі болып байқаған. Басында бағаларым жоғары болған жоқ, көбіне үш алатынмын. Бірақ 8-сыныптан кейін физика-математика мектебіне ауысып, жақсы мұғалімнің арқасында пәнге қызығушылығым оянды», дейді ол.
Жас ұстаз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да радиотехника және телекоммуникациялар мамандығы бойынша білім алғанымен, кейін бұл саланың өзіне жат екенін түсінген. Осы кезден бастап репетитор болып, ақырында ұстаздыққа бет бұрған. «Пандемия кезінде онлайн форматқа алғаш көшкендердің бірімін. Осы сәт мен үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Оқушылар көптеп келе бастады. Сарафандық жарнама арқылы клиент көбейіп, өз аудиториям қалыптасты. Кейін Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратура бітіріп, өзім оқыған №134 лицейге ұстаз болып орналастым», дейді педагог.
Ол бүгінгі білім берудегі басты мәселе – пәннің шынайы өмірмен байланысын түсіндіре алмау екенін айтады. Сондықтан өзінің авторлық әдістемесінде ең алдымен формуланың өмірдегі маңызын көрсетіп алуға тырысады. «Мысалы, ағаштың биіктігін қалай есептейміз? Балалармен бірге тауға шығамыз, Медеудегі көліктер санын санап, экологиялық әсерін салыстырамыз. Оқушылар өздері қоғамдық көлікке көшудің жолдарын ұсынады. Талдау, есеп, қорытынды – бәрі математика арқылы жасалады. Балалар ойланып, ортаға пікір айтады. Мен үшін ең маңыздысы – олардың санасына ой салу», математика пәні мұғалімі.
Е. Солоницын – заманауи мұғалім. Ол «TikTok», «Instagram» желілерінде 350 мыңнан астам оқырманы бар блогер. Бұл платформа оған білім беру жүйесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берген. «Блог жүргізу арқылы қандай тапсырма беруге болады, не қызықты, не қиын – бәрін саралаймын. Жеке курстар ашып, 6-сынып оқушыларымен жұмыс істей бастадым. Жаңа жылдан бастап 7–8-сыныптарға да топ ашқым келеді», дейді ол.
Жас мұғалімнің тағы бір ұстанымы – бала ұстаздан қорықпауы керек. Сабақ қызықты болуы үшін өзі де жігерлі әрі сергек болуға тырысады. «Мені кейде мектеп күзетшілері «оқушы» деп шатастырып, тоқтатады. Ал сыныпта басында тәртіп орнату қиын болды. Қазір балалармен жақсы байланыс орнады. Олар мені ағасындай көреді. Меніңше, бала үшін оқу – ауыр жүк емес, қызықты сапар болуы керек. Қатал мұғалімдер көп оқушының пәнге деген ынтасын жоғалтады», дейід ол.
Солоницын елімізде STEM тұжырымдамасының кең таралуын қолдайды. Ол пәнаралық байланысты күшейту керектігін айтады. Себебі математика – тек формула емес, өмірге қажет түсінік. «Жекеменшік мектептерде математика биологиямен, экологиямен байланыстырылады. Ал қарапайым мектептерде бұл тәжірибе жоқ. Қаржы да, қолдау да аз. Көп мұғалімдер баяғы тәсілмен сабақ береді. Ал қазір заман өзгерді. Баланың назарын ұстай алмайтын ұстаз – жаңа білім беру жүйесінде көпке бара алмайды», дейді Евгений.
Оның ұстаздық миссиясы – баланың логикасын оятып, санасына дән егу. Ол болашақта сол дән тамыр жайып, үлкен өзгерістерге ұласады деп сенеді. Еліміздегі ең креативті ұстаз – осылайша оқушы жүрегінен орын тауып отыр.