Жастар • 28 Мамыр, 2025

Мейірім мен міндетті тоғыстырған ерлі-зайыпты ветеринар мамандар

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ертеде мал қонысының қамымен жайлау, күзеу, көктеуге көшіп, қыстауға қонған жұрттың ұрпағы үшін мал амандығы - әманда маңызды мәселе. Бүгінде тұрмысты түзеп, тіршілікті жалғайтын төрт түлік шаруашылығы – экономиканың да драйверіне айналған. Жай­ылымды малға, төскейді төлге толтыратын тармақты сала – ветеринария болса, оның тұралауы, саладағы маман тапшылығы өз деңгейінде мемлекет дамуын да тежейді, деп жазады Egemen.kz.

Мейірім мен міндетті тоғыстырған ерлі-зайыпты ветеринар мамандар

Фото: tirshilik-tynysy.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің  дерегінше, қазіргі уақытта ветеринария саласында 11 976 маман тер төгіп жүр. Елімізге әлі де 534 ветеринар қажет.  Асылында республикамыздағы онға тарта жоғарғы оқу орны жыл сайын ветеринар-дәрігер даярлап, еңбек нарығына жолдама бергенмен, салада қызметін жалғайтындар саны аз. Осы және өзгеде себептермен кейінгі статистика елімізде мал басы азайғанын айқын көрсетті.  Мәселен, 2024 жыл­ 1 маусымдағы есеп бойынша ірі қара мал саны 9 млн 939 мың, ал бұл көрсеткіш 2023 жылы 10 млн 174 мың бас болған. Қой мен ешкі де 2000 жылдан 2023-ке дейін 7 млн-ға өссе, былтыр 1 млн-ға азайған. 2023 жылы 4 млн 846 мың жылқы тіркелсе, 2024 жылы  4 млн 830 мыңы  қалған.

Кейінгі жылдары қоғамда ветеринария саласына деген қызығушылық күрт төмендегенімен, «медицина адамдарды, ветеринария адамзатты емдейтінін» жете түсінетін жастар да жоқ емес. Мамандығының мәнін терең пайымдап, ғұмырын ветеринариямен байланыстырғандардың бірі, ерлі-зайыпты Батырхан Болатұлы мен Талшын Аманғалиқызы. Олар өздері білім алған Алматы қаласындағы қазақ ұлттық Аграрлық университетінің қабырғасында танысып, отау құрған. Ветеринарлар отбасы мамандығынан әсте қол үзбеген. Батырхан Болатұлы 2016-2019 жылдары «Табыс» жеке  қожалығында бас мал дәрігері болып жұмыс атқарса, 2019 жылдан қазірге дейін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңашар ауылында жергілікті мал дәрігері қызметін атқарып жүр. Ал отанасы Талшын 2018 жылдан бері Алматы қаласындағы республикалық ветеринарлық лабораторияның серология бөлімінде ветеринар - дәрігер.

«Мамандығымыздың қоғамдағы маңызы зор. Халықты түрлі тағам өнімдері, соның ішінде құнары мол, табиғи ет, сүт, май, жұмыртқамен қамту мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Бұдан бөлек дәрі-дәрмек, киім өнеркәсібінде де шаруашылықтың орны орасан. Сондықтан мал-құс басын аман сақтап, жұқпалы аурулардың алдын алу, дер кезінде емдеу кезек күттірмейтін жағдай. Жұмыс барысында адамзат өміріне елеулі осы тұстарды қаперге алып, әр жағдайды жіті бақылаймыз» деген Батырхан Болатұлы жан-жануардың жанын түсініп,  дер кезінде күтім-емін жасау халыққа қамқорлық екенін тілге тиек етті.

аа

«Басқа басым мамандықтар сынды жұмыс уақытымыз  9:00-ден 18:00-ге дейін бекітілген. Десе де ауру айтып келмейтіні анық. Мал төлдесе, ауырып қалса, оқыс жағдай болса уақытпен санаспай қызмет көрсетеміз. Іс барысында жұқпалы аурумен күресіп жатқан төрт түлікті де жиі кездестіреміз. Осындай қауіп-қатеріне қарамастан  ауырған малды айықтыруға күш саламыз. Малдың адамнан айырмашылығы қай жері ауырғанын айтпайтынында екені баршаға мәлім. Сондықтан оның сырқаты кешенді тексеруден кейін анықталады», дейді ол.

Кейіпкеріміз осындай күрделі жағдайда жұбайы Талшынмен тілдесіп, ауруды анықтау үшін ақыл қосып отырады. Сондай-ақ, ол жануарлардан адамға жұғатын аурулардың алдын алу бағытында малдардың аса қауіпті ауруларына қарсы профилактикалық егулер және диагностикалық зерттеулер кезеңін қаперге салып жүреді.

«Мамандық машақатын қатар түсінетіндіктен тұрмыста жұмыс уақытына қатысты дау тумайды. Керісінше білгенімізбен бөлісіп, сала жаңалықтарын талқылау отбасылық ұнамды ісіміз. Кей тұста біріміз білмегенді біріміз толықтырып, сөзсіз түсінісіп, үйлесімді өмір кешіп келеміз», деп толықтырды Талшын Аманғалиқызы.

рр

Батыр Болатұлы кейінгі 3-4 жылда малды қолдан ұрықтандырып, жергілікті сиырлардан асыл тұқымды төл алуға ден қойған. Ол мал тұқымын асылдандыру арқылы ауыл шаруашылығының алға жылжуына үлес қосып жүр.

«Жергілікті тұрғындар етті, сүтті сиырлардың қатарын қалыңдатуға көңіл бөліп жатыр. Осы сұраныс талабынан шығуға ұмтыламыз. Көп жағдайда еңбегіміз жанып, күткеніміз орындалып, тұрғындардың ризашылығына бөленеміз. Әр саланың күрмеулі тұсы болатыны іспетті сынаманы шұғыл тексеретін зертханалар, аппараттар мен құрал саймандардың  тапшылығы қол байлау болатын тұстар да бар», деді Батырхан Болатұлы.

Кейіпкеріміз күнделікті жұмыс барысын әлеуметтік желідегі парақшасында көрсетіп, ветеринария саласын нанымды насихаттап жүр. Қаралым мен жазба астындағы ол қолданатын дәрі-дәрмек, емдеу тәсілдерін білуге ұмтылушылар да жетерлік. Бұл қазақ тұрмысында мал басын сақтауға сұраныс әрдайым өзекті болатынын аңғартады. Ал ветеринария саласының қиындығын еңсеріп жүрген жастардың еңбегін ескеру – есті қадам.