
Авторы: Маттео Мелони,
SpecialEurasia ақпараттық сайтының бас редакторы
Кейінгі онжылдықта Италия аймақтың энергия жеткізушісі, италиялық экспорт нарығы және Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерімен қарым-қатынасын тұрақты түрде арттырды.
Кәрі құрлықтағы бұл мемлекет Қазақстанның негізгі еуропалық сауда серіктесі болды, 2024 жылы жалпы сауда көлемі бойынша Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды иеленді. Екі ел арасындағы сауда тұрақты, бұл негізінен Италияның қазақстандық мұнай мен газ импортына тәуелділігіне байланысты. Италиялық, әсіресе энергетика саласындағы компаниялар елдің стратегиялық позициясын және мол табиғи ресурстарды пайдалана отырып, Орталық Азиядағы мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді. Мәселен, 2022 жылы Италия Өзбекстанмен инфрақұрылымды дамыту, технологиялар трансферті және мәдени алмасулардағы өзара мүдделерді атап көрсете отырып, жаңа сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды. Сол сияқты Италия Қырғызстанның, әсіресе тоқыма өнеркәсібінің инвестициялық мүмкіндіктерін зерттеп, аймақтық нарыққа, соның ішінде Қазақстан мен Ресейге шыға алатын бірлескен кәсіпорын құруды мақсат етіп отыр.
Біз жалпы Еуропа Одағының аймақтағы белсенділігін арттыруда Италияның Орталық Азиядағы өсіп келе жатқан қарым-қатынасының геосаяси маңыздылығын түсінуіміз керек. Осы жылдың сәуірінде Самарқандта Еуропалық кеңес төрағасы Антонио Коста және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенмен бірге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларының басын қосқан тұңғыш ЕО-Орталық Азия саммиті өтті. Бұл саммит ЕО-ның Орталық Азия елдерімен саяси және экономикалық серіктестіктерін нығайтуға ұмтылысын көрсететін тарихи сәт болды. Орталық Азияның табиғи ресурстарының мол қорын ескере отырып, Брюссель ресейлік энергетикаға тәуелділігін азайту үшін баламалы энергиямен қамтамасыз ету жолдарын дамытуға ынталы. Қазақстан – бұл тұрғыда маңызды серіктес. Өйткені ол әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі және эфирлік мұнай мен газ жеткізетін басты мемлекет. ЕО сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға және цифрлық трансформацияға баса назар аудара отырып, аймақпен сауда байланыстарын арттыруға ұмтылады. Бұған қоса аймақтық қауіпсіздікке, әсіресе Ауғанстандағы Талибанның қайта жандануына байланысты Брюссель терроризмге қарсы және шекара қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастық арқылы тұрақтылықты нығайтуды көздейді.
Негізі Орталық Азия Ресейді айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы Еуропаны Қытаймен байланыстыратын маңызды сауда жолы – Орта дәлізде шешуші рөл атқарады. ЕО-ның бұл бастамаға қатысуы оның аймақтағы экономикалық ықпалын күшейте алады. Орталық Азия ондаған жылдар бойы Ресей, Қытай және АҚШ арасындағы текетірестің куәсі болды. Кейінгі жылдары көпполярлы дәуірде Орталық Азияның геосаяси шахмат тақтасында Түркия, Парсы шығанағындағы араб монархиялары, Үндістан және Иран сияқты аймақтық ойыншылар пайда болды. Осы тұрғыда ЕО-ның аймақтағы рөлі ОА елдеріне дәстүрлі серіктестікке балама ұсына отырып, геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруін көрсетеді.
Президент Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары және жуырда жасалған екіжақты келісімдер мысалында келтірілген Италияның Қазақстанмен дамып келе жатқан серіктестігі Еуропаның Орталық Азиядағы белсенділігін арттырудың кең үрдісін көрсетеді. Бұл ЕО-ның басты стратегиялық мақсаттарына, әсіресе энергетикалық ресурстарды қамтамасыз ету, сауда қатынастарын арттыру және аймақтық тұрақтылықты ілгерілетуге сәйкес келеді.
Дайындаған –
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»