Қоғам • 28 Мамыр, 2025

Makeathon «TOM:Kazakhstan»: Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инновация

120 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Makeathon «TOM:Kazakhstan» – студенттердің инновация­лық жобаларын қолдауға бағытталған 72 сағаттық марафон. Марафон Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен «Әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығы» ЗТБ, Satbayev University және «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» РҚБ, «Dos Ortopedia» компаниясының ұйымдас­тыруымен биыл үшінші рет өтті.

Makeathon «TOM:Kazakhstan»: Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инновация

ERG компаниялар тобы еліміз өңірлерінде өмірді жақсартуға бағытталған жобаларды белсенді түрде іске асырып, 2017 жылдан бастап жылына екі рет Makeathon «TOM:Kazakhstan» жобасын өткі­зіп келеді. Мейкатон қатысушы­­ла­ры осы уақытқа дейін қолға арнал­ған протездер, зағип жандарға ар­налған икемді таяқтар, аутизммен ауыратын балаларға асық­тар мен инсульттан кейін оңалтуға арналған жұмсақ экзоскелеттер әзір­­леді. Бұл өнертабыстар ерек­ше қа­жеттілігі бар адамдардың өмі­рін жеңілдете түседі.

Мүгедектігі бар адамдарға ар­­­налған инновациялық ше­шім­дер жасауға арналған біре­гей әлеуметтік жоба – Makeathon «TOM:Kazakhstan» 17-мей­катонның бірінші кезеңі Satbayev University алаңында сәуір айында басталған болатын. Әлеуметтік жоба аясында өнертапқыштар, инженерлер, сала мамандары мүмкіндігі шек­­теулі жандардың өмірін өз­гер­те алатын технологияларды әзір­­леу үшін бір алаңда кездесті. Мейкатонның «PreTOM» кезе­ңін­де өнертапқыштар дайындық­тан өтіп, ерекше қажеттіліктері бар балалармен кездесіп, олардың ден­саулық жағдайымен танысты. Өл­шемдер алып, инновациялық прототиптерді әзірлеуге кірісті.

Мейкатонға Алматы және Шымкент қалаларынан 7 команда қатысты. Командалар қол­же­тімді материалдармен сал ауруы­на шалдыққан балаларға арнал­­ған реабилитациялық құрал­дар­ды жа­сап шығарды. Өнер­тап­қыш­тар вертикализаторды модер­низациялау, тірек-қимыл аппаратын күшейтуге арналған геймикация элементі бар велотренажер, ақылды, интерактивті арба, реабилитациялық орталыққа арналған коляска түріндегі бейінді орындықты 72 сағатта әзірлеп, қазылар алқасының назарына ұсынды.

р

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Инклюзивті білім беру, қолдау және сүйемелдеу орталығының басшысы Диляра Урманованың айтуынша, Almaty Makeathon алаңында талантты жастар жыл­дан-жылға көбейіп келеді. Бұл алаң жаңа ізденістерге, қоғамда туын­дап отырған көкейкесті мәселеге бейжай қарамауға үндейді.

Makeathon «TOM:Kazakhstan» ұйымдастырушысы «Әлеуметтік даму қауымдастығы» ЗТБ вице-президенті Сания Арапова атап өткендей, жас өнертапқыштар­дың жобалары ерекше балалар­дың қимыл-қозғалысын жеңілдету­ге арналған. Ата-аналар үшін қолжетімді құрылғыларды уни­верситеттердің зертханаларын­да құрастыру нәтижесі еліміздегі ин­женерлік білімнің болашағын айқындайды.

– Жас инженерлердің еркін идеялары мен бастамалары, инно­вациялық өнімдері ата-аналар мен ерекше балалардың қажетіне жа­рап жатқанын қуанышпен хабар­лаймыз. Бүгінде ерекше бала­лардың қимыл-қозғалы­сына қа­жет­ті құрылғылардың на­рықтағы ба­ғасы өте жоғары. Арнайы квотамен берілетін құрылғылар бала­ның дене бітімі, қозғалысына әр кез­де сәйкес келе бермейді. Мейка­тон алаңында өнертапқыштар ата-аналарымен сала мамандары­мен кездесті. Қандай қимыл аппараттары қажет екенін білгеннен кейін балалардың ыңғайына, дене бітімі­не келетін инновациялық өнім­дер­­ді санаулы сағаттардың ішінде жа­сап шығарды. Бұл жас инженер­лер­дің алған білімін тәжірибе­де тиімді қолдана алатынды­ғын көрсе­теді. Автоматтандырыл­ған, қолдануға ыңғайлы, бала­ның қимыл-қозғалысын жеңілдетіп, ата-анаға түсетін салмақты азайтатын мұндай құрылғылар саты­лымда жоқ. Оның әрқайсысы әрбір баланың ерекшелігін ескере отырып жасалды, – дейді Сания Арапова.

Мейкатон алаңында 1-орынды иеленген Қазақ-Британ тех­ника­лық университетінің «Не­Искусственные интеллекты» командасы мүшелеріне 100 мың теңгеден үлестіріліп, арнайы дип­лом берілді. Команда капита­ны Әділет Саду церебральды сал ауруы диагнозы қойылған балалар­ға арналған ақылды оңалту креслосын таныстырды. «Орындық логопедтің сұранысы бойынша жасалды. Қолданыстағы ескі модельдегі орындық ыңғайсыз әрі балалардың қажеттіліктері­не бейімделмеген екен. Қозғалту нүктелері механикалық, үстелдің артқы бұрышын немесе биікті­гін қолмен қозғап отыру қажет», дейді ол. Команда мүшелері ар­­найы түймелермен немесе қашық­тан пультпен басқарылатын толы­ғымен автоматтандырылған реттеу жүйесі бар жаңа орындық құ­растырды. Инновациялық орын­дық оңалту үдерісін ыңғайлы етіп, орталықтағы мамандар­дың жұмысын жеңілдетеді. Бала­лар­­дың өзін сенімді және еркін се­зінуге ықпал ететін функционалды әрі қауіпсіз орындық жа­сап шығаруға команда мүшелері бас­ты мән берген.

«ДЦП диагнозы қойылған ба­ланың қозғалысы мен оңалуын жетілдіру» жобасы үшін «Uni­mates» командасы 2-орынды иеленді. Команда мүшелерінің әр­қайсысына 60 теңге сыйлық пен диплом үлестірілді. Команда капитаны Сардор Юлдашов­тың айтуынша, құрылғы сал ауруына шалдыққан балалардың қоз­ғалысына лайықталып жасал­ған. Жобаның бірінші бөлігін­де FS933L балдағы төрт деңгейлі троспен жетілдірілген. Тұрақты қол­­дана беруге ыңғайлы. Баланы ын­таландыруға бағытталған ойын элементтерін интеграция­лау, жат­тығуларды орындау функ­ция­лары да жоба барысында ескерілген. Дөңгелектер датчиктермен және арнайы планшетпен жабдық­тал­ды. Микроконтроллер арқылы баланың қозғалысы туралы дерек­терді біліп отыруға болады.

Мейкатонда 3-орынды иелен­ген «Верста» командасының мүше­леріне 40 мың теңге және диплом табыс етілді. Капитан Равиль Рагозин атап өткендей, жоба тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған 13 жастағы балаға бейімделген жаңартылған вертикализатор. Құрылғы тізе мен аяқтың нық тұруын қамтама­сыз етеді. Аяқты еркін қозғалтуға мүмкіндік береді. Жамбас пен бел омыртқа жұмысын жүйелейді. Вертикализатор баланың ерек­ше­ліктеріне бейімделген, жылдам оңалтуға, өмір сапасын жақсар­туға ықпал етеді.

4-орынды еншілеген А.Қуат­беков атындағы халықтар досты­ғы университетінің «CyberBricks» командасының капитаны Нұрбек Омар ДЦП диагнозы қойылған баланың оңалуына мүмкіндік беретін интерактивті арбаның ерекшелігін атап өтті. Онда барлық деректі, жасаған жаттығулар туралы мәліметтерді базаға енгізуге болады. Дәрігер осы деректерді интернет арқылы қадағалап отырады. Ары-бері алып жүруге жеңіл әрі ыңғайлы. Құрылғыны бала өздігінен қолдана алады.

«Ерекше балалардың ата-ана­лары одағының» басқарма төрағасы, ерекше баланың анасы Рауана Сағадиеваның айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған от­басыларға тұрақты қолдау керек.

«Бүгінде мемлекет тарапы­нан жұмыспен қамту, оқыту, оңалту орталықтары болғанымен, жыл сайын осы санаттағы балалар са­нының ұлғаюымен оның өзі жеткіліксіз болып отыр. Кезек саны жыл сайын артып барады. Ал санаулы ұйымдардың қолдауы жеткіліксіз. Қолдау орталықтар­дың жұмысын ерекше қажетілігі бар ата-аналарға оқытып, субсидиялау арқылы дамытуға болады. Қолдау орталықтарын ашу үшін ерекше баласы бар ата-аналар­ды оңалту маманы ретінде оқы­тып, қайта даярлау қажет. Егер де олар арнайы маманға оқытыла­тын болса, өз баласымен қатар өзге балаларға да көмегі тиген болар еді. Бұл мемлекетке түсетін салмақ­ты да едәуір жеңілдетеді. Бүгінде ата-аналар одақ тарапынан ашыл­ған 100-ден астам чат арқылы ақпарат алып отыр. Баласына күрделі ­диагноз қойылған кезде қолдау тап­пай жүр­ген отбасылар баршылық. Осы орайда оларға қолдау көрсете­­тін, кеңес беретін бірыңғай байла­­ныс орталығын ашу уақыт күттір­­мей­ді. Бұл біріншіден ақпарат­­тық, екіншіден психологиялық қол­­дау алуға мүмкіндік береді», дейді Рауана Бахтыбекқызы.

Makeathon «TOM:Kazakhstan» қандай да бір бизнес мақсатты көз­демейді. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сапасын жақ­сартуға арналған әрбір өнім тех­нологиялық жаңашылдығы­мен ерекшеленді. Болашақ инже­нерлер инновациялық өнім­дер­ді құрастыруда бала қозғалысын же­­ңілдетуге, жылдам оңалып кетуіне, күнделікті белсенді бо­луына ықпал ететін әдістерді тиімді қолданды.

 

АЛМАТЫ