
Көп ата-ана мектепке дайындықты балаға оқу құралдарын, киім-кешегін сатып алу деп ойлайды. Алайда бұл – дайындықтың тек бір бөлігі ғана. Психолог Айгүл Наурызбаеваның айтуынша, мектепке баратын бала ең алдымен жаңа ортада өзін жайлы сезініп, бейтаныс адамдармен тіл табыса алуға тиіс. Баланың жаңа ережелер мен тапсырмаларды түсініп, зейінін жинақтауы – жақсы білім алуының негізі. «Психологиялық тұрғыдан дайын емес бала жаңа ортада өзіне сенімсіздік танытады, мұғаліммен, сыныптастарымен байланыс орната алмайды, зейін қоюда қиындықтар болады. Мұндай бала алғашқы күннен күйзеліске түсіп, мектепке баруға құлқы болмай қалуы мүмкін», дейді маман.
Жаңа оқу жылы басталғанда кей балалар жылап, сабаққа барудан бас тартып жатады. Бұл жағдай баланың мінезіндегі ерекшеліктерден, бұрынғы жағымсыз тәжірибелерден немесе ата-анадан ажырауға деген қорқыныштан туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда баламен мектеп туралы жылы сөйлесу, оны сыныппен алдын ала таныстыру, жағымды эмоциялар тудыру – маңызды қадам. Психологтің айтуынша, «Сен мықтысың», «Сен жалғыз емессің», «Мұғалім саған көмектеседі» деген қарапайым сөздердің өзі балаға үлкен қолдау болады.
Бала тәрбиесі отбасының ішкі ахуалымен тікелей байланысты. Үйдегі эмоционалдық орта балаға әсер етпей қоймайды. «Бала – отбасындағы ахуалдың айнасы. Егер ата-ана уайымдап, мектеп туралы күмәнмен сөйлейтін болса, бала да қорқынышпен қарайды. Ата-ана арасындағы кикілжің, баламен дөрекі қарым-қатынас, баланы өзгемен салыстыру – оның өзіне деген сенімін әлсіретеді. Керісінше, ата-ананың қолдауы – баланың басты ресурсы. Ол мектепке «Мен жалғыз емеспін» деген сеніммен баруы керек», дейді Айгүл Наурызбаева.
Мектеп – білім мекемесі ғана емес, ұжымдық орта. Сондықтан баланы алдын ала басқа балалармен араласуға бейімдеу маңызды. Бұл ретте психолог ата-аналарға рөлдік ойындар ойнатуға, балалардың ортақ алаңда еркін қарым-қатынас орнатуына жағдай жасауға кеңес береді. «Мысалы, «мектеп ойыны» арқылы бала мұғалім, сыныптасы рөлінде ойнап көреді. Бұл оған мектеп өмірін түсінуге көмектеседі. Қақтығыс жағдайларында не істеу керектігін алдын ала айтып, түсіндіру де пайдалы. Мысалы, «Біреу заттарыңды тартып алса, не істейсің?» деген сұрақтар баланы әртүрлі жағдайға дайын етеді», дейді психолог маман.
Сондай-ақ А.Наурызбаева мектепке дейінгі жастағы баланың эмоциясын басқаруды да үйретудің маңыздылығына тоқталды. «Эмоцияны тану, атау, оны білдіру – бала психикасының саулығына тікелей әсер етеді. «Бала ашуланса немесе ренжісе, оған: «Сен ашулысың ба?», «Қазір ренжіп тұрсың ба?» деп нақтылап сұрау керек. Бұл – эмоцияны сөзбен білдірудің алғашқы қадамы. Кешке балаңызбен бірге күнін талдап, «Сені қуантқан үш нәрсе», «Сені ренжіткен үш жағдай» деген сұрақтар қою – оның ішкі күйіне назар аударудың жақсы тәсілі. Сондай-ақ балаға эмоцияны суретпен, ермексазбен жеткізуге, денені босаңсытатын тыныс алу жаттығуларын жасауға мүмкіндік беру керек. Ең маңыздысы – ата-ананың өзі де эмоциясын дұрыс жеткізіп, үлгі бола білуі шарт», дейді ол.
Мектепке дайындық тек материалдық қажеттілікті түгендеумен шектелмейді. Ең алдымен, баланың ішкі дайындығына мән беріп, оның білім ордасына сеніммен, қызығушылықпен баруына жағдай жасау қажет.