
Оның орны – бүгінгі Амангелді Иманов көшесі, 2 мекенжайы. Ол жерге бұдан 6 жыл бұрын ескерткіш-тақта орнатылды. №1 мешіттің Қоңырқұлжа есімін алмауының бір себебі – ағаштан салынған діни құлшылық орны төңкерістен кейін өртеніп, көпес Баймұхамед Қосшығұл әулетінің қаржысына қызыл кірпіштен жаңа ғимараты тұрғызылыпты. Халық мұны «тас мешіт» деп атапты. 30-жылдардан бастап дінге қарсы жүргізілген ашық саясат ең соңында оның іргетасына дейін жермен-жексен еткен.
Ақмоланың тұсында «жаңа мешіт», «жасыл мешіт» атанған діни ғимарат 1895 жылы түбі ташкенттік қожа, көпес Мірсәлім Міркамаловтың қаржысына тұрғызылыпты. Оның орнына кейін Целиноградта «обком үйі» деп аталған кеңестік шенеуніктерге арнап тұрғын үй соғылған (қазіргі Абай – Республика көшелерінің қиылысы). Әйтеуір әупірімдеп мешіттің қызыл кірпіштен қаланған қоршауы сақталып қалған.
Көрнекті дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани жазбаларында «Ақмоланың №3 мешіті» деген дерек кездеседі. Бұл өрттен кейінгі мешіт (Б.Қосшығұл соққан) емес екеніне төмендегі мағлұмат көзіңізді жеткізеді.
Елорда іргетасындағы тарихи мешіттердің имамдары, ұстаздары, азаншылары, басқа да қызметкерлері бүгінгі «Жастар» шағын ауданындағы «Бабалар қорымына» жерленген. Ресми атауы – «Қараөткел» мұсылман зираты. Мұнда сондай-ақ Ақмола қаласымен аралас-құралас аумақтар тұлғаларының да сүйегі қойылған. Соның бірі – С.Ғылмани мәліметінше, «Уфадағы Дін назарияты қазы-ғұламалар алдында сынақтан өтіп, мүфти-хазірет Ғалымжан әл-Баруди өз қолынан «имам хатип уа мүдәрріс» дәрежесін дәлелдегені туралы шаһадатнама (құжат) алған, аз уақыт Ақмола 3-мешітінде имам-хатиб, мүдәрріс болған, 25 жасында қажылық парызын өтеген, 27 жасында Ғабдолла хазіреттен хатым-фатиха алған, Қоржынкөл өңірінде медресе ашып, 9 жыл сабақ берген Ахмет Ғұсманұлы».
ХХ ғасыр басындағы мұсылмандық өлшеммен қарағанда, бұл – өте биік деңгей. Жұртшылық білімінің тереңдігін, өмірдегі тазалығын, бітім-болмысын ескеріп, осы имамды «Ақтамақ қалпе» атаған екен. С.Ғылманидың дерегінше, сүйегі төлеңгіт Ахмет Ғұсманұлының (1881–1918) Рахметолла, Хайролла есімді бауырлары сауда-саттықпен айналысып, бүгінгіше айтқанда, халыққа қамқор меценат та болыпты.
Ақтамақ қалпе атышулы 1917 жылғы төңкерістен кейін елді жайлаған оба ауруынан 37 жасында бақиға көшіпті. Дін қайраткері А.Ғұсманұлы үйленсе де, сірә, Алланың жазуымен перзентті болмаған. Бұл туралы да соңына төмендегідей тамаша тағылымды сөз қалдырған (С.Ғылмани естелігінен): «Халық мені «баласы жоқ қу бас» дейді ғой. Олар білмей айтады, менен баласы көп кісі бар ма? Бес жүздеп алдымнан балалар сабақ алды. Барлығы ұстазым деп дұға қылмай ма? Мені шәкірттерім ұмытады деп ойламаймын. Атасын ұмытқан талай балалар бар емес пе?» деп көзіне жас алып, фатихасын беріп, хош айтты...»
Дін тұлғасы қайтқаннан соң, әзіз сүйегі осы Қараөткел қорымына қойылған.
Ақмола өңірінде Сәдуақас Ғылманидан бастап 500-ден астам имам мен дінге сауатты азаматты тәрбиелеп шығарған Ақтамақ қалпе осы күнге дейін атаусыз қалған еді. Таяуда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының ыждағатымен, Астана қаласының бас имамы Ерболат Нұрылдаұлының үйлестіруімен елорданың ескі қорымында аты мен заты ұмытылмас ұстаз Ахмет Ғұсманұлына белгі-құлпытас қойылды.
«Бабалар рухына – Құран хатым» деген атпен өткен шараға дін қайраткерлері, ел ағалары, елорда имамдары, ғалымдар, жұртшылық өкілдері қатысты. Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы: «Діни-рухани тарихымызда орны бөлек көрнекті дін қайраткері Ахмет Ғұсманұлы еңбегі бізді береке-бірлікке, сенім мен ұрпақтар сабақтастығына, ұстаз аманатын ардақтауға шақырады» десе, елорданың бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы: «Мүфтияттың елдік құндылықтарға басымдық беру жоспары аясында әйгілі Сәдуақас Ғылманидың ұстазы Ақтамақ қалпеге құлпытас орнатуды ортақ парыз санадық», деді.
Таяуда Астананың С.Ғылмани мешітінде ғылманитанушылардың қатысуымен бас шаһар имамдарының ғылыми-практикалық жиыны өтіп, сол шарада Алаш кезеңі дін қайраткерлерінің мұрасын зерттеу, өңірдің байырғы рухани тұлғаларына белгі қою мәселесі көтерілген еді. «Сәдуақас Ғылмани жазбаларында осы өңірдің ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі қалпе, хазіреттері туралы деректер аз емес. Мүфтияттың бабалар ізімен бастамасы бізді жігерлендіріп отыр», дейді елордадағы осы мешіттің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы.
Ұлт руханияты және елдік парасат, дін мен дәстүр құндылығы қоғамымызды жақсылыққа, сенім саламаттылығына ұйыстыра береді деп үміттенеміз.
Айтуған Досби