Аймақтар • 27 Мамыр, 2025

Қостанайда Ассамблея отырысы өтті

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қостанайда өткен алқалы жиында мерекелік іс-шаралар пысықталып, жергілікті этномәдени бірлестіктердің өңірде татулық пен бірлікті  нығайтуға қосқан үлесі, елеулі жетістіктері жөнінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда Ассамблея отырысы өтті

фото: ашық дереккөз

Сессия отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Құмар Ақсақалов  аймақта 50-ден астам этнос өкілі бейбіт өмір сүріп жатқанын, олардың әрқайсы өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып отырғанын атап өтті.

Мысалы, өңірдегі Ассамблея мүшелері осы жылдың өзінде елуге жуық  қайырымдылық акциясын өткізіп, оған 2 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған.  Білім мен мәдениет, спорт саласында атқарылып жатқан игі жобалар да қисапсыз.

Өңірде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған бірқатар тілдік бастамалар да сәтімен жүзеге асырылып келеді. Мысалы, «Мәміле: ситуативті қазақ тілі» клубы бес жылдан бері тұрғындарға ауызекі сөйлеу тілін үйретумен айналысады. Кеңеске қатысушыларға аталған клубтың жұмысы жөнінде қазақ тілінің маманы Дмитрий Ромащенко айтып берді.

«Біз қазақ тілін үйренуге ықылас-ниет қойған кез келген адамға көмектесуге дайынбыз. Бүгінде оффлайн клубта әртүрлі жастағы, ұлты әр алуан 42 тыңдаушы тіл үйреніп жатыр. «Мәміле» курсының мазмұны тыңдаушылардың сұранысы бойынша жасалады. Біз заманауи әдістемелерді, ойын элементтерін, аудио және бейнематериалдарды қолдана отырып, оқыту үдерісін қызықты әрі тиімді етуге тырысамыз», дейді Д.Ромащенко.

Қазақ тілінің маманы тіл үйрету сабақтарын өзінің жеке Tik-Tok аккаунтында тікелей эфирде өткізеді. Дмитрийдің айтуынша, бір сабақ барысында эфирді орта есеппен жүз отыз көрермен көреді екен.

Сессия отырысының соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті этно-мәдени бірлестіктердің белсенді мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.