Шаруашылық • 27 Мамыр, 2025

Қарағанды облысында шегірткемен күрес күшейтілді

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында шегіртке қаупінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. 20 мамырдан бастап табын шегірткелерге қарсы егіс алқаптарына химиялық өңдеу жұмыстары басталды, ал 27 мамырда шоғырланып жүретін жәндіктерді жою жұмыстары басталады, деп хабарлайды Egemen.kz облыстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды облысында шегірткемен күрес күшейтілді

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтың айтуынша, облыста 5,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу көзделген.

Ақтоғай ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде зиянкестер қаптап кеткеніне шағымданды. Бұл облыстық штабтың оқиға орнына барып, шегірткемен күрес жұмыстарын бақылауды күшейтуге себеп болды. 21 мамырда ауданда фитосанитариялық диагностика және аумақтық инспекция мамандарының қатысуымен көшпелі кеңес өтті.

«Шаралар қабылданды. Техника дайын, қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының мамандары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді көктемгі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шегірткенің табындық емес түрлері бойынша аумақты өңдеу 27 мамырда басталады. Жұмыстарды авиацияны қолдана отырып, мердігер ұйымдар жүргізетін болады. 83,45 мың гектар жер өңделуге жатады», деп хабарлады Әнуар Төлебеков.

20 мамырдан бастап итальяндық прус түрлерін қоса алғанда үймелеп жүретін шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс тоғыз жер үсті бүріккіш, екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан және төрт агродронның көмегімен орындалып жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыс облыстық штабтың бақылауында екенін, сондай-ақ ақпараттық вакуум болмауы үшін тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар ету қажеттігін атап өтті.

«Біз жедел әрекет еттік. Барлық іс-шара кесте бойынша орындалады, жағдай тұрақты режимде бақыланады. Басты міндет – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шаруашылықтарында болуы мүмкін зиянның алдын алу», деді өңір басшысы.