
фото: ашық дереккөз
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне жеті түрлі мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Олар мыналар:
-
Келу туризмін дамытуға арналған субсидиялар
Отандағы туроператорларға шетелдік туристерді тартқаны үшін әр адамға 15 000 теңге мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Бұл үшін шетелдік туристің Қазақстанда кемінде 4 күн, 3 түн тұрғаны және eQonaq жүйесінде тіркелгені расталуы қажет. -
Балаларға арналған әуе билеттерін субсидиялау
Ішкі туризмді қолдау мақсатында 18 жасқа дейінгі балалар үшін елімізде тегін ұшу қарастырылған. Ол үшін ішкі туризм саласында қызмет көрсететін туроператордан тур сатып алу талап етіледі. Мұндай жағдайда әуе билеттерінің құны толықтай субсидияланады. -
Тау шаңғысы курорттарының жабдықтары мен техникаларын сатып алуға көмек
Кәсіпкерлер аспалы жолдар, қар тазалау техникасы және жасанды қар жасау құралдарын сатып алғанда мемлекет шығынның 25%-ын өтейді. -
Жол бойындағы сервис нысандарын салуға жұмсалған шығындарды өтеу
Мотельдер, жанармай құю бекеттері, тамақтану орындары, дәріханалар және басқа да қызмет көрсету орындарын салу үшін жұмсалған шығындардың 10%-ы мемлекет есебінен өтеледі. -
Санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидия
Туристік аймақтарда, автомобиль жолдарының бойында және қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптарға ай сайын 83 300 теңге көлемінде қаржылай қолдау беріледі. -
Туристік объектілерді салу немесе жаңарту шығындарын өтеу
Туристік қызмет көрсету нысандарын және туристерге қажетті бағыттарда салынатын немесе жаңартылатын объектілердің шығындарының 10%-ы субсидияланады. -
Туристік автобустарды сатып алуға қаржылай өтемақы
Сыйымдылығы 8 орыннан жоғары (жүргізушіні қоспағанда) автобустарды сатып алу кезінде шығындардың 25%-ы өтеледі. Автобус кемінде 5 жыл бойы тек туристік мақсатта пайдаланылуы тиіс.
Аталған қолдау шаралары ішкі туризм ағынын көбейтуге, кәсіпкерлерге туристік өнімдерді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Дамира Төлеген
ЕҰУ студенті