Спорт • 27 Мамыр, 2025

Еркін күрестен Қазақстан кубогінің иегері анықталды

50 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада еркін күрестен Қазақстан кубогы өз мәресіне жетті. Биыл күзде Загребте жалауы желбірейтін әлем чемпионатының жолдамалары сарапқа салынған жарысқа Нұрқожа Қайпанов пен Ризабек Айтмұханнан басқа балуандардың барлығы қатысты. Ұлттық құрама бапкерлері дүниежүзілік додаларда дараланған дүлдүлдерге жеке бағдарлама бойынша даярлануларына рұқсат беріпті, деп жазады  Egemen.kz.

Еркін күрестен Қазақстан кубогінің иегері анықталды

Фото: ашық дереккөз

Елімізде еркін күрестен бәсекелестік өте күшті. Елорда төрінде өткен жарыста соған тағы бір көз жеткіздік. Мәселен, осы күнге дейін 125 кг салмақ дәрежесінің бас балуаны саналып келген Юсуп Батырмұрзаев ширек финалда Әлішер Ерғалиден ойсырай ұтылды. Сөз жоқ, Әлішер мықты балуан. Ол Азия чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Токио мен Париж Олимпиадаларына қатысты. Бірақ Жамбыл облысының өкілі бұл табыстарға 97 кг салмақта қол жеткізді. Ал аса ауыр салмақтың өз мықтылары бар. Соған қарамастан Ә.Ерғали Батырмұрзаевты қос жауырынымен жерге қадады. Финалда ол ақмолалық Нұрсұлтан Азовтан айласын асырды. Үшінші орынға Қарағанды облысының қос алыбы – Серік Бақытханов пен Әлихан Құсаинов табан тіреді.

Әлем чемпионатының қола, Азия ойындарының күміс жүлдегері, құрлықтың екі дүркін чемпионы Данияр Қайсанов бірден екі салмақ дәрежесіне жоғарлауды жөн көрген екен. Бірақ оның бұл шешімі дұрыс болмағынын бәсеке барысында анық байқадық. 86 кг салмақта сайысқа түскен атақты балуан алғашқы айналымнан кейін-ақ көрермендер қатарына қосылды. Данияр Бибарыс Нұрылаұлына жол берді. Ақтөбенің спортшысы алматылық Нұрсұлтан Абдіхалықпен бірге қола медальді қанағат тұтса, алтын және күміс медальді Болат Сақаев (Атырау) пен Нұржан Исағалиев (БҚО) иеленді.

57 кг салмақтың үздігі, Азияның үш дүркін жүлдегері, жамбылдық Рахат Қалжановтың бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көрінуге қарым-қабілеті жетпеді. Ол ойда-жоқта өзінің командалық әріптесі Әділет Әлмұхамедовке жол берді. Әділет алтын алды. Финалда ол Абзал Өкеновті (Астана) сүріндірді. Одан кейінгі орындарда – Вагиф Гасанов (Алматы облысы) пен Дәулет Әмірхан (БҚО).

65 кг салмақта Начын Куулар топ жарды. Ол Шымкент қаласының атынан сынға түсіп жүргенімен таза легионер. Туған жері – Тыва. Жасы да 30-ға таяп қалған. Былтыр оны біздің бапкерлер Аммандағы Азия чемпионатына апарды. Ол жақта Куулар ойсырай ұтылды. Осы орайда, «Құрлықтық деңгейдегі додаларда жүлде алуға жарамайтын жігітті Қазақстанға әкелудің не қажеті бар?» деген сауал туындайды. Алайда бұл сұрағымызға жауап беретін адам таппадық. Астанада Начын алдына жан салмады. Финалда келімсек Мейрамбек Қартбайды (Ақтөбе) бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтты. Бекзат Сыбанбай (ШҚО) мен Шерхан Әбіл (Алматы) үздік үштікті түйіндеді. 97 кг салмақта Бекзат Үркімбайға (Астана) тең келер ешкім табылмады. Ақтық бәсекеде ол Рустам Экажевты (Астана) еңсерді. Нұрдәулет Бекенов (ШҚО) пен Әкежан Айтбеков (Жетісу) қола медаль бұйырды.

Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 61 кг салмақта Әділ Оспанов (Қарағанды) озды. Шешуші сайыста ол Асыл Айтақыннан (Алматы облысы) айласын асырды. 70 кг салмақтың финалында Майис Әлиев (Маңғыстау) Мейіржан Әшіровтен (Жамбыл) басым түсті. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. 74 кг салмақта Әлібек Әбдіқасымовтың (Алматы облысы) асығы алшысынан түсті. 79 кг салмақтың бас жүлдесін 27 жастағы Дәулет Ергеш (Жамбыл) пен 38 жастағы Нұрлан Бекжанов (Астана) өзара сарапқа салды. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалисін ұтты. 92 кг салмақта Азамат Дәулетбековтің (ШҚО) асығы алшысынан түсті. Қазақтың атақты балуаны финалда Самир Дурсуновқа адым аштырмай, айқын басымдықпен ұтты.

Жалпы командалық есепте Жамбыл облысының жампоздары алдарына жан салмады. Алматы қаласының апайтөстері екінші орын алса, үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының балуандары түйіндеді.