
Қоршаған ортаны енді ғана танып-біліп жатқан балпанақтай баладан қандай да бір ауру белгілерін анықтау қиынның-қиыны. Анықтаған күннің өзінде кеше ғана дүние есігін ашқан балаға жылдам операция жасау асқан ептілікті қажет етеді. Жағдай былай болған. Балада алдымен инфекциялық аурудың белгілерін байқаған. Сәбидің бойын әлсіздік дендеп, жиі құсқан. Содан баланың ата-анасы үрейленіп дәрігерге жүгінгенде, бөбек ақ желеңділердің көз алдында есінен таныпты. Бұл кез медицина мамандары бір минут та уақыт жоғалтпай жедел әрекет етуге кіріскен. Баланы компьютерлік томографияға түсіреді. Сәбидің миындағы үлкен ісікті дәрігерлер осылай бірден анықтаған.
Мұндай күрделі диагноздың емі операция екенін жақсы білетін Жезқазған қаласы облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирургтері барынша жедел шешім қабылдаған. Қуанышқа қарай, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Оралбек Мұстафин, жас маман Абу Дүйсенов бастаған дәрігерлер 3 сағатқа созыған өте күрделі операцияны сәтті жасады.
«Операциядан кейінгі кезең қалыпты жағдайда өтті. Бала есін тез жиып, жарасы тез жазылды. Жағдайы тұрақтанып, жақсара бастағаннан кейін науқасты үйіне шығардық. Әрі қарай балаға оңалту курсы қажет. Қазір әке-шешесі «Ана мен бала» орталығында жоспарлы ем алуға дайындық үстінде. Асқан дәлдікті талап ететін аса күрделі ота МӘМС есебінен жасалды»,дейді нейрохирург Абу Дүйсенов.
Ұғыныңқы болуы үшін айта кетсек, МӘМС аясында еліміздің әр аймағында күн сайын осындай небір күрделі операциялар жасалады. Ал, 18 жасқа толмаған балалар МӘМС-те мемлекет тарапынан сақтандырылған.