
Сурет: primeminister.kz
Жиналыс барысында депутаттарға Мемлекет басшысының Алматы қаласының әкімі лауазымына екі кандидатты – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шахановты ұсыну туралы хаты оқылды.
Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 32 депутаттың 23-і Дархан Сатыбалдының кандидатурасына дауыс берді. Бейбіт Шахановтың кандидатурасын 9 депутат жақтады.
Президенттің тиісті Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Қала активімен кездесуде Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ерболат Досаевқа қаланың қаржы-экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді. 2024 жылы қаланың Қазақстанның ІЖӨ-ге қосқан үлесі 21,8%-ға дейін өсті. Мегаполисте Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетті орталықсыздандыру, абаттандыру, жаңа әлеуметтік нысандар салу тағы басқа жұмыстар жүргізіліп келеді.
Премьер-министр қала активіне жаңа әкім Дархан Сатыбалдыны таныстыра келе, Мемлекет басшысының Алматы әкімдігінің алдына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және экономика құрылымын әртараптандыру, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді кеңейту бойынша міндеттер қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ жол-көлік жүйесі, экология, өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT-сектор, креативті индустрия саласында тапсырмалар берілді.