Партия • 27 Мамыр, 2025

«Ауыл» партиясының ширекғасырлық белесі

90 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы «ЭКСПО» халықаралық орталығында «Ауыл» партиясының 25 жылдығына орай, «Ауыл» партиясы: 25 жыл белесі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын барысында еліміздегі саяси реформалық өзгерістер тұрғысынан партияның тарихи тәжірибесі зерделеніп, қазіргі кезеңдегі жаңару және қайта жаңғыру үдерістеріне баға берілді, болашақтағы бағдары сараланды.

«Ауыл» партиясының ширекғасырлық белесі

Конференция жұмысына Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының алғашқы жетекшісі, академик Оразалы Сәбден, мемлекет және қоғам қайраткері Ғани Қасымов, Парламент депутаттары мен еліміздегі өзге де саяси партиялардың жетекшілері, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ бірқатар министрліктің өкілдері қатысты. Сондай-ақ Алма Шүкіжанова, Эльмара Траисова, Алина Соловьева сынды Қазақстанның Еңбек ерлері де болды.

Жиын басында партияның 25 жылдық мерейлі датасына арнайы дайындалған «Ауыл – ел болашағы» атты шағын фильм көрсетілді. Сондай-ақ «Ауыл» партиясының қалыптасу кезеңінде қызмет еткен танымал қоғам қайраткерлері мен партия ардагерлерінің баяндамалары арқылы еліміз­дегі көппартиялық саяси жүйенің қалыптасып, даму кезеңдеріне шолу жасалып, белгілі саясаттанушы ғалымдардың сараптамалық зерттеулері таныстырылды.

Конференция барысында партия төрағасы, Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев «Ауыл» партиясы: 25 жыл белесі» тақырыбында баяндама жасады. Мәжіліс депутаты партияның құрылу тарихынан бастап, осы кезге дейінгі жүріп өткен жолына шолу жасап, бүгінгі бастамалары мен келешек жоспарларына тоқталды.

– «Ауыл» партиясы ауылдық өңірлердің мүдделерін қорғау мен дамыту мақсатында 2000 жылдың 29 наурызында шаруалардың социал-демократиялық партиясы болып құрылды. Партияға елдегі ауылға жаны ашитын ғалымдар, жазушылар және зиялы қауым өкілдерінің басым бөлігі мүшелікке кірді. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Дулат Исабеков сияқты әдебиетіміздің көрнекті өкілдері сол кездегі «Ауыл» партиясының Саяси кеңесіне сайланып, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев және тағы да басқа танымал мәдениет өкілдері «Ауыл» партиясы мүшелерінің қатарынан табылды. «Ауыл» деген атаумен жаңа партияның құрылуы қазақ қоғамында үлкен жаңғырық туғызды, – деді С.Егізбаев.

Оның айтуынша, партия құрылған 2000 жылы оның құрамында 5 мың адам болса, екі жыл ішінде мүшелер саны 12 есе артып, 2003 жылы 60 мыңнан асыпты.

– Ширекғасырлық тарихында «Ауыл» партиясы өзінің негізгі саяси, идеологиялық бағыттарынан ешқашан бас тартқан емес. Партиямыз қай кезеңде болсын, ауылдық аймақтардың, ауыл шаруашылығының мә­се­лелерін көтеріп, олардың шешілуі үшін нақты қадамдар жасады. Тарихқа жү­гінсек, партия 2003–2005 жылдарға ар­налған 3 жылдық «Ауыл» мемлекеттік бағдар­ламасының қабыл­дануына бастамашы болған. Жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге пайызсыз қаражаттың бөлінуі де біздің партиямыздың бастамасымен қолға алынды, «Ауыл шаруашылығы серіктестіктері мен қауымдастықтары туралы», «Астық туралы», «Қазақстан Республикасында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту туралы», «Су пайдалану туралы» және басқа да заңдардың қабыл­дануына ықпал етті, – деді партия төрағасы.

С.Егізбаев партияның ендігі басты межесі елімізді аграрлық державаға айналдыру екенін атап өтті. Яғни қала мен ауылдың даму барысын құстың қос қанатындай тең ұстау керектігін алға тартты. Бұл мақсат партия сая­си бағдарламасының «Экономикалық стратегия» бөлімінде көрініс тапқан.

Сондай-ақ мерейлі датаға орай конференция аясында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты спектаклі көрсетілді. Қойылымды партия төрағасы Серік Егізбаев бастаған Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары, партия ардагерлері, құрметті қонақтар және еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар тамашалады.