
Елдің шетіндегі, шекара шебіндегі аймақ мал бағуға, астық өсіруге өте қолайлы. Шаңырағы жанға, өрісі малға толы құт мекеннің төсіндегі төрт түліктің саны да көбейіп келеді. Кейінгі жеті жылда ауданнан жаңа жұмыс орындары ашылып, жастардың тұрақтауына, еңбекпен қамтылуына баса назар аударылып отыр. Қойнауы құт Райымбек ауданының орталығы Нарынқолда сән-салтанаты келіскен тұрғын үйлердің іргесі қаланса, елді мекендерден мәдениет ошақтары мен спорт нысандары ашылып, ауылдар ажарлана түскен. Алдағы уақытта Нарынқолда бір мезгілде 250 адамды қабылдауға қауқарлы 4 қабатты заманауи емхана пайдалануға беріледі.
Аудан әкімі Берік Дүйсенбаевтың айтуынша, жеті жылда ауданның 8 елді мекенінде жаңа емдеу мекемелері салынып, ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Сонымен қатар Сарыбастау, Нарынқол, Сүмбе, Қызылшекара ауылдарында 4 спорт кешені бой көтеріп, ауыл балалары мен жастарының уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін берді. Бұл – өңірдегі бұрын-соңды болмаған оң өзгеріс. Бұнымен қоса Жамбыл, Сүмбе ауылдарында мәдениет үйлері салынды, Қарасаз ауылында Өнер мектебі ашылып, өнерпаздардың рухани ұясына айналды. Алдағы уақытта Текес пен Қайнар ауылдарында спорт кешені, Шалкөде, Сарыжаз, Тегістік ауылдарында мәдениет үйлерін салу жоспарланған.
Бүгінде ауданда үй кезегінде 400-ден аса азамат тіркеуде тұр, оның 185-і әлеуметтік осал топтағылар. Осы орайда, мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналып 123 үй салынған, оның сыртында 42 үй сатып алынып берілген. Биылғы жылы мердігер компаниялар тағы да 60 үй салуды бастаған.
Ауданның аяғынан нық тұруына, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, ауызсумен қамтылуына бүгінге дейін 20 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жыл сайынғы аудан бюджеті 6 млрд теңгені құрайды.
Елді мекендерді газдандыру бағдарламасы бойынша Райымбек ауданына 2027 жылға дейін газ құбырын тарту жоспарланған. Шелек ауылынан Кегенге, Кегеннен Нарынқолға магистральды газ құбырын жобалау сметалық құжаттамалары жасалып қойған екен. Ендігі кезекте сараптамадан өтсе, жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып, халықтың қолы көгілдір газға да жетер жыл жақындай түспек.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – Сарыжаз бен Кеген ауылдары арасындағы республикалық маңызға ие күре жолдың біраздан бері жөндеу көрмей келе жатқаны. Бұл туралы биік мінберлерден аз айтылған жоқ.
«Аудандағы күре жолдардың тозуы – шын мәнінде адам шошырлық дәрежеде болғаны белгілі. Халықтың шымбайына батқан мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Былтыр Нарынқол мен Кеген арасындағы 89 шақырымдық күре жолдың орташа жөндеу жұмысына республика қоржынынан 9 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, Нарынқол мен Текес аралығындағы 15 шақырымды жөндеуге 1 млрд 200 млн теңге бөлініп, игерілді. Қалған 74 шақырымды құрайтын күре жолдың құрылысына республика бюджетінен 7,5 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жол жөндеуді өз міндетіне алған «Нұрлы жол» ЖШС техникаларын жеткізіп, алдағы уақытта ауыл маңына асфальт зауытын орналастырып, жұмысшылар жинап, білек сыбана кірісудің қам-қарекетін жасап жатыр. Жүргіншілердің жүйкесін жұқартқан шетін мәселеге келер жылы нүкте қойылады», дейді аудан әкімі Б.Дүйсенбаев.
Жері шұрайлы, шөбі шүйгін ауданда мал өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жоқ. Сауған сүтін саудалай алмайтын ауыл тұрғындарының түйткілін «Qarasaz-food» ЖШС шағын сүт зауыты түбегейлі шешуге қадам жасады. Бастапқыда 2000 литрден сүт сатып алып жұмысын бастаған зауыт қазірде күніне 15 000 тонна сүт қабылдап, одан 14 түрлі табиғи өнім дайындаудың шеберіне айналған. Алматы мен Қонаев қалаларындағы әлеуметтік дүкендер мен ауылдық жерлердегі сауда дүкендеріне таратылатын Қарасаздың жоғары сапалы, таңдайға татымды қаймақ-майына, құрт-ірімшігіне, сүзбесіне сұраныс артып келеді.
Нарынқолдың ежелден даңқын шығарған картобы әлі де ел аузынан түскен емес. Тұтынушылардың тілегін қанағаттандырып, шекті бағада қамтамасыз етуді мақсат еткен еңбеккерлер ертелі-кеш алқап басында тынымсыз еңбек етіп жүр. Былтыр 2 250 гектар алқапқа картоп отырғызылса, биыл бұл көлемді мың гектарға көбейту көзделген. Ауданның ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, «Алтын дән-1» атты ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрған. Бұл еңбек ұжымы картоп, астық өсіруді қолға алған. Алқапқа тұңғыш рет тамшылатып суару технологиясын енгізу мақсатында 250 метр тереңдікте ұңғыма қазып, жерасты суын шығарып жатыр. Алынған суды 30 мың текше метрлік су қоймасына жинап, одан әрі алқаптарды суаратын технологияны жүзеге асыра бастаған. Осы жоба негізінде 4 ұңғыма қазып, алқапты жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етіп отырғанын алға тартқан кооператив жетекшісі Дулат Құлмамыров сапалы картоп алу мақсатында Нидерландтан 200 тонна «артемис», «аризона» тұқымдарын сатып алғанын айтады. Сондай-ақ 10 мың тонна картоп сақтау қоймасын салу жоспарланған. Былтыр кооператив 747 га егістікке тамшылатып суару жүйесін орнатып, су құбырын жүргізген.
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы айрықша ықпал етіп отырғанын аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов мысал етті. Бағдарлама негізінде бөлінген 521 млн теңгеге 93 азамат қол жеткізген. Олардың 63-і ауылшаруашылық саласы бойынша іс бастаса, 30 адам жеке кәсібін ашқан. Биыл жылы 26 азаматтың өтініші мақұлданған. Нәтижесінде, 120 адам жұмысқа орналасты.
Табиғаты көркем ауданның көршілес мемлекетпен арақатынасты нығайтып, туризмді дамыту мақсатында екі ел арасында жаяу өткел ашу жоспарланған. Жоба жүзеге асса ауданның туристік әлеуетінде соны серпін береді. Жергілікті халықтың шағын және орта бизнесті дамытып, жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалады. Бүгінде ауданда 7 туристік аймақ бар. Одан бөлек, маусымдық кезеңде 200-ден астам киіз үйлер тігіліп, туристерді қабылдау орындары ашылады. Ауданның Шұбаркөл, Сырт, Шұбартал жайлауына шығатын малшылар тек мал бағумен ғана шектелмей, үйінің жанына 2-3 киіз үй тігіп, демалыс орындарына айналдыруға бағыт ұстанып отыр.
Алматы облысы