Суицид • 27 Мамыр, 2025

«Вертер әсері»: суицидке медиа себеп пе?

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бала кезімізде кейбір қазалы үйге көңіл айта барған үлкендерден марқұмды «жұмбақ жағдайда» қайтыс болыпты деп қана естуші едік. Яғни ел ішінде өзіне қол салған кісі өлімін қашанда жасыруға тырысады. Сондай «жұмбақ» өлімдердің кейбірінің нақты себебін бертінде ғана ес кіргенде білдік. Қазақ екінші жағынан «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деп те аурудың алдын алуға асқан сақтықпен қараған. Бүгінде суицидті жасыру былай тұрсын, ол мемлекеттік деңгейде ашық талқыланып, оны болдырмаудың сан түрлі жолы қарастырылып келеді. Себебі бұл кеселді, әсіресе жастарды төңіректеп алған осы ауруды ауыздықтау мүмкін болмай бара жатыр.

«Вертер әсері»: суицидке медиа себеп пе?

Бір жағынан халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл тақырыпты БАҚ-та ке­ңінен талқылау да қауіпті саналады. Сол себепті суицидке қатысты ақпараттарды халыққа таратарда халық­аралық стандарттарды ескерген жөн.

Әдетте өз-өзіне қол жұмсаған адамды біздің қоғам есі ауысқан, ақылы таяз, я болмаса рухани әлсіз адам деп жазғырып жатады. Әсілінде оның ішіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Бар болса да, некен-саяқ. Көбіне оқу­шы суициді болған соң мектеп психологтеріне салмақ түседі. Тексеру, тергеу, басшылыққа есеп беру, тағысын тағылар. Ал өмірмен қош айтысқан адамның ет жақындары да болар іс болған соң барып суицидтің себебін іздеп, оны тапқандай болып, артынан өкінеді. Баласының жан дүниесінің ауырып жүргенін кезінде аңғармаған соң, ол кеткеннен кейін білгеніңнің еш қажеті жоқ.

Жалпы, бұл мақалада осы кеселдің көбеюіне себеп болатын жайттардың бірі ретінде медиа саласына мән бермекпіз. Себебі рейтинг қуып, лентасына не болса соны сала беретін сайттар суицид оқиғасын да тәптіштеп, көзбен көргендей етіп оқырманға лезде жеткізуге асығады. Бар мақсат – ақпаратты алғаш болып таратып, сол арқылы сайт қаралымын арттыру. Ал оның ар жағындағы әлеуметтік, қо­ғам­дық жауапкершілігіне ешкім мән бе­ріп жатқан жоқ. Бұл туралы Мәжіліс мін­бе­рін­де депутаттар да аз айтпады. Асхат Аймағамбетов телеграмдағы арнасында «Вертер әсері» жайында ой бөлісті.

«Суицид туралы ақпараттар жа­рия­­­ланғаннан кейін өз-өзіне қол жұм­сау жағдайларының көбейгенін көр­се­те­ді. Әсіресе мұндай хабарламалар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңі­­нен таратылған кезде байқалады. Көп­­­­­­те­ген зерттеу көрсеткендей, суицид тура­­лы жарияланымдар «ими­та­­циялық суицид» деп аталатын жағ­дайды тудыруы мүмкін.

Мұндай оқиғаларға неғұрлым көп назар аударылса, суицид саны да соғұрлым артады деген тұжы­рым жасалған. Осыған байланыс­ты, суицидтің алдын алумен айна­лы­­сатын көптеген ұйым бұл тақы­рыпты қалай дұрыс жариялау керек­тігі тура­лы бұқаралық ақпарат құрал­да­рына арналған нұсқаулық әзір­леді. Нұс­қаулықтарды орындау ими­та­ция­лық мінез-құлық қаупін азайтуға көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да медиаға суицид туралы жауапты түрде хабарлау бойынша ұсыным шығарған. Сезімтал мәселеге мұқият және сақтықпен қарау өте маңызды, өйткені ол осал топтар үшін тәуекелдер тудыруы мүмкін», дейді А.Аймағамбетов.

Халықаралық тәжірибеде «Вертер әсері» атауымен кеңінен танылған «Суицидке сендірудің ықпалы: Вертер әсерінің теориялық және қолданбалы аспек­тілері» («The Influence of Suggestion on Suicide: Substantive and Theoretical Implications of the Werther Effect») атты ғылыми еңбектің авторы америкалық ғалым Дэвид Филлипс. 1974 жылы жарық көрген оның зерттеу жұмысының негізгі идеясы – бұқаралық ақпарат құралдарында өз-өзіне қол жұмсау туралы хабарлар жиі таралған кезде қоғамда сол секілді суицид оқиғаларының көбеюі мүмкін екенін дәлелдеу.

Жалпы, кейінгі жылдары қоғамда өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиі­леп кеткенін жоққа шығара алмаймыз. Күрделі әлеуметтік мәсе­­ле­нің тамы­рын тереңнен іздеген зерттеушілер суи­цидтің таралуына тек психо­ло­гия­лық немесе экономикалық себептер ғана емес, сонымен қатар ақпарат құралдары да ықпал ететінін алға тартады.

Д.Филлипс осы зерттеуінде бұқа­ралық ақпарат құралдары белгі­лі бір оқиғаларды қалай ұсынса, халықтың өмірлік шешім қабылдауына дәл солай тікелей әсер етуі мүмкін екенін анықтап, бүкіл әлемге дәлелдейді. Ол бұл құ­бы­лыс­ты «Вертер әсері» деп атады.

Жалпы, «Вертер әсері» деген не? Бұл термин немістің ұлы ақыны Гёте жазған «Жас Вертердің қасіреттері» романынан алынған екен. XVIII ғасырда жарық көрген бұл шығармада басты кейіпкер өзін қорлап бара жатқан махаббат азабының алдында дәрменсіздік танытып, өз-өзіне қол жұмсайды. Роман Еуропада вирустық жылдамдықпен кең таралған соң, дәл сондай жолмен ажал құшқан жастар көбейіп кеткен. Кезінде бұл жағдай қоғамда үлкен алаң­дау­шылық тудырып, дүйім Еуропаны дүр­ліктерген-ді.

Сол тарихи оқиғаға сүйенген Дэвид Филлипс те медиа мен суицид ара­сын­да­ғы байланысты зерт­теді. Ол 1947–1968 жылдар аралығындағы Америкадағы суицид статистикасын саралай келе, бел­гілі бір адамның өз-өзіне қол жұм­са­ған суыт хабары БАҚ-та кеңінен жарияланғаннан кейін, бірнеше күн ішінде елдегі жалпы суици­д көрсеткіші күрт өсетінін байқаған. Автор әсіресе газет­тердің бірінші беттерінде осы тақы­рып­­­та мақалалар шыққаннан кейін, суи­цид деңгейі айтарлықтай өскеніне көз жет­кізген.

Сондай-ақ аталған зерттеуде суи­цид оқиғаларының БАҚ-та жариялану формасы, яғни оқырман санасына қалай әсер ететіні басты назарға алынған. Егер өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы дра­малық, трагедиялық, кейде тіпті роман­тикалық әсірелеу тұрғысында сипатталса, бұл кей оқыр­мандарға үлгі ретінде әсер етуі мүмкін екен. Мұндай «жұқтыру» әсерін психологтер «ими­тациялық суи­­­цид» деп атайды. Яғни өмірмен қош­та­суға бел буып, бірақ ретін таба алмай, батылы жетпей жүр­ген­дер болса, газет мақаласындағы, жалпы бүгінгі тер­минмен айтсақ медиа кон­тент­тегі детальдардың әсерінен шешім шыға­ра­ды екен.

Ғалым Филлипс «Де­рек­тер имита­ция­­лық суицидтің нақты құ­былыс екенін, ал медиадағы ұсыныс­­тар бұл әрекетке үлгі болатынын көр­се­теді», дейді.

Жалпы алғанда, зерттеу қоры­тын­дысында автор БАҚ өкілдерін ерек­ше жауапкершілікке шақырады. Яғни суицид туралы жаңалықтарда: әре­кеттің нақты тәсілдерін сипаттамауды, романтизациядан аулақ болуды ескертіп, керісінше көмек алуға болатын ресурс­тарды, орталықтарды көрсету қажеттігін алға тартады.

Бұл зерттеу қазіргі журналистика үшін де аса маңызды, әлі де болса мәнін жоғалтқан жоқ. Себебі медиа сала­сының өкілдері тек шындықты жет­кізуші ғана емес, қоғамдық пікір мен мінез-құлықты қалыптастырушы құрал екенін ұмытпауы керек.

Ал Филлипстің зерттеуі – суицид мәселесіне тек психология не медицина тұрғысынан емес, медианың ықпалы тұрғысынан қарауға мүм­кіндік беретін алғашқы ғылыми еңбектің бірі. Ол бізге бір адамның сөзі, мақаласы немесе сюжеті басқа біреудің өміріне әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан да әрбір журналист ең алдымен адам өміріне жауапты тұлға екенін қаперінен шығармағаны абзал. Ал оның қаламы – жай ғана құрал емес, кейде өмір мен өлім арасындағы бір көпір болуы да бек мүмкін.