Қоғам • 27 Мамыр, 2025

Ниеті ізгі бастама

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кішкентай пациенттер арасында «Дәрігерге алғыс – балалардың көзімен» атты челлендж бастады. Ақ желеңділерді қолдауға шақыратын бастамаға үн қосқан тұрғындар мүмкіндікті пайдаланып, өз дәрігерлеріне алғыс айтуды қазірден бастап кетті.

Ниеті ізгі бастама

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Челленджге қатысу үшін балалар ата-аналарының көмегімен әлеуметтік желіге «Дәрігер – бала­лардың жанашыры» хештегімен сурет немесе бейнематериал жариялайды. Одан әрі дәрігерге не үшін алғыс айтқысы келетінін баяндайды. Балаларға қорған болып, алғыс арқалаған дәрігерге деген ілтипатыңызды 10 маусымға дейін жалғасатын челлендж­­де жариялап үлгеріңіз. Ең үздік жұ­мыстар Денсаулық сақтау министр­лігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.

Денсаулық сақтау министрлігі Прези­дент тапсырмасымен ана мен бала ден­саулығын сақтау мәселесін бас­­ты орынға қояды. Бүгінде емханаларда әйелдердің жүктілікті жоспарлау жұмыстары нығайып келеді. Әрбір әйел жүктілікті жоспарлау кезінде профилактика үшін медициналық тексеруден өтуі керек. Мұны жергілікті денсаулық сақтау ұйымдары үйлестіреді. Дәрігерлер баланы туғанға дейін бірнеше мәрте скринингтен өткізіп, дамуын бақылайды. Осы бағыттағы жұмыстарды барынша сапалы үйлестіру мақсатында УДЗ мамандарға жоғары талап қойылған. Министрлік, медицина ұйымдары УДЗ дәрігерлерін көбейтуге, біліктілігін арттыруға ден қоя­­ды. Себебі олар ана мен бала денсау­­­лы­ғындағы қандай да бір кінәратты қалт жібермеуге тиіс. Дамуында ақауы бар балалар облыс орталығындағы немесе ірі қаладағы орталықтарға жолдама арқы­лы бара алады. Ондағы дәрігерлер ана мен баланы қалайда аман алып қалу­дың қам-қарекетін жасайды. Ден­саулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бала­лар­дың денсаулығын сақ­­­тау мақса­тын­да іске асып жатқан жұ­мыс­тарды баяндады.

«Елімізде жыл сайын 360 мыңнан астам сәби дүние есігін ашады. Олардың денсаулығын өмірінің алғашқы сәт­те­рі­нен бастап 4 мыңнан астам педиатр, 1 мыңнан астам неонатолог, жергілікті практика дәрігерлері мұқият қадағалап, бақылауда ұстайды. Әрбір бала туған сәтінен бастап медициналық бақылауға алынады. Қазір 7 миллионнан астам бала тегін медициналық көмекке қол жеткізсе, жыл сайын 2 миллионнан астам бала скринингтен өтеді. 4,5 миллионнан астам бала профилактикалық қарап-тексерумен қамтылады. 1,5 миллионнан астам балаға иммундау жүргізіледі. Мектеп жасындағы балаларға да ерекше назар аударылады. Бүгінде әрбір мектеп белгілі бір емханаға бекітілген. Онда 6,5 мыңнан астам медициналық пункт жұмыс істейді. Бұл балалардың ден­саулығындағы мәселелерді дер ке­зінде анықтап, көмек көр­сетіп, ауру­лар­дың алдын алуға мүмкіндік береді. Мен, педиатр-дәрігер және министр ретінде, баланың денсаулығы – бұл оның толыққанды дамуының, өмірдегі жетістігінің, бүкіл ұлттың білімі мен күшінің негізі екенін айтқым келеді»,  деді А.Әлназарова.

Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі мектептерде тамақтанудың жаңа ұлттық стандарты енгізіліп жатыр. Мұнда мамандардың ғылыми ұсынымдары өсіп келе жатқан баланың қажеттіліктері мен саламатты өмір салты қағидаттары негізінде әзірленген. Осыған қоса қазір «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасы шеңберінде еліміздегі барлық мектепте міндетті стоматологиялық қарап-тексеру мен тісжегі да­муының алдын алу шаралары енгізілген. Бір сөзбен айтқанда, баланың дені сау, мығым болып өсуіне бар жағдай жасалған. Күнделікті қым-қуыт тіршіліктің қамымен жүргенде осы көл-көсір жұмысты, әсіресе, дәрігерлердің есіл еңбегін бағалай бермейміз. Шын мәнінде, ақ желеңділер бала құрсақта жатқаннан денсаулығын бақылап, қорған болады. Өмір сүруге дәрменсіз деп топшылаған талай баланы ажалдан арашалап қалды. Осындай, өз ісін жетік білетін, жанашыр дәрігерлер әрбір өңірде бар. Ендеше, сол мейірбан жандарға алғыс айтуды ұмытпасақ, игі.