
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көп өндіріс ошағымен қатар бұл фабрика да жабылды. Содан импорттық аяқкиімге көшкен халық «Заряның» атын естен шығарды. Бірақ араға жиырма жыл салып «Заря» отандық нарыққа қайтып келді. Аты аңызға айналған кәсіпорынға екінші өмір сыйлаған кәсіпкер Алымжан Ибраимов.
«Заряның» аяқкиімі өте сапалы еді. Қанша кисең де тозбайтын. Таза былғарыдан тігілетін. Адамдар базарда тек осы аяқкиімді алғысы келетін. Өзім 1989 жылы осы фабрикаға шәкірт болып жұмысқа орналастым. Екі-үш жыл істеген соң өндіріс орны банкротқа ұшырап жабылып қалды. Кейін араға жиырма жыл салып «Заряны» қайта тірілткім келді. Ол үшін кезінде фабрикада еңбек еткен 3-4 шеберді тауып, шағын цех құрдық. Алғашқыда 10 аяқкиім шығарудан бастадық. Халық бұрынғы «Заряның» өнімдерін көріп, қайтадан көңілдері бізге ауды. Клиенттен айрылмау үшін аяқкиімді баяғы бренд атауына лайықтап сапалы етіп тіктік. Әрі қарай ісіміз алға басып саудамыз жүріп берді. Кәсіпорынды кеңейту керек болды. Сондықтан РБК банктен 22%-бен 42 млн теңге несие алдым. Ол ақшаны италияндық қондырғылар сатып алуға жұмсадым. Қазір күніне 100 пар аяқкиім шығарамыз. Аяқкиімдерді 700-ге жуық модельде тігеміз. Модельдің түрлерін өзіміз ойлап табамыз. Сол үшін Дастан есімді жас жұмыскерді Ташкентте 2 жылдай арнайы оқыттым. Жеті жүз модельдің бәрі осы жас модельердің қиялынан туған дүниелер. Бүгінде фабрикада 50 адам жұмыс істейді. Барлығының айлығы тұрақты. Әлеуметтік көмектермен қамтылған. «Заря» – Шымкенттің бренді. Осы абыройын сақтау үшін өнімді барынша сапалы жасаймыз. Сондықтан «Заряның» аяқкиімін алған адам 3-4 жыл киеді. Оңтүстікте қыста да жер былжырап жатады. Сол үшін аяқкиімді жергілікті климатқа бейімдеп шығарамыз», деді А.Ибраимов.
Кәсіпкер шикізатты Алматы, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қаласынан алады. Түркиядан да импорттайды. Шикізаттың 80%-ы отандық. Дегенмен жергілікті жердің шикізаты Түркиямен салыстырғанда сапасы төмендеу. Оның себебі былғары жасайтын кәсіпорындар химиялық қоспаларды сол Түркияның өзінен қымбат бағаға алатын болған соң аз қолданады екен. Соның салдарынан шикізат өнімінің сапасы да төмендеу боп келеді деп түсіндірді кәсіпкер.
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке іссапармен келген кезінде арнайы көрмеге қойылған «Заря» өнімдерін тамашалап, қызығушылық танытты. Оның алдында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те жұмыс сапарымен фабрикаға ат басын бұрған еді. Сонда шаһар басшысы кәсіпорынға көмек ретінде мемлекет индустриалды аймақтан 1 гектар жер беруге, инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз етіп, салық жағынан жеңілдіктер қарастыруға дайын екенін жеткізген. Кәсіпкер қазір осы аталған көмектерді пайдаланып кәсіпорнын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Дейтұрғанмен, іскер азаматты бір мәселе ерекше алаңдатады. 1990 жылдың басында КСРО ыдырап нарық құлағанда Қытай аяқкиімдері базар-дүкендерде қаптап кеткен. Осы жағдай сол тұста «Заряны» банкротқа ұшыратты. Дәл осы ахуал тағы да қайталанып жатқан секілді. Қытайдың арзан аяқкиімдері нарықты жаулап, «Заряның» өнімдеріне едәуір қиындық туғызады. Кәсіпкердің айтуынша, Қытай өнімдерімен бәсекеге шыдас бере алмай, елімізде 5 аяқкиім фабрикасының төртеуі жабылыпты. Қазір олар тек тендер бойынша өнім шығарады екен. Ал әзірге нарықта текетіресіп тұрған Шымкенттегі «Заря» ғана. Отандық өндірушілер жергілікті кәсіпорындарды Үкімет тарапынан қолдауға бағытталған нақты қадамдар болса дейді.
ШЫМКЕНТ