
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл жыл басынан бері 1 249 азамат жеңілдетілген займ алды. Аталған жеңіл несие халыққа «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс банкі арқылы беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді. Ол ел тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мен осы жылы атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.
«Құрылыс саласы – ел экономикасының негізгі салаларының бірі. 2024 жылы республика көлемінде 18,9 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл шамамен 170 мыңнан астам тұрғын үйге тең болды. Мемлекеттік инвестиция арқылы 30 мыңнан аса пәтер салынды. Сондай-ақ 9 мыңға жуық жеңілдетілген займ берілді. Биыл да тұрғын үй салуды жалғастыру және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша шараларын енгізу жоспарланған. Соның аясында кредиттік тұрғын үйдің 12 мың пәтерін салу және 5 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй сатып алу көзделуде», деді
Б.Жүнісбеков.
Бүгінде елімізде тұрғын үй кезегінде 650 мыңнан аса адам бар. Бұл азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй сатып алу құқығымен беріледі, оның кемінде 20%-ы жетім балаларға арналған. 2022 жылдан бастап тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ын субсидиялау енгізілді. Бұл бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар сияқты топқа бағытталған.
Бүгінде 11 мыңға жуық отбасы тұрғын үйді жалға алу бойынша мемлекеттік қолдау алады. Одан бөлек, әкімдіктер тұрғын үй сертификаттары арқылы ипотекалық несиелердің бастапқы жарнасын жабуға көмектеседі. Былтыр 2 300-ден, ал биылғы алғашқы тоқсанында 500-ден астам сертификат берілген.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы – жеңілдетілген ипотекалық несие беру. Кезекте тұрған азаматтарға 2% және 5% мөлшерлемесі бойынша займдар беріледі. Былтыр 3 800-ден астам адамның қолы жеңілдетілген займға жетсе, биылғы төрт айда мыңға жуық азамат тұрғын үй сатып алу үшін займ алды. «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтар үшін жыл сайын 12 мың займ беру жоспарланған. Ал биылғы төрт айда 1 500-ден аса адам бұл бағдарламаның артықшылығын пайдаланды.