
«Қазіргі уақытта өңіріміздегі үш ауысымда жұмыс істейтін үш мектеп бар. Осы білім ордалары Ақтөбе қаласындағы «Есет батыр» тұрғын үй алабы мен «Алтынорда» шағын ауданында орналасқан. Жайлы мектептердің құрылысы толық аяқталса, өңірімізде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі деген ойдамыз», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Сәуір айында Ақтөбедегі «Есет батыр» тұрғын үй алабында есігін ашқан №82 мектептің 1863 оқушысы оқу жылын аяқтады. Мұнда ерекше дизайн үлгісімен безендірілген, заманауи жиһаздармен және оқу-құралдарымен толық жабдықталған, жайлылық пен ыңғайлылыққа негізделген 52 оқу кабинеті бар. Таратып айтсақ, 28 бастауыш, 7 мектеп алды даярлық тобы, 14 ағылшын кабинеті, STEM зертханасы, роботтехника бөлмесі, химия, физика, биология, музыка, бейнелеу өнері, тігін және алғашқы әскери дайындық кабинеттері балалардың білімге деген құлшынысын арттырады. Оқу орнында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған. Әсіресе жүріп-тұруы қиын оқушыларға өте ыңғайлы парталар қойылды. Сабақтан тыс уақытта қосымша білім алуға ыңғайластырылған заманауи кітапхана мен 50 орындық оқу залы, коворкинг орталығы, 444 оқушының бір мезгілде тамақтануына лайықталған асхананың есігі әрдайым ашық. Мектеп ауласында белсенді ойындарға лайықталған алаңдар да салынды.
«Мектебімізде әртүрлі спорт түрлеріне лайықталған төрт зал бар. Бір зал шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары үшін жабдықталса, тағы бір залда ұлттық ойындарға арналған арқан, киіз, асықтар қойылды. Спортқа қажетті барлық жабдықты алғаш көргенімде өз көзіме сенбедім», дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Сағадат Исмағұлов.
Роботхолдағы жабдықтар – ірі өндіріс орындарындағы құрал-жабдықтардың кішірейтілген түрі. Оны басқаруды меңгерген оқушы болашақта өндірістегі қондырғылармен жұмыс істей алатын дағды қалыптастырады.
Оқу жылын аяқтаған ұжым бүгінде мектеп жанындағы сауықтыру лагерінің ашылуына қызу дайындық үстінде. «Жазғы лагерьді екі маусымға жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезектегілер 2-13 маусымда келсе, кейінгісі 16-27 маусымда демалады. Оқу жылының соңғы күндері лагерьге 40 оқушы жазылды. Жекелеген санаттағы отбасы балалары жергілікті бюджет қаржысымен тегін демалады. Жұмыстан босай алмайтын ата-ана баласы қараусыз қалады деп алаңдаса, бізге ақылы негізде бере алады. Оның бағасы да қымбат емес. Ата-ананың төлеген қаражаты үш мезгіл тамаққа жұмсалады. Лагерь жұмысы таңертеңгілік 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін созылады. Мақсатымыз – баланың бос уақытын тиімді өткізу, оларға қауіпсіз орта қалыптастыру, әлеуметтендіру, тәрбие жұмысын күшейту және ата-анасына көмек көрсету. Патриоттық, мәдени, спорттық бағытта танымдық экскурсиялар, сайыстар мен қызықты ойындар өткізіледі. Балалар үйірме, шеберлік сабақтарын өздері таңдайды. Олардың денсаулығын күнбе-күн қадағалап, ата-анасымен кері байланыс жасаймыз. Демалыс аяқталғанда жетістіктері бағаланып, марапатталады», дейді №82 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Баймишева.
Сабақтан бос кездегі демалыс ұстаз бен шәкірттің байланысын күшейтіп, оқуының қабілет-қарымын ашуға мүмкіндік береді. Мектеп ұжымы шілде айына дейін тыным таппайды. Бұл күндері мектеп айналасын абаттандыру, гүл отырғызу, көгалдандыру жұмысы қызып жатыр. Оған мектептің кіші техникалық қызметкерлерімен бірге мұғалімдер мен оқушылар да үлес қосады. Оқу мен еңбекті, тәрбиені қатар ұштастырған «Келешек мектептеріндегі» ішкі ахуал ұстаздар мен оны басқаратын директордың шеберлігі мен ұйымдастыру қабілетіне байланысты қалыптасады. Қанша жерден безендірсе де, ұжым ішіндегі, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас адамгершілік пен ізгілікке негізделмесе, түбегейлі нәтиже күту қиын.
Ақтөбе облысы