
Сурет: 24.kz
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Әмірліктерде еліміздің 12 мыңға жуық азаматы тұрады. Олар мемлекеттік мерекелерде жиі бас қосып, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Жаңадан құрылған мәдени орталықта қазақы ортаға арналған семинар-тренинг, шеберлік сабақтары мен бизнес кездесулер өтіп тұрмақ. Одан бөлек еліміз үшін маңызды даталарда бұқаралық іс-шаралар өткізіп, қазақы салт-дәстүрлерді таныту да жоспарда бар.
«Бас консулдық және бірқатар отандық кәсіпкер, демеушілер атсалысып, осы орталықтың ашылуына себепкер болды. Жалпы, біз болашақта орталықта көптеген мәдени іс-шара өткіземіз деп ойлаймын», дейді Қазақстанның Дубайдағы бас консулы Алмаз Тасболат.
Ал Қазақстан – БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы Әлібек Алмабеков бұл бастама екі ел арасындағы мәдени байланыстарға да үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
«Мұндай орталықтар Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени-гуманитарлық, достық және ынтымақтастық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ осы орталық арқылы елімізге көптеген турист тартуға ықпал етеді деп сенеміз. Орталықта алдағы уақытта ағартушылық бағытта бірқатар курс ашылуы мүмкін. Келушілер тарапынан сұраныс болса, мұнда қазақ тілі мен тарихын оқыту ісі қолға алынады. Ол үшін бірнеше оқу бөлмесі және интерактивті құрылғылар бар. Бастама елдер арасындағы достық байланысты нығайтуға бағытталған», деді ол.
Мәдени орталықтағы әр кабинетке еліміз қалаларының атауы берілген. Сондай-ақ бірлік пен тұтастықтың рәмізі – шаңырақты да көруге болады.