
Фото: gov.kz
Бағдарлама арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ЖИ құралдарын жұмыс үдерістеріне енгізу көзделген.
«AI Qyzmet — цифрлық мемлекеттік басқаруды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастаманы іске қосу арқылы біз мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жасанды интеллект туралы тек қана хабардар болуын емес, оны күнделікті жұмысында тиімді қолдана білуін мақсат етеміз. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектті енгізуде өңірдегі алғашқы елдердің біріне айналып жатыр», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Оқыту аясында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында жасанды интеллектіні саналы түрде қолдану дағдысын қалыптастыру, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру мен деректерді талдау арқылы оңтайландыру, сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті AI-шешімдерін (ұлттық жасанды интеллект платформасы мен қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельді қоса алғанда) енгізу арқылы жұмыс өнімділігін арттыру және шешім қабылдау сапасын жақсарту жоспарланып жатыр.
Курс мемлекеттік қызметкердің күнделікті қызметіндегі ЖИ-ді қолдану, жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу сынды дағдыларды меңгертуге бағытталады. Бұл курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, олар жасанды интеллектінің әртүрлі жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі. ChatGPT-мен тиімді жұмыс істеуді меңгеру Claude (Anthropic), Gemini (Google), Perplexity, Mistral, Cohere және басқа да платформаларды сенімді қолдануға жол ашады.
Оқыту офлайн-форматта Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының базасында өтеді. Mastercard және KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниялары курсты ұйымдастыруға қолдау көрсетіп отыр. Оқыту аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметшілерге бірегей нөмірі бар сертификаттар табысталады.
Бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 000 мемлекеттік қызметкерді қамту жоспарланған. Курстың жазбасы еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін Astana Hub платформасында кез келген уақытта қолжетімді болады.