
Биылғы мамырда қала әкімдігі Ақтөбе қаласының 156 жылдығын тұрғындардың басын қосатын танымдық шара ретінде өткізу туралы бастама көтерген болатын. Бастама жүзеге асып, этнофестивальге қатысуға мүмкіндік алған он екі ауданның он саусағынан өнері тамған шеберлері мен қолөнершілері бұрын ұсынылмаған бұйымдарын қала мерекесінде жарқырата көрсетті. Әсіресе, «Тоқыма пати» алаңында 156 әже ұршық иіру, жүн түту мен киіз басудан шеберлік сабағын өткізіп, жастарға өнеге көрсетті. Қазіргі кезде қолданыстан шығып бара жатқан ұршық өнерін қаладағы «Дәстүрге жол» қоғамдық ұйымы мен «Әжелер ансамблінің» мүшелері жаңғыртып жүр.
«Геолог» мәдениет үйінде құрылған «Шолпы» қыздар клубының мүшелері шаш өрудің түрлерін көрсетті. Оған 156 бұрымды қыз қатысып, арасындағы ең шашы ұзын қыз «Бұрымды қыз –2025» кубогын жеңіп алды. «Ұлттық аспаптар алаңында» қазақтың кең танылмаған ұлттық аспаптары насихатталса, қолөнершілер қыштан құмыра жасаудан шеберлік сағатын өткізді. Қонақтар Ойыл аудандық өнер және өлкетану мұражайынан әкелінген тарышы Шығанақ Берсиевтің еңбек құралдары мен басқа да экспонаттармен танысты. Көрмеге Шығанақ звеносы өсірген ақ тарының түрлері қойылды.
Ақтөбе облысы