Өнер • 26 Мамыр, 2025

Қазақстандық әнші «The Voice of Azerbaijan» финалында өнер көрсетті

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Әзербайжан дауысы» вокалдық тележобасының финалдық нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандық әнші «The Voice of Azerbaijan» финалында өнер көрсетті

Финалда Қазақстан атынан 20 жастағы Санат Асуат өнер көрсетті. Ол «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Ғасымовтың командасының құрамында болды. Көрермендердің дауыс беру нәтижесінде Санат 20 пайыз дауыс жинап, жоба бойынша үшінші орынға ие болды.

Қазақ әншісінің финалдағы қойылымы кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Санат финалда « Səndən Nigaranam» әнін орындады.

Санаттың соңғы өнер көрсеткен сәтінен кейін оның тәлімгері Эльдар Ғасымов шәкіртінің өнеріне жоғары баға беріп, жылы лебізін білдірді.

«Мен Санатқа үлкен сенім артамын. Ол үш түрлі қойылым көрсетті және менің ойымша, соңғысы ең әсерлісі болды. Мен оны мақтан тұтамын. Себебі өз ана тілінде емес, әзербайжан тілінде, өзге елде ән айту – бұл өте батыл әрі жауапты қадам», деді Эльдар Ғасымов.

Ол Санаттың жай ғана ән салмай, өзінің мәдениетінің бір бөлшегін көрерменге жеткізе алғанын ерекше атап өтті.

«Санат шығыс өнерін үлкен талғаммен және құрметпен ұсынды. Бұл жүректен шыққан және шынайы өнер болды. Әзербайжан халқы оның шынайылығын сезініп, оны өнер иесі ретінде, өзінің жан дүниесін сахнада ашып көрсеткен қазақстандық қыз ретінде жақсы көрді деп сенемін», деп толықтырды ол.

Сондай-ақ ол Санаттың туған елінде де үлкен қолдауға ие болғанын айтты.

«Бүгін оған тек Әзербайжан ғана емес, бүкіл Қазақстан дауыс беріп отыр. Залда Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, дипломаттар мен қолдаушылар да қатысып отыр. Оларға ерекше алғыс айтқым келеді», деді ол.

Айта кетейік, тележобаның жеңімпазы – Әзербайжанның халық әртісі Роя Айханның шәкірті Жәмила Гашимова атанды. Ол 45 пайыз дауыс жинап, бас жүлде – 25 мың манат (шамамен 7,5 млн теңге) иеленді.

Финалдағы нәтижелер келесідей:

1 орын – Жәмила Гашимова (Роя Айханның командасы) – 45%
2 орын – Ильгар Бекиров (Зүлфия Ханбабаеваның командасы) – 22%
3 орын – Санат Асуат (Эльдар Ғасымовтың командасы) – 20%
4 орын – Фуад Мехдиев (Мурад Арифтің командасы) – 13%

Айта кетейік, Санат – жобаның финалына шыққан жалғыз шетелдік қатысушы. Шоу барысында ол әлемдік хиттерді де, қазақ тіліндегі әндерді де орындады. Ширек финалда «Ізін көрем» әнін орындап, көрермендердің жүрегін жаулап алды.

Санат Асуат – 20 жастағы Атырау қаласының тумасы. Бала кезінен музыкаға жақын болып, жетіген аспабында ойнауды үйренген. Қазір Алматыдағы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал бөлімінің 3-курс студенті.