
Мақсаты қандай?
Кликбейт (clickbait – «кликтерге арналған қармақ») – назар аударту үшін електіруші тақырып пен суреттерді қолданатын әдіс. Көбінесе ол ақпарат мазмұнына сәйкес келмейді. Басты мақсат – адамды сілтемеге өтуге көндіріп, сайттың қаралым санын арттыру арқылы жарнамадан пайда табу.
Неге танымал?
- Халық назары үшін күрес. Ақпарат көп болған сайын, әрбір оқырман үшін талас күшейеді.
- Вирус эффектісі. Адамдар эмоцияға толы немесе даулы тақырыптарды жиі бөліседі.
- Қаржылық пайда. Қаралым неғұрлым көп болса, жарнамадан түсетін табыс та соғұрлым жоғары.
Несімен қауіпті?
- Манипуляция және алдау. Кликбейт көбіне жалған ақпаратпен алдайды. Мысалы, «Әлемде бұл өнімге тыйым салынды!» деген тақырып жай ғана диеталық тоқаштың жарнамасы болуы мүмкін.
- Ақпарат құралдарына сенімнің төмендеуі. Егер оқырман үнемі асыра сілтеген немесе жалған тақырыптарға тап болса, жаңалықтар көзіне сенуден қалады. Бұл болашақта журналистика мен блогерлердің беделіне нұқсан келтіреді.
- Жалған ақпараттың таралуы. Кликбейт адам эмоциясына әсер етіп, дүрбелең тудыруы мүмкін. Әсіресе, саясат пен медицина тақырыптарында бұл өте қауіпті. Мысалы, «ғажайып ем» туралы жалған жаңалықтар адамдардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін.
- Ақпараттық шаршау. Шулы тақырыптардың үздіксіз ағыны адамның миына шамадан тыс салмақ түсіріп, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан жұрт жаңалықтарды мүлде оқымайды немесе үстірт қабылдайды.
- Қаржылық қатер және киберқауіп. Кейбір кликбейт сілтемелер күмәнді сайттарға алып барып, жеке мәліметтерді енгізуге немесе зиянды бағдарламаларды жүктеуге мәжбүрлеуі мүмкін.
Кликбейт – назар аудартудың тиімді құралы. Бірақ оны шамадан тыс пайдалану оқырманға да, БАҚ-қа да зиянын тигізеді. Ақпаратты ақылмен тұтыну, сыни ойлау – манипуляцияларға алданбаудың, ақпараттық гигиенаның басты жолы.