
Кәсіпкерлікті дамыту – ұлттық экономиканың тұрақты өсуінің маңызды факторының бірі. Өткен жылдың 4 тоқсанында елдің ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 39,7%-ды құрады. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артық. Секторда жұмыспен қамтылғандар саны 2,2%-ға артып, 4,4 млн адамға жетті. ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі 81 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 19,2%-ға жоғары.
«Даму» қорының қатысуымен іске асатын кәсіпкерлікті қолдаудың қолданыстағы кешенді бағдарламасы шеңберінде «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының құралын белсенді іске асыру жалғасып жатыр», деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Дарын Әбдуәлі.
Ол брифингте елдегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың негізгі нәтижелері мен жаңа шаралары туралы айта келіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1 трлн теңгеге 7 мыңнан астам бизнес-жоба қамтылғанын атап өтті.
Онда кепілдіктер 310 млрд теңге сомасына 8 мың жобаға беріліпті. Енді биыл осы мақсаттарға 275,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 196,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 78,8 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Жобалардың дені Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыстарында іске асырылады.
Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, білім салалары басым. Қаржылық емес қолдау шаралары да белсенді дамуды жалғастырып келеді. Былтырғы жылы 15 мың сервистік қызмет көрсетілді, бизнесті жүргізуге қатысты 135 мыңнан астам консультация ұсынылды.
Қолдау Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы да, онлайн – мамандандырылған портал арқылы да көрсетіледі. Қолдаудың неғұрлым нарықтық тетіктеріне көшу шеңберінде кешенді бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, портфельдік субсидиялау мен «Даму» қоры базасында жаңадан құрылатын өңірлік кепілдік қорлары арқылы кепілдік беру, қаржыландыру туралы шешімдерді қабылдау жөніндегі өкілеттікті тікелей екінші деңгейдегі банктерге беру – барынша жағымды жаңалық. Бұл өтінімдерді қарауды жеделдету мен бизнесті қолдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«ШОБ субъектілеріне жылдық 12,6% мөлшерлемесімен жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа бағдарламасы қосымша әзірленіп жатыр. Кредиттер қоса қаржыландыру тетіктерінің қатысуымен екінші деңгейдегі банктер арқылы берілетін болады. Ең жоғары лимит бір қарыз алушыға немесе байланысты қарыз алушылар тобына 7 млрд теңгеге дейін болады», деді Д.Әбдуәлі.
Мұнымен қоса департамент директоры мемлекет бұдан былай шағын және орта бизнесті қолдауды дәйекті түрде күшейтіп, қаржылық және қаржылық емес құралдарға қолжетімділікті кеңейтіп, кәсіпкерлік белсенділікке қолайлы жағдай туғызатынын атап айтты.