Қоғам • Бүгін, 16:45

Елімізде 11 мыңға жуық отбасыға тұрғын үй жалға берілген

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде және биыл атқарылатын жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде 11 мыңға жуық отбасыға тұрғын үй жалға берілген

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Айта кетелік, құрылыс саласы еліміздің экономикасының негізгі салаларының бірі.

«2024 жылы республика көлемінде 170 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік инвестициялар арқылы 30 мыңнан аса пәтер салынды, сондай-ақ 9 мыңға жуық жеңілдетілген займ берілді. Биылғы жылы да тұрғын үй салуды жалғастыру және азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қосымша шараларын енгізу жоспарланған. Соның аясында кредиттік бағдарламамен 12 мың пәтер салу және 5 мыңнан астам жалға берілетін тұрғын үй сатып алу көзделіп отыр», атап өтті Б.Жүнісбеков.

Қазіргі уақытта елімізде тұрғын үй кезегінде 650 мыңнан астам адам бар. Бұл азаматтарға жалға берілетін тұрғын үй сатып алу құқығымен беріледі, оның кемінде 20%-ы жетім балаларға тиесілі.

2022 жылдан бастап тұрғын үйді жалдау құнының 50%-ын субсидиялау енгізілді, бұл бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы отбасылар сияқты топтарға бағытталған. Бүгінде 11 мыңға жуық отбасы тұрғын үйді жалға алу бойынша мемлекеттік қолдау алады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше әкімдіктер тұрғын үй сертификаттары арқылы ипотекалық несиелердің бастапқы жарнасын жабуға көмектеседі. Өткен жылы 2300-ден астам, ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 500-ден астам сертификат берілген.

Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы – жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру. Кезекте тұрған азаматтарға 2% және 5% мөлшерлемесі бойынша займдар беріледі. 2024 жылы 3800-ден астам адам жеңілдетілген займ алса, биылғы төрт айда 950-ден астам адам тұрғын үй сатып алу үшін займ алды.

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтар үшін жыл сайын 12 мың займ берілу жоспарланған, ал биылғы төрт айда 1 500-ден астам адам бұл бағдарламаның артықшылығын пайдаланды.

Сондай-ақ, тұрғын үй саясатын реформалауға бағытталған заңнамаға да түзетулер енгізілді. Енді тұрғын үй кезекке тіркелген күні мен отбасының табыс деңгейін ескере отырып бөлінетін болады.