Банк • Бүгін, 14:43

«Келешек» жүйесінің алғашқы төлемін қашан алуға болады

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

235 920 теңге көлеміндегі мемлекеттік білім беру капиталын отандастарымыз осы жылдың 31 тамызына дейін алатын болады. Ол биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толған немесе толатын балаларға есептеледі. Мемлекеттен осы материалдық қолдауды алу үшін Отбасы банкте «AQYL» білім беру жинақтау салымын ашу қажет. Бүгінгі күннің өзінде 6 624 ата-ана аталған депозиттерді ашып үлгерген екен, деп хабарлайды Egemen.kz Отбасы банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Келешек» жүйесінің алғашқы төлемін қашан алуға болады

«AQYL» депозитін ашудың төрт тәсілі бар

  1. Баспана маркет порталында. Ол үшін оtbasybank.kz сайтында жеке кабинетке кіру керек, содан кейін «Менің банкім» қойындысын ашып, «Депозиттерге» өту керек. Әрі қарай «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» депозитін ашу қажет;
  2. Отбасы банктің Otbasy bank мобильді қолданбасында. Ол үшін мобильді қолданбада «Менің банкім» батырмасын басу керек, содан кейін «Жаңа депозитті ашу» қойындысына өтіп, білім депозитін ашу батырмасын таңдау керек.
  3. Банк бөлімшелерінде;
  4. Кеңесшілердің көмегімен https://hcsbk.kz/network-agents/ сілтемесі арқылы өз қалаңыздағы кеңесшіні таңдауға болады;
  5. Банктің hcsbk.kz сайтындағы бейне қоңырау арқылы.

Отбасы банкте «AQYL» депозиттері бұрын ашылып қойған адамдар не істеуі керек? 

Егер Отбасы банкте «AQYL» депозиті бұрын ашылып қойған болса және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бала 5 жасқа толса, онда ата-аналар осы жылдың 15 мамырынан бастап 2025 жылдың 30 маусымын қоса алғанға дейін Баспана маркет (otbasybank.kz) порталындағы жеке кабинетінде «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойып үлгерулері қажет. 

Ол үшін otbasybank.kz сайтында жеке кабинетке кіріп, содан кейін «Менің банкім» және «Депозиттер» қойындысына өту қажет. Онда қосымша келісімге қол қою туралы хабарлама автоматты түрде пайда болады. Бір рет басу арқылы қол қойылады – бұл үшін SMS-пен келетін кодты енгізу жеткілікті.

«Otbasy bank» мобильді қосымшасында келісімге қол қою қызметі алдағы күндері қолжетімді болады. Банк бұл туралы өз клиенттеріне қосымша хабарлайды.

Мемлекеттік білім беру капиталы қашан түседі?

235 920 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік білім беру капиталын балаларыңыздың «AQYL» білім беру депозиттерінен келесі мерзімде және жағдайларда көруге болады:

2025 жылдың 31 тамызына дейін, егер бірінші жартыжылдықта балалар 5 жасқа толса және оларға «AQYL» депозиті ашылса немесе 2025 жылдың 30 маусымына дейін қолданыстағы «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойылса.

2026 жылдың 28 ақпанына дейін, егер балалар 2025 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде 5 жасқа толса және оларға «AQYL» депозиті ашылса немесе биыл қолданыстағы «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қойылса.

«Келешек» бағдарламасы аясында балалар мемлекеттен қанша сома алады?

Бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңгені құрайды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгені құрайды.

Қандай жағдайларда  бастапқы капитал бюджетке қайтарылады? 

Мемлекеттiң бастапқы капиталы «AQYL» депозитiне есептеледi.

Оны сақтау үшін ата-аналар «AQYL» депозитіне балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін жыл сайын жарна салып тұрулары қажет.

Бір жылдағы ең төменгі жарна 2025 жылы 24 АЕК немесе 94 368 теңге.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін – 2025 жылы 12 АЕК немесе 47 184 теңге. 

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналарды салудың қажеті жоқ.