
Инвестициялық ахуалды жақсартады
Отырыс барысында қаралған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі ел арасындағы инвестицияларды өзара қорғауға бағытталған. Талқылау кезінде депутаттар Қырғызстанмен стратегиялық әріптестік Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияны одан әрі дамыту перспективаларына жол ашатынын атап өтті. Сондай-ақ мұндай қадам халықтарымыздың арасындағы байланыстардың өсуіне және нығаюына ықпал етеді.
– Қаралған келісім екі ел арасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатымен әзірленген. Құжат бір мемлекет инвесторларының екінші мемлекеттің аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Жалпы, бұл заң бауырлас ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.
Заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда қолайлы режім жасау тәртібі мен шарттарын айқындайды. Атап айтқанда, бір тараптың екінші тараптың аумағындағы инвестицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелер реттеледі. Келісім нормаларына сәйкес кез келген тараптың инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ және тең құқылы болады, сондай-ақ екінші тарап мемлекеті аумағында толық қорғалып, қауіпсіздікті сақтау қажет.
Ғарыш қызметі қолдауға зәру
Бұдан соң депутаттық сауалдарға кезек берілді. Сенатор Андрей Лукин еліміздің ғарыш саласында әлі күнге дейін жалға беруші ел болып отырғанымызға алаңдаушылық білдіріп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
– Ғарыш саласына назар салып, жұмыс істеіне барынша тиімді жағдай жасауымыз керек. Бұл салада университеттер мен стартаптар арқылы шағын жерсеріктерді (CubeSat, микроспутниктер) жасап шығара аламыз. Сондай-ақ жерсеріктерді басқару орталығын кеңейтіп, елімізді ғарыш қызметтерін, яғни өндіріс, ұшыру және технологиялық сүйемелдеу арқылы экспорттаушы ел ретінде шығаруымыз қажет. Бұған қоса республикалық бюджеттен қаржы бөліп, «KazSat-3R» жобасын іске асырған жөн, – деді А.Лукин.
Ол спутниктік бағдарламаны жаңғыртып, аса жеңіл тасымалдаушы зымырандарды ұшыру керек екенін алға тартты. Осыған орай депутат Байқоңырда арнайы экономикалық аймақ құруды ұсынды.
Көмір химиясына көңіл бөлінсе...
Сенатор Алтынбек Нухұлы еліміз көмірдің орасан зор қорына ие бола отырып, оны әлі де негізгі отын ретінде пайдаланып отырғанымызды айтып мәселе көтерді. Оның айтуынша, елде көмір терең өңдеуден өткізілмейді, осы тұста технологияның мүмкіндіктерін әлі де дұрыс пайдалана алмай келеміз.
Бүгінде еліміз көмір қоры бойынша әлемде 9-орында тұр, алайда бұл ресурсты толықтай тиімді игере алмай жатырмыз. Мәселен, Қытай, Германия және Оңтүстік Корея сияқты елдерде көмір химиясы өнеркәсіп саясатының негізгі бөлігіне айналды. Қытай жыл сайын тыңайтқыштарды, еріткіштерді, наноматериалдарды және электроника бөліктерімен бірге қосылған құны жоғары өнімдерге 200 млн тонна көмір өңдейді. Ал елімізде бұл салада мақсатты мемлекеттік саясат жоқ, тіпті көмір химиясы басым ғылыми бағыттардың тізбесіне кірмейді.
– Көмірден өндірілетін ішкі өнім ел экономикасына қосымша 25-30 млрд доллар өнім әкеледі деген ғалымдардың болжамы бар. Көмір химиясының болашағы біз үшін өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу үшін шетелдік озық тәжірибелер мен технологияларды тартып, ғылыми зерттеулерді күшейтуіміз қажет. Жалпы, саланы қарқынды дамыту елімізге млрд-тап инвестиция әкелетінін естен шығармау керек, – деді А.Нухұлы.
Депутат Үкіметке 2026–2035 жылдарға арналған көмір химиясын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, тиісті заң жобасын дайындауды және көмір химиясы кластерлерін құру жөніндегі жол картасын бекітуді ұсынды. Сондай-ақ «Көмір мен құрамында көміртегі бар шикізат пен қалдықтарды кешенді қайта өңдеу» мәселесін Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның басым ғылыми бағыттарының тізбесіне енгізуді алға тартты. Сонымен қатар ол көмір химиясы бойынша Ұлттық ғылыми-инновациялық орталық құрып, білім беру бағдарламаларын енгізу және «Болашақ» бағдарламасы аясында осы мамандық бойынша оқуға квота бөлу жөнінде бастама көтерді.
Жүн өңдейтін кәсіпорындарды демеу қажет
Ал Әлібек Нәутиев жүн өңдеу саласын дамыту керек екенін айтты. Өйткені бұл сала өңірлік және ұлттық экономиканың дамуына тың серпін береді.
2024 жылы елімізде 35 мың тоннадан астам жүн өндірілген. Алайда оны қайта өңдеуге шамамыз жетпей отыр. Шикізаттың небәрі 17 пайызы ғана қайта өңделген. Сенатор түрлі жүн түрлерін қайта өңдейтін және жүннен жасалған көрпемен қоса өнім шығаратын, бірақ тапсырыстың болмауына байланысты банкротқа ұшырау қаупіне тап болған компанияны мысалға келтірді. Сенатор бұрын да осы мәселені қозғап, депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Алайда мәселеге назар аударған билік жоқ.
– «Caspiy Lana Atyrau» кәсіпорны – өңірдегі табиғи жүннің бірнеше түрін өңдейтін отандық нарықтағы жалғыз тоқыма кәсіпорны. Кәсіпорында жүнді жуудан бастап, мамық талшықтарды бөліп алу, олардан әлемдік деңгейдегі сұранысқа сәйкес келетін дайын өнімді өндіруге дейінгі қайта өңдеудің барлық желісі жасақталған, сондай-ақ өнімді шетелдік нарыққа шығаруға мол мүмкіндігі бар. Алайда кейінгі бес жылда аталған кәсіпорын өнім өндіру бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысып, қолдау таппай отыр. Себебі тауарлардың осы түрі бойынша сатып алу жалпы негізде жүзеге асырылады да, нәтижесінде өнімді өндірмейтін, техникалық сипаттамасына сай тапсырысты орындай алмайтын жеткізушілер алдын орап кетіп отыр, – деді Ә.Нәутиев.
Сенатордың айтуынша, осыған байланысты жүнді қайта өңдеудің толық циклін жүзеге асыратын отандық кәсіпорындарға жуудан бастап дайын өнім шығаруға дейін басымдық беру қажет. Осылайша, ол жүнді өңдеудің толық циклін жүзеге асыратын отандық кәсіпорындарға басымдық беруді ұсынды.
Тексеру институтын қалпына келтіру маңызды
Амангелді Нұғманов тергеуге дейінгі тексеру институтын қалпына келтіру қажеттігін айтып, сауал жолдады. Бұған статистикада жеткілікті негіздемесіз қозғалған қылмыстық істердің артуы себеп болып отыр. Сенатордың айтуынша, мұндай жағдайлар бизнесті күйретіп, азаматтардың құқықтарын бұзып, шоттардың бұғатталуына, тінту мен тұтқындауға әкеліп отыр. Ал жапа шеккен азаматтарға ешқандай кешірім де, өтемақы да берілмейді.
– 2014 жылы жүргізілген реформа аясында Қылмыстық-процестік кодекстен сотқа дейінгі тексеру институты алынып тасталды. Оның орнына Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) тіркеу арқылы автоматты түрде қылмыстық процесс басталатын норма енгізілді. Бұл барлық мәжбүрлеу шараларының дереу іске қосылуына жол ашты, – деді сенатор.
А.Нұғмановтың мәліметінше, 2021 жылы дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты 80 мыңға жуық, ал 2022 жылы 70 мыңға жуық іс тоқтатылған. Әрбір осындай істің артында адамдардың өмірі, бизнесі мен абыройы жатыр. Алайда құқық қорғау органдарының негізсіз әрекеттеріне ешкім жауап бермейді.
Ал Геннадий Шиповских бұзақылықтың, әсіресе, қайталанған құқық бұзушылықтардың алдын алу және онымен күресу жұмыстарын күшейтуді ұсынды.
– Кейінгі уақытта ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекет мен көпшілік алдында жұдырық жұмсау секілді келеңсіз көріністер жиілеп кетті. Мұндай бұзақылықтар қоғамда үрей тудырып, жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретіп отыр, – деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, 2022 жылы ұсақ бұзақылық бойынша 15 282 іс тіркелсе, 2023 жылы – 17 429, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 мыңға жуықтаған. Яғни мұндай құқықбұзушылықтардың саны жыл сайын тұрақты түрде артып отыр. Ол бұл жағдайға жүйелі профилактиканың жоқтығы, бейнебақылаудың жеткіліксіздігі және жастармен жұмыстың әлсіздігі себеп болып отырғанын атап өтті.