Айбын • Бүгін, 09:40

Заманауи технологияны меңгереді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әуе қорғанысы күштерінің мамандарын даярлау және ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды жауынгерлік қолдану оқу-жаттығу орталығында ұшқышсыз ұшатын авиациялық (ҰҰА) жүйелердің операторларын оқытудың кезекті курсы басталды.

Заманауи технологияны меңгереді

Оқу-жаттығу ор­талығында шетелде оқыған, өз білімін жас мамандарға үйрететін сертификаты бар мамандар қызмет етеді және сабақ береді. Бұл бі­лім ордасы оқытуды бастағаннан бері Қа­рулы күштер мен басқа да әскери құра­лым­дарға жүздеген мамандар даярлады.

Сабақтар «SkyLark1LEX» тактикалық барлау жүйесін қолдана отырып өт­кізі­леді. Бұл жоғары дәлдіктегі құрал нақ­ты уақыттағы бейнелерді беру мен озық навигациялық мүмкіндіктерге ие.

«Бүгінде мұндай құрылғылар қор­ғаныс және барлау жүйесіндегі негізгі позицияларды сенімді түрде алады. Сондықтан біз жаңа технологияларды жетік меңгеруге тиіс жоғары білікті операторларды даярлауға ерекше назар аударамыз», деп түсіндірді штаб бас­тығы, ҰҰА жауынгерлік қолдану оқу-жаттығу орталығы бастығының орынбасары подполковник Алмат Хайрушев.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімінің  келісімшарт бойын­ша әскери қызметшісі, қатардағы жауын­гер Ферхат Орымбаев бұрын жару ісі­мен айналысқан. Қазір оның әскери кә­сібінде түбегейлі өзгеріс болып жатыр.

«Жару ісі маған ұнайтын. Бірақ мен әрқашан ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді үйренуді армандайтынмын. Мені ұшқышсыз ұшатын аппараттардың маманы етіп тағайындаған кезде, сол арманға қол жеткізе бастағандай болдым. Қазір Әуе қорғанысы күштерінің оқу-жаттығу орталығында оқимын, ҰҰА операторы боламын», деді Ферхат.

Оқу-жаттығу барысында курсанттар борттық жабдықты іске қосудан және баптауға дайындықтан бас­тап, алынған ақпаратты пилоттауға және талдауға дейінгі толық циклді меңгереді. Сабақтың практикалық бө­лігі тренажерлерде де, далада да өтеді. Курсанттар 40 күнге созылатын курс­ты аяқтағаннан кейін сертификаттар
алады.

 

Тараз