
Әдебиетсүйгіш қалпымыздан қанға сіңген қасиет – сондай жауһар дүниелерді жинап, мұралап жүретін жақсы дағдымыз бар. Газет-журнал, баспа ісіне де біршама қанықпыз – өлкетануға қатысты, түрлі бағыттағы тақырыптық жинақтар, жекелеген белгілі адамдардың өмірі мен қызмет жолына, шығармашылығына арналған кітаптар құрастырумен де жүйелі түрде шұғылданып келеміз.
Қайсыбір жылы сол үрдіспен О.Сүлейменов туралы жазылған танымдық, зерттеу, мерейтойлық материалдарды жинап, арнайы кітап дайындаған едік. Жинаққа абыз Әбіш Кекілбаевтың сонау 1964 жылы жарық көрген мақаласынан бастап, күні бүгінге дейін үзбей жарияланып келе жатқан эсселер, сұхбаттар, танымдық материалдар топтастырылған. Жазбаларда ақынның бекзат болмысы, азаматтық асқақ тұлғасы жан-жақты көрсетілген. Жинақ ішінде берілген сирек суреттер шоғыры кітап мазмұнын байыта түскен.
Эссе, мақалалар тақырыбының өзі оқырман назарын еріксіз аударғандай еді: «Халқын асқақтатқан ақын» (С.Мұратбеков), «Елінің елшісі, ұлтының ұяты» (М.Жолдасбеков), «Мәңгілік демі – тәңірдің лебі» (Мұрат Әуезов), «Прометейтекті тұлға» (Н.Оразалин), «Ұлтының көксемсері» (Т.Жұртбай), «Ғарыш поэзиясы» (А.Егеубаев), «Ер» (С.Абдрахманов), «Әлем таныған Олжас» (Б.Қанапиянов), «Аса танымал тұлғаның беймәлім қыры мен сыры» (З.Қоңырова), «Олжас феномені немесе рух құйыны» (С.Құттықадам), «Замана заңғары» (Т.Есполов), «Ұйықтаған ойды түрткен тұлға» (Н.Жүсіп), «Түркінің текті ақыны» (Ә.Балқыбек), «Ғарыш перзенті» (Д.Амантай), «Аз и Я» ақиқаты» (А.Кеңшілікұлы), «Білге ақын» (Д.Қыдырәлі), тағысын тағылар. Көріп отырғанымыздай, авторлар арасында әдебиет, мәдениет марқасқаларымен қатар, кейінгі жас буын өкілдері, ақын-жазушы, зерттеуші ғалымдар да бар.
Сондай-ақ Е.Евтушенко, Анар, В.Бондаренко, Б.Лайпанов, С.Марков сынды басқа ұлт өкілдерінің жазбалары да аударма күйінде қамтылған. Сол ой-толғамдардан ілкі үзінділер келтіре кетсек те артық емес:
«Арманда кетіп барам... Бірақ менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады», деді де көзін жұмды... Олжабай батырдың айтқаны келді. Жетінші ұрпағында тағы бір ұл туды. Халық оған арғы бабасының атын берді. Ол жас еді, бірақ асқан дарынды, тамаша ақын болды...» (Ілияс Есенберлин).
«Олжас Сүлейменов – құдіретті рухтың көңілінен шығып, өз замандастарын Ақиқат пен Сұлулыққа жақындата түсу үшін әділеттілікті аңсау мен соған деген ұмтылысты бүкіл болмысына енгізіп қойған ақындардың бірі. О.Сүлейменов – маңызды әрі теңдесі жоқ құбылыс. Біз жаңаша өлең жазуды Олжастан үйрендік...» (Сергей Марков).
«Олжас біздің рухани көшбасшымыз болды. Ол бізге жаңа тақырыптарды ашты, оларды қалай игерудің жолдарын көрсетті. Егер алпысыншы жылғылар өнерде немесе әдебиетте қандай да бір табыстарға қол жеткізе алған болса, бұл жетістіктерде Олжас ойы мен парасатының да үлесі бар» (Қалихан Ысқақ).
Мұндай үзінділерді тоқтамай тізе беруге болар. Жоғарыда аталған туындылардың біразы әр жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған, жекелеген авторлық жинақтарға енген, дегенмен көпшілігі уақыт қойнауында, шаң басқан архивтерде ұмыт қалған дүниелер.
Міне, осындай толымды томдықты жинап, құрастырып шыққан соң, бірқатар есті-басты азаматтарға, ақын-жазушы ағаларымызға көрсетіп, батасын алған едік. Сол кісілердің ақылымен түрлі баспаға ұсынып та көрдік. Бірақ, өкінішке қарай, талабымызды құптағанмен, басып шығаруға ынталы, жанашыр азаматтар табыла қоймады. Содан да орынсыз тықпалап, сұрамсақтануды жөн деп таппадық. Дегенмен осынша тер төгіп, қаншама архив ақтарып, тірнектеп жинаған еңбегіміз еш кетпесін деп дайын кітапты ерекше үлгімен қаттап (ондай да өнеріміз бар), әсем безендіріп, жергілікті баспалардың біріне өтініш жасап, бір дана етіп бастырып шығарып алдым. «Орасан ойдың Олжасы» атты тамаша томдық бүгінде бас жағымдағы сөреден түспейтін «киіз кітаптардың» қатарында тұр. Жиі парақтап, ішіндегі ілкімді ойлар мен тағылымды толғамдарды оқып, тұщынып, тәнті болып отырамын. Әлі де болса аз таралыммен болсын бастырып шығарса кәні деп қиялдап та қоямын іштей...
Олжас Сүлейменов поэзиясы – тамырын ғасырлар қойнауынан алатын терең ой мен асқақ рухтың тоғысы. Сол тұрғыда ақын шығармалары мен еңбектері – ұлттық болмыс пен азаматтық жауапкершілікті ұғынуға жол ашатын тағылымды мұра, бүгінгі және өскелең ұрпаққа рухани бағдар, елдік пен адамгершіліктің үлгісі болып қала береді.