Спорт • 23 Мамыр, 2025

Жарыс күнделігі: Үстел теннисі

100 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қатар астанасы – Дохада үстел теннисінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Еліміздің ойыншылары арасынан үздіктер тізімінде 60-орынға жайғасқан Кирилл Герсименко ең жақсы нәтижеге қол жеткізді. Алғашқы айналымда сингапурлық К Чюды жеңсе, келесі кезеңде әлемдік рейтингте өзінен 31 саты жоғары тұрған жапониялық Хироко Шинозутаға шаң қаптырды. Енді 1/16 финалда бразилиялық Уго Кальдераномен күш сынасады. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміз бастапқы бәсекелерде жеңіліс тапты.

Жарыс күнделігі: Үстел теннисі
  • Болгарияның Панагюриш қаласында үстел теннисінен WTT «Youth Contender» турнирі аяқталды. 13 жасқа дейінгі қыздар арасындағы сайыста Жәния Бекмұхамбетова бас жүлдені олжалады. Жарыс барысында жас спортшы болгариялық Радина Захариева, Мартина Николова, Белослава Балканская, словакиялық Вивьен Муркова, румыниялық Карисс Сербан мен Бьянка Томуды ұтты. Енді Жәниядан бөлек, Артём Ваплет, Дагир Данияров, Әмір Сарқытбай сынды жас өрендер Испанияның Пладжа-де-Аросында жалауы желбірейтін жарыста бақ сынайды.
  • АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы «Industry Hills Expo Center»-де «International Taekwondo Fest 2025» деп аталатын халықаралық турнир аяқталды. Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған 300-ден аса таеквондошы қатысқан жарыста Әділет Базарбаевтың бағы жанды. 63 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан ол Таха Хозема Хамбати, Стэнли Лопес, Алден Рю сынды шеберлерді айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені қанжығасына байлады.
  • Ақтөбеде таеквондодан (WT) ел кубогінің бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Командалық есепте Алматы қаласы озып, 3 алтын, 2 күміс, 4 қоланы олжалады. Екінші, үшінші орындарды Атырау (2 алтын) мен Түркістан облысы (1 алтын, 2 күміс, 2 қола) иеленді.
  • Туриндегі турнирде топ жарғаннан кейін еліміздің теннисшісі Алек­сандр Бублик АТР рейтингінде бірден 25 сатыға жоғарылап, 51-орынға табан тіреді. Александр Шевченко 97-орында. Ерлер арасында әлі де италиялық Янник Синнер көш бастап тұр. Екінші, үшінші орындарда – испаниялық Карлос Алькарас пен германиялық Александр Зверев. WTA рейтингінде беларусьтік Арина Соболенко алдына жан салар емес. Оны АҚШ-тың қос өкілі Кори Гауфф пен Джессика Пегула өк­шелеп келеді. Еліміздің ең үздік ойыншысы Елена Рыбакина 12-орында, екінші ракетка Юлия Путинцева 32-сатыға жайғасты. Сондай-ақ Жа­по­ниядағы жеңісінен кейін Зарина Диастың да жағдайы біршама жақ­сарды. Жерлесіміз 43 сатыға жоғарылап, бұл күндері 275-орында тұр.
  • Францияның Страсбургіндегі турнирді екінші кезеңнен бастаған еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қытайлық Ван Синьюйді 6:1, 6:3 есебімен ойсырата ұтты. Үшінші айналымда польшалық Магда Линетпен шеберлік байқасады. Жарыстың жүлде қоры 925 661 еуроны құрайды.