Теннис • 23 Мамыр, 2025

Ролан Гаррос басталады

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

25 мамырда Парижде «Үлкен дулыға» санатындағы турнир­лердің бірі – Ролан Гаррос басталады. Жүлде қоры 56 352 000 еуроны құраған байрақты бәсекеде әлемнің ең үздік тен­нисшілері бақ сынайды. Солардың қатарында еліміздің де өкілдері бар. АТР мен WTA рейтингінде ТОП-100-дікке еркін енген Александр Бублик (АТР №73), Александр Шевченко (№92), Елена Рыбакина (WTA №11), Юлия Путинцева (№24) турнирдің негізгі бөлігіне бірден жолдама алды.

Ролан Гаррос басталады

134 жылдық тарихы бар Ролан Гарроста талай жақсылар мен жайсаңдар жасындай жар­қылдағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ерлер арасында ең көп табысқа жеткен Рафаэль Надаль. Испанияның мақ­танышы 2005–2022 жылдар аралығында 14 турнирде топ жарды. Дәл осы саң­лақ атой салған кезеңде тек үш теннисшінің ғана оны тұғыр­дан тайдыруға шамасы жетті. Олар – швейцариялық Роджер Федерер мен Стэн Вавринка, сербиялық Новак Джокович. Федерер 2009 жылы, Вавринка 2015 жылы, Джокович 2016 мен 2021 жылдары бас жүлдені олжалады. Қал­ған жарыстардың барлығы Рафаэль Надальдің жарқын же­ңісімен аяқталды.

ХХ ғасырдың басында кортта еркін ойқастаған франциялық Макс Декюжидің сегіз мәрте мерейі үстем болды. Жетпісінші жылдары Бьорн Боргтің ба­сымдығы айқын байқалды. Швецияның марқасқасы алты турнирде топ жарды. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында өнер көрсеткен Францияның ойыншысы Анри Коше байрақты бәсекенің бесеуінде қарсылас шақ келтірмеді.

Әйелдер арасындағы рекорд­тық көрсеткіш Крис Эвертке тиесілі. Америкалық ару 1974–1975, 1979–1980, 1983, 1985–1986 жылдары жеті жарыстың жеңім­пазы атанды. Франциялық Сюзан Ленглен (1920–1923, 1925–1926) мен германиялық Штеффи Граф (1987–1988, 1993, 1995–1996, 1999) алты мәрте алдына жан салмады. Аустралиялық Маргарет Корт­тың (1962, 1964, 1969–1970, 1973) бес турнирде жұлдызы жанды.

Францияның бас шаһарында жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі турнирде талай таңдай қағарлық жайттар да орын алды. Мәселен, 2004 жылы жергілікті қос теннисші – Фабрис Санторо мен Арно Клеман арасындағы матч 6 сағат 33 минутқа созылды. 2010 жылғы финалда жапониялық Каруми Нараи румыниялық Моника Николескуден басым түсті. Бұл кездесу 4 сағат 42 минуттан кейін өз мәресіне жетті. 1988 жылы Германияның мықтысы Штеффи Граффқа КСРО-ның өкілі Наталья Звереваны еңсеруге небәрі 34 минут жеткілікті болды. Бұл бәсеке 6:0, 6:0 есебімен аяқталды.

Былтырғы Ролан Гарроста испаниялық Карлос Алькарасқа тең келер ешкім табылмады. Бастапқы бәсекелерде Флавио Коболли (Италия), Таро Даниэль (Жапония), Денис Шаповалов (Канада), Лоренцо Музеттиден (Италия) мерейі үстем болған испаниялық теннисші ширек финалда Стефанос Циципасты (Грекия), жартылай финалда даңқы жер жарған Новак Джо­ковичті жеңді. Финалда Кас­пер Рудты (Норвегия) қапы қал­дырды.

Әйелдер сайысында Ига Свёнтек шашасына шаң жұқтыр­мады. Соның алдындағы екі турнирде де Польшаның өкілі ешкімге дес бермеген еді. Бұл жолы алғашқы айналымдарда Леолия Жанжан (Франция), Наоми Осака (Жапония), Мария Боузкова (Чехия), Анастасия Потаповадан (Ресей) айласын асырды. Ширек финалда Мар­кета Вондроушованы (Чехия) ұтты. Жартылай финалда Коко Гауффты (АҚШ) жолынан ығыс­тырса, финалда Жасмин Пао­линидің (Италия) осал тұсын оңай тапты.

Былтырғы Ролан Гарроста еліміздің теннисшілері арасынан ең үздік нәтижеге Елена Рыбакина қол жеткізді. Әлемнің 12-ракеткасы ширек финалға дейін жетіп, сол межеде Жасмин Паолиниге жол берді. Оның алдында жерлесіміз Грет Миннен (Бельгия), Аранча Рус (Нидерланд), Элизе Мертенс (Бельгия), Элина Свитолина (Украина) сынды танымал тен­нисшілерді тізе бүктірген еді. Өкінішке қарай, өзге ойыншыларымыз сәтсіз өнер көрсетті. Юлия Путинцева екінші кезеңде Паула Бадосадан (Испания), Александр Шевченко Лорецо Музеттиден (Италия) жеңілді. Александр Бублик пен Тимофей Скатов алғашқы айналымнан аса алмады.

Париждегі турнирдің тарихында еліміздің екі теннисшісі ғана ширек финалға дейін жеткен. Олар – Ярослава Шведова мен Елена Рыбакина. Спорттық мансабын әлдеқашан аяқтаған Шведова 2010, 2012 жылдары, бүгінде өрелі өнерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып жүрген Рыбакина 2021, 2024 жылдары сол межеден көрінді. Сәл ертеректе елімізде туып-өсіп, кейіннен Ресей азаматтығын алған Елена Лиховцеваның жартылай финалда ойнағаны да есімізде. Негізінен жекелеген сайысқа қарағанда жұптық бәсекедегі табысымыз қомақты. Мәселен, 2015 жылы аустралиялық Кейси Деллакквамен жұп құрған Ярослава Шведова, 2021 жылы Александр Бублик пен Андрей Голубев жұбы финалда ойнады.