
Күні кеше «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің бастамасымен «Amanat» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының 100 волонтері қала тұрғындарымен бірге А.Пушкин көшесіндегі канал маңын тазалады. Қаладағы волонтерлік ұйымдардың белсенді жастары апта сайын тұрғындармен бірге экологиялық акцияларға қатысады. Бүгін бір ұйым сенбілікке шықса, келер апта екінші, үшінші ұйымның еріктілері құрал-сайманын сайлайды. «Жастар рухы» жастар қанатының волонтерлері өткен бейсенбіде елордадағы «Алматы» ауданында көше бойын тазалаған.
А.Пушкин көшесіндегі канал маңында еріктілермен бірге «Байқоңыр» ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Баянбеков болды.
– Қала жастарының экологиялық акцияларға, қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысатыны қуантады. Бүгінгі акцияға 100-ден астам волонтер қатысуға ниет білдірді. Жалпы, «Байқоңыр» ауданында тазалық жұмыстары, абаттандыру қызу жүріп жатыр. Жыл басынан бері 1 611 ағаш егілді. Оның ішінде Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында пайда болған жасыл орманды ерекше айтуға болады. Аталған учаскедегі бос кеңістікке 500-ге жуық ағаш егілген. Осылайша, қаламызда тағы бір экологиялық таза, тыныш демалыс аймағы құрылды. Көгалдандыру барысында қылқан жапырақты ағаштар, алма, алмұрт ағаштары, қарағай отырғызылды. Осы аймақтардың барлығын таза ұстауға жұмылған жауапты мекемеге, сенбілікке шығып жүрген қала тұрғындарына алғыс айтамыз, – дейді А.Баянбеков.
Ауданның күл-қоқысын шығаруға шыққан белсенді жастардың қатарында «Шипагер» медициналық колледжінің студенті Алыпжан Айдаров та бар. Оқуда озат жас спортпен шұғылданады, волонтерлікке де уақыт табады.
– Колледжде фельдшер мамандығында оқимын. Волентерлікпен екі жылдан бері айналысамын. Биыл жыл басынан бері сенбіліктерден қалмауға тырысып, осымен төртінші рет акцияға келіп тұрмын. Менің түсінігімде «тазалық» деген сөздің ауқымы кең. Әсіресе біз секілді медицина саласында оқитын студенттер тазалықты өзінен бастауы керек. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында біріншіден, қала тазалығына үлес қоссақ, екіншіден, студенттік өмірдің шуақты кезеңдерін көңілді өткізіп жүрміз. Осылайша, уақытты барынша тиімді пайдалансақ дейміз. Волонтерлік ұйымға бәрімізді «жақсылық жасау» деген ортақ мақсат біріктірді, – дейді Алыпжан.
Осыдан бір ай шамасы бұрын «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты әлеуметтік желідегі парақшада тазалыққа үндейтін байқау жариялаған. Оның шарты бойынша қала тұрғындары шыны, пластмасса бөтелкелерді жинап, Тәуелсіздік, 3 мекенжайына өткізуге тиіс болды. Бөтелкелерді ұйымдастырушылар қайта өңдеу полигонына тапсырады. Ұтысқа қатысуға отыздан астам бөтелке алып келген қала тұрғындары болды. Акция барысында ұтыстың жеңімпаздары анықталды. Басты сыйлық Астана халықаралық университетінің менеджмент мамандығында оқитын Диляра Ысқақоваға бұйырды. Тағы бірнеше студентке тамақтану орнына жолдама берілді.
– Мен университеттегі «Қолғабыс» волонтерлік ұйымының мүшесімін. Волонтерлікпен мектеп жасынан айналысамын. Көбіне қарттарға көмектестік. Әлеуметтік желіде бөтелке жинап, конкурсқа қатысуға болатын байқау жарияланғанын естіп, бағымды сынап көрсем дедім. Онсыз да волентерлік ұйымда тазалыққа араласып жүрміз. Көрсетілген мекенжайға 40 бөтелке апарып тапсырдым. Apple Watch ұтып аламын деп ойлағаным жоқ. Дегенмен маған бұйырғанына қуаныштымын. Қала тұрғындарын, қатарластарымды тазалық сақтауға шақырамын, – дейді Д.Ысқақова.
Биыл «Байқоңыр» ауданындағы 17 учаскеде көгалдандыру жұмысын жандандыру жоспарланған. Оның ішінде 5 000-нан астам ағаш отырғызылады. Сол секілді 1 079 бұта, 16 355 көпжылдық, 5 795 біржылдық гүл егіледі. Осылайша, ауданды көгалдандыру жұмыстарына жылдағыдай көп көңіл бөлінгелі тұр. «Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болатынын» жақсы білетін елордалықтар жалпыхалықтық сенбіліктерден қалмай, жаңа кейіпке енген аулаларын күтіп ұстайды деп сенеміз.