
Сурет: vecher.kz
Қара шаңырақта отырған келінге қолқа салғанбыз. Өтінішіміздің орайы – бие сауу. Баяғыда бала кезімізде ауылдағы әр үйдің босағасында хош иісі аңқыған күбі тұрушы еді. Қазір некен-саяқ.
– Үш бие құлындады, – деді інішек, – бәрін саусақ өзімізге де, сендерге де жетеді. Тек қор таба алмай отырмыз.
Иә, қор керек-ақ. Бұрын болған. Қазір ілкідегі үрдіс үзілген. Ақ әжемнің әлеуетті шаруасы ойға оралғаны. Әжем әлдебір әнді ыңылдап жүріп, жаңа сауылған биенің сүтін кір шалмаған тап-таза сүзгіден өткізіп, жып-жылы кезінде күбідегі қордың үстінен құятын. Содан соң міндетті түрде отыз- қырық минут пісіп, аузын бүркемелеп, қымтап қоятын. Үйдегі балалар күбіні әрқайсымыз санап пісіп, мен жүзге, мен екі жүзге жеткіздім деп бір-бірімізге мақтанатынбыз. Алғаш рет қымыз ашытарда биенің сүті арнайы ашытқының немесе қордың үстіне құйылатын. Ашытқыны әдетте сүр жаяның, қазының сынық-сүйемін салып сүттен, ол болмаса сүтке нан ашытқысын езіп әзірлейтін. Қор дегеніміздің өзі – ескі, бұрынғы қымыз. Қазақта көне заманнан бұрын келе жатқан «қоры үзілмеген» деген астарына көп мағына сиятын сөз тіркесі бар. Бұл арада жалғыз қымыздың қоры айтылмаса керек, ондағы айтпақ ойдың ұшығы қорлы, қордалы шаңырақ өзінің әрбір ісіне ұқыпты, тыңғылықты отбасы деген ұғымды білдірсе керек-ті. Қордың үзілмеуі күнделікті тіршілікте бір-біріне сабақтасып жататын қат-қабат шаруаның рет-ретімен атқарылуына қажетті тұрмыстық жайлардың өзара жарасым табуы. Сары қымыз қашан да адам ағзасындағы сан алуан дертке шипа, денеге күш құятын қастерлі, құдіретті тағам болып саналады. Қымыздың ерекше дәмді, айрықша құнарлы, жан сарайыңды ашып, сіңімді келетіндігі. Жылқы – жаратылысынан өте кірпияз түлік. Ол мың сан шөп өсетін жайылымнан тек асылын ғана теріп жейді, суды жалдап жүріп тұнығын ғана ішеді. Осының бәрі айналып келгенде бие сүтінің құнарын өзге төрт түлік малдың сүтінен әлдеқайда артығырақ етіп тұрады.
Өткеннің ескі елесі көңіл тебірентті. Қайран ауылдың қоры үзілмесінші. Қымыздың ғана емес, қыруар қазақы шаруаның деп тіледік.