Қоғам • 26 Мамыр, 2025

Ақ мамықтың ақиқаты: Терек айналаға қауіпті ме?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көктем соңы мен жаздың басында елорда тұрғындарын мазалайтын бір құбылыс – терек мамығы. Астананың көшелерінде қалықтап ұшатын ақ ұлпа көрінісі кей адамға романтика сыйлайтын да шығар. Бірақ көпшілік үшін аллергия мен жайсыздыққа айналған. Ал бұл мамық расында денсаулыққа қауіпті ме, әлде көпшіліктің жаңсақ түсінігі ме?

Ақ мамықтың ақиқаты: Терек айналаға қауіпті ме?

Мәселен, қала тұрғындары көктем шықса болды, терек мамығы ауада қалғып жүретінін, ол тыныс алуға кедергі келтіретініне шағымданады. Балалар да, үлкендер де аллергиядан зардап шегіп жататынын айтады. Терезе ашылса үйдің ішіне дейін кіріп кететінін айтып шағымданады.

Бірақ аллерголог маман Әлия Қайратқызының айтуынша, терек мамығы - аллерген болып табылмайды. Адамдар жиі еститін «маған терек мамығына аллергия» деген шағым шындыққа жанаса бермейді. Аллерголог маман бұл туралы нақты түсінік берді.

157

«Терек мамығының өзі аллерген болып саналмайды, ол тек мамыр-маусым айларында белсенді гүлдейтін өсімдіктердің тозаңын тасымалдайды. Көпшілік «терек мамығына аллергиям бар» деп жатады. Шын мәнінде, олай емес», дейді аллерголог.

Көбіне аллергияны астық тұқымдас өсімдіктер мен арамшөптердің тозаңы тудырады. Бұл уақытта олар ауаға таралып, терек мамығы сол тозаңдарды бірге тасымалдайды. Ал аллергиясы жоқ адамдарда байқалатын түшкіру мен көздің ашуы шырышты қабықтың механикалық тітіркенуінен туындайды.

Маманның айтуынша, терек тозаңы аллергия тудыруы мүмкін, бірақ ондай жағдайлар өте сирек кездеседі.

Аллергиямен күрестің жолы – оның алдын алу шаралары. Аллергиясы бар адамдар үшін мамық мезгілі шынында да ауыр болуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бірқатар маңызды кеңестер ұсынды:

  • Таңертең және күндіз терезе ашпау,
  • Көзілдірік пен маска, респиратор қолдану,
  • Көшеден келген соң, киімді ауыстырып, душ қабылдау,
  • Мұрын қуысын тұзды сумен шаю,
  • HEPA сүзгісі бар ауа тазартқыштарды қолдану,
  • Фитопрепараттардан бас тарту,
  • Дәрі-дәрмекті тек дәрігердің кеңесімен қабылдау.

Айта кететін жайт, дәрігердің ұсыныстарын қарапайым ғана сақтық шаралары деп қарамауымыз керек. Қазір аллергия – сирек кездесетін дерт емес. Сондықтан аллергияның алдын-алу үшін  профилактика жұмыстарын жүргізубасты қару.

Терек – қаланың өкпесі

Көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің бас маманы Айдар Қанатұлы «Терек – экологиялық күрестегі одақтасымыз» екенін айтады. Оның себебі де түсінікті: терек – төзімді, тез өсетін, ауаны шаң мен газдан тазартатын ағаш түрі.

«Терек – ең тез өсетін ағаштардың бірі. Оның жоғары өсу жылдамдығы мен мол жапырақты массасы арқасында көмірқышқыл газын белсенді сіңіріп, айтарлықтай мөлшерде оттегі бөледі. 25-30 жастағы бір терек төрт ересек адамға жеткілікті оттегі өндіре алады», дейді басқарманың бас маманы.

ж

Сонымен қатар терек жапырағы ауадағы зиянды бөлшектерді – күйе, шаң, тіпті газдарды жұтып алады. Сондықтан оларды кесіп тастау қаланың экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін.

«Қаладағы барлық теректерді кесіп тастаса да, аллергиядан құтылу мүмкін емес. Ал терек ауаны жақсы сүзетінін ұмытпаған жөн», дейді маман.

Маманның айтуынша, Астана қаласының аумағында шамамен 230 мың терек өседі. Олардың көпшілігі қаланың ескі бөліктеріндегі (Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр) аудандарда шоғырланған.

Қазір қалада мамық шығармайтын аталық теректерді отырғызу қолға алынған. Бұл ұзақ мерзімді, жоспарлы өзгеріс болғандықтан, мәселе бірден шешілмейді. Сол уақыт ішінде мамықты тазалау, бұтақ кесу, арнайы көшеттермен алмастыру – уақытша, бірақ қажетті шаралар.

«Терек бұтақтарын кесу – қаладағы терек мамығының мөлшерін азайтудың ең тиімді әдістерінің бірі, дегенмен мәселені толығымен шешпейді. Ескі, мамық шығаратын теректерді мамық шығармайтын немесе аз мөлшерде шығаратын ағаш түрлерімен (мысалы, аталған қайың, жөке, қарағаш, үйеңкі, тал, қарағай, шырша, сондай-ақ аталық пирамидалы топольдер) ауыстыру қалалық ортадағы мамықтың жалпы мөлшерін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді», дейді А.Қайратұлы. 

Экология мен жайлылық арасында тепе-теңдік табу – кез келген мегаполис үшін маңызды. Терекке қарсы науқан бастамас бұрын, оның қаламызға шын мәнінде әкеліп отырған пайдасын ескерген жөн.

Өрт қаупі – басты назарда

Терек мамығына қатысты ең үлкен қауіп – оның оңай тұтануы. Мамандардың айтуынша, балалар арасында бұл "ойынға" айналып кеткен.

«Мамықты өртеу ерекше қауіп төндіреді, оны балалар ойын ретінде қабылдайды. Көбінесе өрт тез таралып, машиналарға, ғимараттарға және тұрғын үйлерге ауысады», делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Өрттің алдын алу үшін:

  • Мамықты өртемей, тек ылғалмен тазалау қажет;
  • Балаларға өрттің салдарын түсіндіру маңызды;
  • Мамық жиналған аумақтарды үнемі бақылап, тазалау керек;
  • Темекі шегуге тыйым салынған орындарды сақтау қажет.

Бір қарағанда "ақ үлпек мамықтан қандай қауіп төнуі мүмкін?" деп ойлайсың, алайда, санаулы секунд ішінде апатты жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан бұл маусымда бейқам жүруге болмайды. 

Терек мамығына қатысты қоғамда тараған пікірлер мен түсініктер әртүрлі. Бірақ сала мамандары бұл мәселеге сабырмен қарауға шақырады. Терек – тек мамық емес. Ол – экологияның қорғаушысы, ауа сүзгісі, оттегі көзі. Оның зиянын емес, пайдасын таразылаған дұрыс.