
Фото: freepik.com
Арнайы курстарда оқыған педагогтер ел мектептерінде кәсіптік бағдар беру қызметін атқарып, оқушылардың дұрыс мамандық таңдауына өзіндік үлес қосып келеді.
Еске салайық, биыл 31 наурызда орта білім беру ұйымдарында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітіліп, саланы одан әрі дамыту көзделді.
Ал, күні кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ерте кәсіби бағдар беру туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептерде бастауыш сыныптардан бастап түрлі мамандық иелерімен кездесулер ұйымдастырылатынын, 7-сыныпта оқушылар үшін тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізілетінін, аталған жайттар бойынша әзірленіп жатқан арнайы цифрлық платформа – оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім алу жолын саналы түрде таңдауға септесетінін атап өтті.
Айта кетелік, қазіргі уақытта мектептердегі кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі міндеттері бойынша оқушыларға мамандықтар туралы түсініктер беріліп, кәсіптік қызығуы мен бейімділігін, қабілеттілігін қалыптастыру-дамыту үшін оқушының дара ерекшеліктері зерттеледі. Сонымен қоса, мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмек жасалып, оқушыларды белгілі бір мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу жұмысы жүргізіледі.
9-11 сыныптарда бейінді оқытуға көшу арқылы оқушылардың мамандық таңдауына септесу көзделіп, осы кезеңде жас ұрпақтың болашағы үшін негізгі көмекке мектеп проферионтологтары келетіні мәлім.
Мектептердегі кәсіптік бағдар берудің жалпы жай-жапсары туралы Түркістан облысының Шардара ауданына қарасты «Сырдария» ЖББМ-нің бейіндік оқыту ісі жөніндегі директордың орынбасары Бақтыгүл Бектастың айтуынша, жоғары сыныптарда жекелеген пәндер тереңдете оқытылып, соның нәтижесі оқушы, ата-ана, психолог және сынып жетекшісінің бірлескен жұмыстарымен, оның ішінде сауалнамалар арқылы анықталып отырады.
«Бейінді сыныптарға оқушылардың белгілі бір мамандыққа икемділігін анықтау жұмыстары ата-аналардың талаптары және жазбаша өтіштері бойынша да жүйелі түрде іске асып келеді», дейді Бақтыгүл Айдарханқызы.
Мектептерде оқушылардың болашақ бағыты мен оқу орындарын таңдау мәселесін шешу үшін колледждермен және университеттермен ынтымақтастық жұмысы ұйымдастырылатыны мәлім.
«Мектеп бітіруші түлектерге дұрыс таңдау жасауына кең түсінік бере отырып, көп салалы оқу орындарымен онлайн-офлайн кездесу басты мақсатымыздың бірі. Жалпы айтқанда, мектебімізде ата-аналар мен оқушыларға заманауи жаңа мамандықтармен таныстырып, кеңінен ақпараттандыру жұмыстары, ашық сабақтар, мамандармен кездесулер және дөңгелек үстелдер жиі өтіп жатады», деді Б.Бектас.
Б.Айдарханқызы келешекте жұмысшы болатын балаларды анықтау мәселесіне де тоқталды.
«Жалпы қарапайым жұмысшы болатын балаларды ата-аналарына ауыл шаруашылығындағы түрлі еңбек дағдысын икемді игеруі тұрғысында және оқушылардың білім, білік, бейін дағдысы бойынша әлеуметтік сауалнама сұрақтарына жауаптары арқылы анықтап отырмыз», дейді Бақтыгүл Бектас.
Қазақстанда профориентация саласы дамып келе жатыр. Келешекте колледждер мен ЖОО-ларда кәсіби бағыт-бағдар беру арнайы мамандық ретінде оқытылса, қоғам одан әрі өркендейтіні сөзсіз.