Үкімет • 22 Мамыр, 2025

Медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізілмек

40 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Атап айтсақ, дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны, Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары талқыланды. Сондай-ақ күн тәртібінде инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау мәселелерін қарастыратын заң жобасы екінші оқылымда қаралды.

Медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізілмек

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Қазақстан мен Түрікменстан өзара инвестицияларды қорғау­ға келісті. Осы мәселе туралы Мәжілісте талқыланған заң жобасын Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды. Жалпы отырыс­та Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі ара­сындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты – ин­вестициялық қызметке қолайлы жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы ел­дердің экономикалық әл-ауқа­тын жақсарту. Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің инвесторлары жүзеге асырған инвестиция­лар әділ әрі тең құқылы режім пайдалана­ды. Сондай-ақ ол екінші тарап мем­лекетінің аумағында толық қорға­лады, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ алдағы уақытта Қырғыз­станмен одақтастық қарым-қатынас­ты кеңейтуге мүмкіндік беретін тиісті заң жобасын Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин таныстырып, баян­дама жасады. Бұл туралы екі ел арасындағы одақтастық қаты­нас­тарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялаған заң жобасында қарастырылған. Келісім екіжақты ынтымақ­тастықты жан-жақты дамытуға қосым­ша серпін беріп, ынтымақ­тастықтың кең ауқымын қамти­ды. Оның аясында бірқатар екіжақты келісімдер күшіне енді. Ол саяси, экономикалық, транзит-көлік, су-энергетика және ауыл шаруашылығы сала­ларындағы, оның ішінде бір­лескен кәсіпорындар құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ екі елдің рухани және мәдени жақындығын нығайту арқылы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Мәжіліс инновациялық қыз­мет саласын мемлекеттік қол­дау жүйесін жетілдіру мәселесі төңірегіндегі заң жобасын осы отырыста екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасын таныс­тырған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айтуар Қошмамбетов мемлекеттік қолдау құрал­дарын оңтайландыру үшін Инновациялық технология­лар паркі мен «Astana Hub» бірікті­рілетінін мәлімдеді.

Түзетулер біртұтас иннова­циялық кластер құру және оның қатысушыларын қолдауды кеңейту арқылы инновациялық қызмет жағдайын жақсартуға арналған.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы бірың­ғай инновациялық кластер құру және оған қатысушылар үшін қолдау­ды кеңейту арқылы иннова­ция­лық қызметке жағдайларды жақ­сар­ту мақсатында әзірлен­ді», деді Мәжіліс депутаты А.Қошмамбетов.

 

МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізілді

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің мүшесі Гүлдара Нұрым таныстырды.

Оның айтуынша, енді елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізілмек. Мәжіліс осы мәселеге, яғни міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету мәселелеріне қатысты заңды екінші оқы­лымда қабылдады. Мемлекет бас­шы­сының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатымен Үкімет әзірлеген бұл құжат міндетті меди­циналық сақтандыру сала­сындағы мемлекеттік қыз­мет­тің құқықтық және ұйымдас­тыру­шылық негіздерін жетіл­діруге бағытталған.

Заң тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті меди­циналық сақтандыру жүйесінде көр­сетілетін медициналық қыз­мет түрлерін ажырата отырып, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды ұсынады.

Депутат Г.Нұрым медици­налық қызмет көрсету саласын­дағы бақылауды күшейту және қадаға­лау­ды енгізу бойынша ұсынылған нормалар қызу талқыланғанын атап өтті.

– Депутаттар денсаулық сақтау сала­сындағы уәкілетті органға анық­талған бұзушылықтарға жедел ден қою шараларын қолдану құқы­ғымен қадағалау функция­сын беру ұсы­нысын енгізді. Үкі­меттің қоры­тын­дысына сәйкес, тиісті лицензия немесе сертификат болмаған жағдайда қада­ғалауды енгізу жөніндегі түзетулер қабылданды, – деді Гүлдара Нұрым.

Десе де заң жобасын тал­қылау барысында кейбір ұсы­ныс қолдау таппады. Сондай-ақ медициналық ұйымдар МӘМС жүйесіндегі қар­а­жаттың жұмсалуы туралы ақпаратты жариялауға мін­деттелді. Түзету­лермен жұмыс барысында депутаттар міндетті әлеуметтік меди­циналық сақ­тан­дыру жүйесінде жарналарды үздіксіз төлеп келген тұлғалардың жарна төлеуді тоқтатқан сәттен бастап алты айға дейін медициналық көмек алу құқығын сақтауды ұсынды.

 

Өңір халқының өзекті мәселелерін жеткізді

«Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Ұлықбек Тұмашинов Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында елді мекендерді газбен қам­тамасыз ету мәселелерін көтер­ді. Депутат Шығыс Қазақстан­да қыс мезгілі алты жарым айға дейін созылатын айтып, өңір тұрғындарының «газдандыру мәселесі қашан шешіледі?» деген басты сұрағын жеткізді.

– Бұл сұрақтың өзектілігі – кейін­гі жылдары көмір бағасының шарықтауымен және оның сапа­сының сын көтермеуімен байланысты. Ауылдық жерлер­де көмір бағасы 30 мың теңгеге дейін жетті, ал оның сапасы тұрғын­дарды алаңдатып отыр, – деді Ұ.Тұмашинов.

Әсіресе Шығыс Қазақстанның шекара маңындағы аудандарын газбен қамту аса өзекті болып отырғанын атап өтті.

– Газ кенішінің үстінде отырып, көгілдір отынға қол жеткізе алмау – Зайсан халқы үшін түсі­ніксіз әрі әділетсіз жағдай. Газ кенішінің үстінде орналасқан Зайсан азаматтарының ашу-ызасын, мұң-мұқтажын есту өте қиын, – деген депутат мұндағы газ қорының азайып келе жатқанын айтып, Үкіметке халықты газбен қамтудың балама жолдарын ойластыру керектігін ұсынды.

Сондай-ақ депутат Ұласбек Сәдібеков сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке бағыттап, Түркістан облысындағы ша­руалардың қуаңшылық қыс­пағында қалғанын айтып, шы­бын-шіркейлердің де елді әбден әбі­герге салып жатқанын жеткізді.

– Кейінгі жылдары өңір халқын, әсіресе диқандар мен шаруаларды алаңдатқан өзек­ті мәселелер көбейіп барады. Атап айтар болсам, биыл шар­уалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды. Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-эко­номикалық жағдайын қиын­датып жіберді, – деген депутат қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жос­парланған өнімді ала алмауы мүмкін екенін де ескертті.

Осылайша, Үкімет басшысына қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режімін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағыт­талған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыруды ұсынды.

Сонымен қатар аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын жедел әрі тиімді жүзеге асыру үшін өңдеуге жататын барлық жер көлемін республикалық бюджеттен 100% қаржыландыру мәселесін көтерді.