
Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Зауытты тексеру 16 негізгі тармақты қамтитын асфальт-бетон зауыттарынан асфальт-бетон қоспаларын шығару мен оның сапасын бақылау жөніндегі қағида негізінде жүзеге асады (қоспа түрінің көлемін сақтау, компонентті мөлшерлеу дәлдігін тексеру, экологиялық қауіпсіздік туралы шара). Ол шикізатты таңдау мен дайындаудан бастап, төсеу алдында дайын қоспаны бақылауға дейінгі өндірістің барлық кезеңін қамтиды. Тексеру жөніндегі деректерді «ҚазжолҒЗИ» АҚ өңдеп, rcmbase.kz жол материалы бірыңғай базасына енгізеді.
«Біз Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша жергілікті жолдардың сапасын арттыру аясында тексеру жүргізіп жатырмыз. Елдегі барлық 415 зауыт нарыққа шықпас бұрын тексеріледі. Егер сәйкессіздік анықталған жағдайда тапсырыс берушіге теріс қорытынды жібереміз. Бір сөзбен айтқанда, өнімнің елімізде қабылданған стандарттарға сәйкестігі қорытындыда расталады», деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Инженерлік-техникалық бөлімінің бастығы Өтеген Қанатбаев.
Көлік министрлігінің талабына қарай, әрбір зауытты тексеру шеңберінде мамандар өнімнің белгіленген стандарттарға сәйкестігін бағалап, битумның, инертті материалдардың сапасы мен технологиялық үдерістердің сақталуын бақылайды. Зертханада материалдың талапқа сай екеніне көз жеткізу үшін қоспа үлгілері мұқият талданады.
Бұл сынды тексеру тек нормативті сақтауға ғана емес, ең бастысы жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігіне бағытталған маңызды жұмыс. Өйткені асфальттың сапасы жолды пайдаланудың мерзімі мен автокөлік жүргізушінің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бақылау тек өндірісті ғана емес, сонымен қатар компонентті сақтау мен тасымалдауды да қамтиды. Бұл қолданылатын өнімнің тұрақтылығы мен жоғары өнімділігін қамтамасыз етуге, жолдағы сапаны жүйелі бақылау мен жыл сайынғы ықтимал ауытқуды уақтылы анықтауға, оны тез жоюға мүмкіндік береді.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК өз жұмысын жалғастырып, бақылаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету арқылы заманауи, қауіпсіз жол инфрақұрылымын дамытуды үлкен жауапкершілікпен жүргізеді. Таяуда Астанадағы «Қаз Снаб Строй Сервис» деген мердігер мекеменің зауытына аталған орталық мамандарымен бірге бардық. Мұнда ұсақ және ірі асфальт-бетонды қоспалар шығарады. Құрамында құм, ірілі-ұсақты қиыршық тастар бар. Оған қосымша битум қоспасы да жасалады. Ол – отандық мұнай қалдығынан істелген битум қоспасы. Айтарлығы мұндағы инертті материалдың бәрі отандық өнім. Астана айналасындағы, әсіресе Тас бұлақты иектеген Майлытаудағы карьерлерден алынған тастардан жасалады.
«Бұл – озық технологиямен жұмыс істейтін елордадағы бетке ұстар мердігер компанияның бірі. Жоғары талапқа сай сапамен жұмыс істеуіне қажетті асфальт-бетон зауыттары мен зертханасы бар. Расын айтқанда, осы мердігер компания бүгінде елорданың ішкі жолын 50 пайыз қамтамасыз етумен қатар, Астанадан шығатын үлкен жолдарға да өнімін жіберіп отыр. Республика бойынша осындай асфальт-бетон зауыты 415, оның 18-і елордада», деді бөлім бастығы.
Оның айтуынша, елдегі асфальт-бетон зауыттарының саны көп болғанымен, бірқатарының техника-технологиясының тозығы жеткен. Олар талапқа сай материал шығара алмайды. Әйтсе де, зауыттарды жаңарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Себебі бүгінде Үкімет республикалық жолдарға қарағанда, жергілікті жолдарға баса назар аударып тұр. Соған орай өңірлердегі асфальт-бетон зауыттарына да сұраныс арта түсті.
«Өкініштісі, зауыт саны көп болғанымен, бірнешеуінің техника-технологиясы тозғандықтан, қазіргі талаптарға сай өнім бере алмайды. Десек те басым көпшілігі сағатына 100 тоннадан бастап, 380 тоннаға дейін асфальт-бетон шығарады. Зауыттағы асфальт-бетон жасаушы қондырғылар Германия, Италия, Украинадан әкелінгенімен, отандық стандартқа сай технологиямен өнім жасайды», деді Ө.Қанатбаев.
Былтыр Астана қаласындағы жол құрылыс жұмысына 100 млрд теңге ақша жаратылған екен. Бұл – аса ірі көлемдегі қаражат. Оның бір бөлігі зауыт қондырғыларын жаңартуға жұмсалған.
Біз келген «AMMAN UB340» елорданың Көктал шағын ауданының шет жағына орын тепкен. «Кәсіпорынның іргетасы 2020 жылы қаланды. Мұнда 26 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Қуаты туралы айтар болсам, бір сағатта 340, ал тәулігіне 5 мың тонна өнім шығарады», деді зауыт бастығы Айдос Төлеутаев.
Сапа орталығының мамандары тексеруге алған дайын асфальттың құрамында қандай материалдар мен қоспалар бар екенін сұрадық. Оның айтуынша, бұл асфальт-бетонның аты «Шма-20» полимер. Бұған әр түрлі ірілі ұсақты қиыршық тас пен минералды ұнтақ, сондай-ақ полимер қосымшасы қосылады.
«Содан соң зертхана сынағынан нәтижелі өтіп, сапасы талапқа лайықты болса, өндіріске жіберіледі. Зауытта осындай өнімнің 8 түрі шығарылады. Тапсырысқа қарай кез келгенін жылдам жасап бере аламыз», деді зауыт бастығы.