
Сурет: qazaly.kz
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне, кейінгі 24 айдағы табысына байланысты есептеледі. Әр азамат жұмысынан айырылған жағдайда 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем алады. Төленетін қаражат азаматтың жұмыс істеп жүргендегі тапқан табысының 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі.
Жұмыстан босатылған жұмыскер әлеуметтік төлем алу үшін алдымен eGov.kz порталында авторизациядан өтеді. «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдайды. Электронды цифрлық қолтаңбасын қойып, өтінім жолдайды. 1 күн ішінде тұрғылықты жеріндегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз деген мәртебе беріледі. Бұл қызметті онлайн режімде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта мәлімет жібереді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жолдайды. Жұмысынан айырылған адам келіссе, хабарламаға жауап қайтарады. Төлем автоматты түрде тағайындалады. Әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады, әрі жұмыссыз қалған адамды жұмыс тапқанша қолдау мақсатында беріледі.