
Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік көші солтүстік жұрты үшін де сәтті бастама болыпты. Осының арқасында Павлодар өңірінде ғана 4 мектеп жабылудан аман қалған. Жаңа қонысқа үйреніскендер қазір қай салада да табысты жұмыс істеп келеді.
Шығыста да халқы азайған біраз елді мекеннің тұрғындары қатарын осы оңтүстік өңірден барғандар толтырып отыр. Шығыс Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Арайлым Керімбекқызының айтуынша, еліміздің ішкі көші-қонын жүйелі жүргізіп, азаматтарға нақты қолдау көрсетудің нәтижесінде жыл басынан бері Қызылорда облысынан 3 отбасы қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасыпты. Өңірде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету салаларында бос жұмыс орындары жеткілікті.
Қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдер тағайындау, балаларын мектепке немесе балабақшаға орналастыру сияқты жан-жақты қолдау қарастырылған. Мемлекеттік қолдаудан бөлек, ауылға көшіп барғандар сондағы қариялардың «қорасы бос тұрмасын» деген қамқорлығын да сезінеді. Екі сиыр, оншақты ұсақ мал беріп, оның жемшөбін, отынын түсіріп беретін жомарт азаматтар да бар.
Былтыр ғана Риддер қаласының тұрғыны атанған Жанар Сыдықова Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылының тумасы. Қазір Риддер қалалық азаматтық қорғаныс бөлімінде мамандығына сәйкес қызмет атқарады. Ол жаңа мекеніндегі табиғаттың сұлулылығына тәнті.
Ал Күршім ауданындағы Бірлік ауылына Арал қаласынан көшіп барған Гүлмира Тәзиева 7 баласымен «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспаналы болыпты. Үлкен ұлы жұмысқа орналасып, кішілері мектепке қабылданған Гүлмира қаланы ауылға айырбастағанына еш өкінбейді.
Жанға да, малға да жайлы шығыста жұмысшысын үймен қамтып, 1 млн теңгеге дейін жалақы төлеуге даяр қожалықтар бар. Облыстағы жаңадан ашылған 4 ауданға мемлекеттік қызметкерлер, ішкі істер саласының мамандары, мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспейді. Жалпы, шығыстан келген делегация 1 960 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Аман Төрегелдин Қызылорда өңіріне мемлекеттің жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына ықпал ететін бағдарламаны түсіндіру мақсатында арнайы келгенін айтады. Облыс – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қатар дамыған өңір. Қызылорда облысымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің нәтижесінде бес жылда Сырдан облысқа 800-ге жуық адам қоныс аударыпты.
«Олардың барлығы баспаналы болды, әлеуметтік жағынан жақсы қамтамасыз етілген. Бұл – бағдарламаның тиімділігін көрсететін нақты мысалдардың бірі. Біз көшуге ниетті азаматтардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесеміз. Биыл 1 404 бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Оның ішінде медицина, фармацевтика саласында 98, білім беру саласында 197, ауыл шаруашылығында 106, энергетика саласында 76, құрылыста 57, өндірісте 129, біліктілікті қажет етпейтін 95, көлік, логистика саласында 79 бос жұмыс орны бар», дейді Аман Төрегелдин.
Павлодар облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваның айтуынша, биыл өңір 4 050 адамды қабылдауға дайын. 9 жыл ішінде бұл өңірге сырттан бағдарлама аясында 20 мыңнан астам адам көшіп барыпты.
Ұлытау, Абай облыстарында да жұмыс күші тапшы. Осы өңірлерден келген өкілдер де «Болашаққа бағдар» бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен қажетті маман табудан үмітті.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақовтың айтуынша, биыл солтүстікке көшуге 9 653 адамға өңірлік квота белгіленіпті.
Жалпы, жұмыс күші аз аймақтарға 2020 жылдан бері 708 отбасы қоныс аударған. Бес жыл ішінде солтүстік өңірлерге қоныс аударушылардың қатары 1,5 есеге артқан.
ҚЫЗЫЛОРДА