
«Bilimland»
Балаларға цифрлық білім беру саласында айтарлықтай жұмыс атқарған отандық жобаның бірі – «Bilimland». Бұл жоба – білімнің қолжетімді әрі сапалы болуына бағытталған, технология мен мазмұнды үйлестіре алған ерекше экожүйе. Платформа 2011 жылдан бастап үздіксіз дамып келеді. «Білімдіге дүние жарық» деген сөздің салмағы қазір бұрынғыдан да артып, әр баланың тағдырына әсер ететін факторға айналды. Бағдарламада бала үшін қызықты, есте қалатын анимациялық видеолар, заманауи тренажерлер мен симуляторлар, әртүрлі деңгейдегі интерактивті тапсырмалар жинақталған. Мұғалімдерге әдістемелік көмек алуға, ата-аналарға баласының білім алуын бақылауға, оқушыға – білімді ойын түрінде игеруге жол ашық. «Bilimland» тек техникалық өнім емес. Оның артында білім саласын жете білетін кәсіби мұғалімдер мен әдіскерлер, шынайы шығармашылық иелері – аниматорлар мен дизайнерлер, мазмұнға жан бітірген редакторлар мен технарь-программистер тұр.
Олар тек визуалды немесе техникалық сапаға емес, педагогикалық мәнге де аса назар аударады. «Bilimland» ұстанатын басты қағида – білімді баршаға қолжетімді ету. Компания еліміздегі электронды оқыту нарығының негізін қалаушылардың бірі ретінде оқушы мен мұғалімді ғана емес, ата-аналарды да қамтуға тырысады. Әр бала білім алуы үшін ерекше тәсілді қажет етеді. Осыны ескерген «Bilimland» контентті жасайтын кезде баланың қабылдау қабілетіне, қызығушылығына бейімдейді. Бұл – ертеңгі ұрпақтың талабына жауап бере алатын аз жобалардың бірі.
«iBars Kids»
Бала ойыны – болашақтың тәрбиесі. Қазір ұялы телефон ұстаған балдырған құрылғыны бізден жылдам меңгереді. Ендеше, олардың қолындағы телефонда не бар – сол маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, «iBars Kids» – ойын арқылы ойландыратын, қызықтыра отырып дамытатын қазақтілді алғашқы мобильді қосымша. Ол жай қосымша емес, сәбидің сөйлеу қабілетін ұштап, логикасын жетілдіретін цифрлық көмекші.
2-5 жас аралығындағы балаларға арналған қосымшада миды дамытуға арналған ойын форматындағы тапсырмалар жинақталған. Әсіресе «Интеллект» пен «Логика» бөлімдері баланың ойлау қабілетін ширатып, таным көкжиегін кеңейтеді. Математика әлеміне алғашқы қадам жасағысы келетін балақайларға арналған «Сандар» бөлімі де бар. Ал үш тілді қатар меңгерту – бүгінгі заман талабы. Сол себепті «iBars Kids» қосымшасы арқылы балалар қазақ, орыс, ағылшын тілін қатар үйрене алады. Қосымшада балалар тек жаттап қана қоймай, шығармашылыққа да бет бұрады. «Боямақ» бөлімінде әлем мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді бояу арқылы баланың қиялы мен сезімі қатар дамиды. Ең бастысы – қосымшада сапалы дыбыстық сүйемелдеу бар. Бұл сәбидің сөз тануына, сөйлеу тілінің қалыптасуына оң әсер етеді. Жобаның авторы, «IT»-кәсіпкер Қазбек Сағидолла бұл бастаманы жай бизнес емес, ұлтқа қызмет деп білетінін айтады. «Ойынымыз балаларға барынша қызықты болуы үшін ерекше педагогикалық тәсілдерді, жарқын дизайн мен сапалы дыбыстық сүйемелдеуді пайдаландық. Қазіргі таңда мобильді ойынымыз республикалық, халықаралық нарықққа шықты. Алдағы уақытқа біздің жоспарларымыз орасан. Қазіргі кезде ойынның компьютерлік нұсқасы да бар», дейді стартап негізін қалаушы.
«iBars Kids» қосымшасын «App Store» мен «Google Play» дүкендерінен жүктеп алуға болады. Ең бастысы, бұл қосымша баланың білімге деген алғашқы қадамын ана тілінде бастауына мүмкіндік береді.
«BalaTime»
«BalaTime» – заманауи балалардың күн тәртібін оңтайлы ұйымдастыруға арналған мобильді қосымша. Ата-ананың да, баланың да уақытын жүйелеп, тәртіпке шақырады. Балақайдың ұйқы уақыты, тамақтануы, серуені, тіпті экран алдындағы уақыты – барлығын жүйелі бақылауға болады. Цифрлық көмекші баланың күн тәртібін қалыптастырып қана қоймай, оның психологиялық жай-күйін де назарда ұстайды. Ең бастысы, «BalaTime» – қазақтілді контентті дамытуды көздейтін санаулы жобаның бірі. Оның интерфейсі де, мазмұны да ана тілімізде. Ұлттық рухты жаңа технологиямен үндестіріп, баланың күнін пайдалы әрі тәртіпті өткізуге бағытталған «BalaTime» – XXI ғасырдың саналы ұрпағын тәрбиелеудегі тамаша құрал.
«Кибер Тұмар»
Балаға тұмар таққан жұртпыз. Бірақ бүгінгі ғасырда тұмар тек мойынға тағылатын көзмоншақ емес, цифрлық әлемде қорған болатын цифрлық жоба. Интернет күн санап балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. ЮНИСЕФ ұсынған деректерге сүйенсек, балалардың интернетті қолдану жасы жыл өткен сайын кішірейіп барады. Баланың қиялын оятар, шығармашылығын ұштар мүмкіндік мол болғанымен, интернет оларды қауіп-қатермен бетпе-бет қалдырып отыр. Әсіресе қыз балалар жиі кибербуллинг құрбанына айналады. Осы сын-қатерге тосқауыл болу үшін ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі Еуропалық Одақпен, Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және Peremena.media платформасымен бірлесе отырып, «Кибер Тұмар» атты маңызды жобаны іске қосты. Бұл – балаларға цифрлық қауіпсіздік мәдениетін үйрететін платформа. Мақсат – цифрлық сауатты ұрпақ тәрбиелеу.