
Суретті түсірген – Ғани ӨМІРБЕК
Жалпы, өнерді мемлекеттік деңгейде бағалау, қолдау, насихаттау кейде қарапайым шарттылық болып көрінеді. Десек те ұлттық өнерге деген құрмет ұлт мәдениетінің ұстынын биіктетеді, мәртебесін көтереді. Осы орайда күні кеше мереке қарсаңында Қазақстанның Еңбек Ері атанған ұлттық өнердің майталманы Қайрат Байбосыновқа хабарласып, құттықтап, көңіл күйін сұрап білдік.
«Адамның өмірі осындай жүрегін толқытатын ғажап сәттерден тұрса керек. Кеудеде қуаныш бар. Көп жылғы еңбегім ақталып, мемлекет тарапынан еленіп, жоғары бағаланып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың арқасы. Президенттің алдында да айттым, өнерімізді аспандатып отырған еліме алғыс. Саналы ғұмырымды қара домбыраға арнадым. Өткен өміріме қарасам, осы өнермен талай ел мен жерді аралаппыз. Өзім қасиет деп тұтқан осы жолдан айныған жоқпын. Қазір қандай бір биікте тұрсам, бұл деңгейге ұлтыма деген, ұлтымның өнеріне деген шексіз сүйіспеншілік жеткізіп отыр.
Бұл марапат – маған ғана емес, дәстүрлі ән өнеріне берілген баға. Өскелең жастардың ұлттық өнерге құлшынысы арта берсе екен деп өмір бойы ұстаздық етіп келемін. Одан кейін кезінде маған сахнада қошемет көрсеткен халқыма ризашылығымды айтамын. Сонау Ақан, Біржан, Естай, Үкілі Ыбырай, Дәнеш, бертіндегі Жүсіпбек, Ғарифолла аталарымыздың рухына да тағзым еткім келеді. Бұл марапат – сол кісілердің еңбегі.
Осындай биік марапаттың дәстүрлі өнерге беріліп жатқаны ерекше қуантады. Бұны қоғам да талқылап, ұлттық өнерге жасалған бетбұрысты игі іс деп қабылдап отыр. Шынында да, дәстүрлі өнеріміз әрқашан биік тұруы керек. Дәстүрімізді, салтымызды, құндылығымызды ардақтау – парыз. Қазақтың жыры мен күйі – қазақтың жаны, қаны, жүрегі. Сондықтан біз жүрегімізден айырылмайық», дейді дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі.