
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Бұл — заманауи оқыту стандарттарына сай бірыңғай білім беру кеңістігін құру арқылы елдегі орта білім деңгейін жүйелі түрде арттыруға бағытталған стратегиялық бастама. Жоба қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Министр жобаны іске асырудың мақсаты – элиталық оқу орындарын құру емес, білім беру сапасының жоғары стандарттарын жаппай енгізу екеніне назар аударды. «Жайлы мектеп» әрбір балаға толыққанды дамуға және өз әлеуетін ашуға тең мүмкіндік береді.
«Мектептердің заманауи техникалық жарақтандырылуы XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыруға қолайлы орта жасайды. Бұған аналитикалық ойлау мен IT-құзыреттерден бастап, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерді дамытуға дейінгі бағыттар кіреді. Білім беру моделінің ерекшелігі – теориялық дайындық пен заманауи жабдықталған зертханалар мен шеберханалардағы практикалық жұмыстардың үйлесімді ұштасуында. Мұғалімдер оқушылардың ерекше қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін топтық жобалардан бастап интерактивті әдістерге дейінгі озық педагогикалық тәсілдерді қолданады», деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ министр енді бұл стратегиялық жобаның «Келешек мектептері» деп аталатынын айтты. Министр жоба өңірлік экономиканы бірнеше бағытта ынталандыратынын да атап өтті.
«Біріншіден, мектеп құрылыстарына жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшы бригадалар тартылады, бұл – жаңа жұмыс орындарының құрылуына тікелей әсер етеді. Екіншіден, әр жаңа мектеп педагогтер мен техникалық қызметкерлер үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Жалпы алғанда, еліміз бойынша барлық жаңа мектептерді кадрмен қамтамасыз ету үшін 2026 жылға дейін 30 мыңнан астам жаңа мұғалім қажет болады. Бұдан бөлек, заманауи мектептің ашылуы елді мекеннің тартымдылығын арттырады: өңірге жас мамандар келеді, отбасылар қалаға көшуді азайтады, мектептің айналасында инфрақұрылым дамиды. Жоба мультипликативті әсер береді – бұл тек жұмыспен қамту ғана емес, сонымен қатар өңірлерде адам капиталына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция», деді Оқу-ағарту министрі.